Қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туылғанына биыл 150 жыл толып отыр. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспар жобасын таныстырды. Аталған жоспарда Ахмет Байтұрсынұлының қызметін жан жақты танытуға бағытталған халықаралық, республикалық және аймақтық іс шаралар қамтылған.
Ахмет Байтұрсынұлы қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Өз кезеңінде «Қазақтың Аханы» деген мәртебелі атқа ие болған Ахмет Байтұрсынұлының ұлтына сіңірген ұлаңғайыр еңбегі әр саладан көрінеді. Ол ең бірінші, қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсаған ағартушы, ең алғашқы «Әліппе» оқулығының авторы, екіншіден, қазақтың әлеуметтік өмірінің барлық саласына назар аударған ірі публицист, қоғам қайраткері, үшіншіден, өнер иесі-ақын, қазақтың тілін ғана емес, әдебиетін де зерттеген ғалым және халықтың тез сауаттанып хат тануы үшін араб жазуын реформалап, ұлттық деңгейге көтерген бірегей тұлға.
Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, А.Байтұрсынұлы 20 ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге көтерді. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф. Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалар Байтұрсынұлының тақырыпты, идиялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Ел тағдырының келешегіне алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды.
Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне Қазақстанның көшелері мен мектептері, тіл білімі институты, Қостанай қаласындағы университет аталды және көрнекті қайраткердің мұражай үйі мен ескерткіші ашылды.
Халқының тек азаттығы үшін ғана емес, сонымен қатар мәдениетінің деңгейін көтеру үшін орасан зор қызмет атқарған А.Байтұрсынұлы сынды тұлғалар адамзат тарихында мәнгі есте қалады.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын сүйген, оның жолында небір қиыншылықтарға төзе білген, қазақтың ұлттық ой-өрісін, салауатты әдеби ортасын қалыптастыру жолында аянбай тер төккен, осы жолда бар қауіп-қатерлерді ескерген нағыз зиялы болды.

Қызылорда облысының
мамандандырылған
ауданаралық экономикалық
сотының жетекші маманы
М.Наршаева

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған