Қармақшы ауданы
Қармақшы ауданының әкімі Әділбек Ерсұлтанов Ақжар ауылдық округінде есепті кездесу өткізді. Ақжар ауылы бойынша №28 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп жатса, келер жылға дәрігерлік амбулаторияның құрлысын жүргізу мақұлдануда.
«Ақай» ауылы бойынша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 3 көшеге жол жөндеу жұмыстарының қаржысын бөлу қолдау тауып отыр. Сондай-ақ, «Төретам-Ақай айналма жолына күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін аудандық бюджеттен қаражат қаралып, сметалық құны анықталғаннан кейін қаржыландыруға ұсынылатын болады» – деді Ә.Ерсұлтанов Ақай ауылы тұрғындарымен кездесуде. Бұдан бөлек, елді мекенде абаттандыру, құрылыс салаларында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Аудан әкімі кездесуден соң тұрғындарды жеке қабылдады.
Аудан әкімі кездесуге барған ІІІ Интернационал ауылдық округі бойынша бүгінгі күнге тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны 95 бірлік, оның ішінде жұмыс жасап тұрғандары 89 бірлік. ІІІ Интернационал ауылындағы спорт кешені құрылысының жоба-сметалық құжаттамасын сараптамадан өткізуге аудандық бюджеттен 2,5 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржыландыруға бюджеттік өтінім тапсырылған. Сонымен қатар, «Достық Жер МК» ЖШС демеушілігі есебінен 400 орындық тойхана салу жоспарлануда. Мұның барлығы аудан экономикасын, қала берді облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына тың серпін бермек.
Жосалы халқы егін және мал шаруашылығын дамытуға бет алған. Жеке тұрғындар 40 гектар егін екті. Бұл өз кезегінде көкөніс өнімдерінің нарықтағы бағасын тұрақты ұстап тұруға үлкен сеп болмақ. Халықпен жүздескен аудан әкімі жергілікті жұртшылық үшін жеке қабылдау өткізді.
Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов Төретам кентінің тұрғындарымен кездесуінде жұртшылық көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды. Кент тұрғындарын мазалаған жол мәселесі де шешімін таппақ. Төретам кентіндегі 5 көшені жарықтандыруға қаржы бөлініп, бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қоғамдық қауымдастықпен бірлесе отырып «Төретам кентіндегі кәріз желісінің құрылысы», «Төретам кентінде 4, Ақай ауылынан 2 аяқ су ұңғымаларын орналастыру» жобалары демеушілік есебінен әзірленуде. Аталған жобалар әзірленіп сараптама қорытындылары алынған бойда республикалық бюджеттен қаржы бөлдіру бағытында тиісті жұмыстар атқарылатын болады.
Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов ел алдында есеп беру жиынын аудан орталығы Жосалы кентінде қорытындылады. Биылғы жылы Жосалы кентіндегі өзекті саналатын жол мәселесіне байланысты жүйелі жұмыстар жүргізілмек. Атап айтқанда, Жосалы кентінің 10 топырақты көшесіне орташа жөндеу жұмыстары басталып, үнемделген қаржыға қосымша 6 көшеге және аудандық бюджеттен 2 көшеге жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Одан бөлек Тайшық би көшесінде «Сыр сүлейлері» аллеясын және бұрынғы «Марал баба» мешітінің орналасқан орнына демалыс алаңын салу жұмыстары атқарылуда. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылға жүзеге асыру мақсатында 19 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық сметалық құжаттамалары әзірленіп, бюджеттік өтінім тапсырылды. Сондай – ақ Амангелді көшесіне (тротуар, лоток, аялдама) орташа жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылатын болады.
Одан бөлек оқушыларға білім алуға қолайлы жағдай жасау үшін 3 білім беру ордасына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқанын және Жосалы кентіндегі Шығыс каналына темір бетонды лоток орнату жұмыстары мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы мердігер анықталып, лоток орнату жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Сұрақ-жауап кезінде тұрғындар көше бойындағы жарық шамдардың толық әрі дұрыс жанбауы, жолдарды жөндеу бойынша сұрақтар талқыға түсті. Айтылған мәселелерге орай аудан әкімі тиісті бөлім, мекеме басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Жаңақорған ауданы
Аудан әкімі М.Тілеуімбетовтің осы тоқсанда елмен алғашқы кездесу Көктөбе елді мекенінен басталды. Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы мамыр айындағы кездесуде негізгі көтерілген 3 – 4 мәселе барлық елді мекендерде өте күрделі екендігін атап өтті.
Олар: электр желілерінің ескіргендігі, ауыз су және аяқ сумен қамтылу деңгейінің төмендігі және елді мекендерді газға қосу. Бірінші мәселе барлық елді мекенге ортақ ең үлкен мәселе – электр қуатымен қамту. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 898,9 млн теңге бөлініп, аудан орталығындағы электр желілерін жаңғырту жұмыстары басталды. Жобаның құны 3,4 млрд теңге. Сондай-ақ 9 елді мекеннің (Қандөз, Келінтөбе, Қожакент, М.Нәлібаев, Қыркеңсе, Манап, Құттықожа, Сунақата, Аққорған) электр желісін жаңғыртуға демеушілер есебінен жоба дайындалып, сараптамадан өткізіліп, республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылған.
Аталған жобалар толық іске асқан уақытта қалған елді мекендердің электр желілерін аудан орталығынан ауыстырылатын, жарамды трансформатор, темір – бетон бағандар мен электр желілерін пайдалана отырып, 2 жыл көлемінде шешеміз деген жоспар бар.
Екінші мәселе ауыз сумен қамту. “Талап – Сырдария” топтық су құбырымен ауыз су алатын елді мекендер қазір белгілі бір уақыт аралығында ғана су алады. Себебі Талап бас су кешеніндегі жобаға сәйкес қазылған 8 ұңғыма сағатына 65 текше метр дебитінің орнына небәрі 35 – 40 текше метр су беруде. Яғни, дебиттің жеткіліксіздігінен 27 елді мекенге үздіксіз толыққанды ауыз су жеткізе алмай отыр. Осыған байланысты Су ресурстары комитетінің тапсырысымен қосымша 5 ұңғыманы бұрғылау жұмыстарына 584,3 млн теңгенің жобасы жасалды, келер жылы бұл жұмыс іске асады деп жоспарлануда.
Өткен кездесуде Келінтөбе ауылында ауыз су жүйесімен қамтылмаған үйлер барын және резервуардың қуаты төмен екендігі айтылған болатын. Бірден ЖСҚ әзірлеуге аудандық бюджеттен қаржы бөлінді. Келер жылы сараптаманың оң қорытындысын алып, қаржыландыруға ұсынылады.
Алдағы екі жылда осы топтық су құбырлары бойындағы мәселе шешіледі. Осы жобалардың барлығы толық іске асқанда ауданда орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған тұрғындардың үлесі 100 пайызға жеткізіледі.
Үшінші мәселе аяқ су мәселесі.
Көктөбе ауылдық округі тұсынан «Су тоспасын» салу мәселесі өте өзекті. Мұны облыс әкімі де жақсы біледі, Мемлекет басшысы мен Үкімет басшысына жеткізілген. Бұл жоба су тапшылығына байланысты облыс бойынша республикалық деңгейде атқарылған шаралар барысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің іс-шаралар Жоспарына енгізілген.
Үкімет тарапынан оң шешімін табады деп күтілуде.
Бірақ бұл ұзақ уақыт пен мол қаржыны талап ететіндіктен облыс әкімдігі шұғыл шаралар қабылдауда. Қазіргі таңдаоблыстық табиғиресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Келінтөбе магистральді каналының сағасынан жоғары, ұзындығы 6,2 шақырым болатын канал қазып, Келінтөбе каналына қосуға жобасметалық құжаттар әзірлеп жатыр. Сонда Келінтөбе каналының сағасы қазіргі сағадан 4-5 шақырым жоғары болып, дариядағы су деңгейі төмен болса да каналға келетін су мөлшері азаймайтын болады.
Төртінші мәселе елді мекендерді газдандыру.
Бүгінде аудан орталығы ғана табиғи газға қосылған болатын. Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Бірлік, Қыраш елді мекендерін газдандыру басталды. Жыл соңында екі ауыл тұрғындары көгілдір отынның игілігін көретін болады.
Сонымен қатар Шалқия және Құттықожа, Төменарық елді мекендерін газдандыру жұмысын бастау үшін аудандық бюджеттен әр жобаға 100,0 мың теңгеден қаржы бөліп, мемлекеттік сатып алу шаралары жүргізілуде. Мердігерді анықтап, шарт жасалса облыстық бюджеттен қаржы бөлінген сәтте құрылысы басталады. Кейден, Жайылма елді мекендерін газдандыру жобалары республикалық салалық министрліктерге өткен. Жобаның жалпы құны 3 млрд 918 млн теңге.
Қандөз және Келінтөбе ауыл тұрғындары дәрігер маманның жетіспейтіндігін сөзге тиек етті. Бұл жөнінде аудандық емхананың бас дәрігері Сәкен Үсейнов осы жылдың қыркүйек айында бірнеше ауылдық округтерге дәрігерлер қоныс аударатындығын айтып өтті. Оның ішінде осы Келінтөбе мен Қандөз ауылы да бар.
Әрбір кездесу соңында тұрғындардың жеке мәселелерін тыңдау мақсатында жеке қабылдау өтті. Аудан әкімінің елмен кездесуі әлі жалғасуда.