Талап қоюшы Р. 2012 жылы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобының «толық емес отбасы» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегіне тіркелген.
Талап қоюшы 2021 жылы тұрғылықты мекенжайын ауыстырып, Ақтөбе қаласына тіркелген. Басқа қалаға қоныс аударуына байланысты, Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бұйрығымен талап қоюшы тұрғын үй кезегінен алынып тасталған.
2024 жылы талап қоюшы Қызылорда облысына қайта көшіп келіп, тұрғын үй кезектілігін білу мақсатында тұрғын үй қатынастары бөліміне жүгінгенде, басқа қалаға қоныс аударуына байланысты, тұрғын үй кезегінен алынып тасталғанын білген.
Талап қоюшы Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бұйрығын заңсыз деп тану туралы талап қоюмен жүгініп, онда жалғыз басты ана екенін, Ақтөбе қаласына уақытша қоныс аударып, жұмыс істегенін, қазіргі уақытта Қызылорда қаласына қайта келіп, өгей әкесінің үйіне тіркелгенін, тұрғын үйге мұқтаж екенін көрсетіп, тұрғын үй инспекциясы бөлімін тұрғын үй кезектілігін 2012 жылдан бастап қайта қалпына келтіруді міндеттеуді сұраған.
Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар кәмелетке толғанынан кейін, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін, толық емес отбасылар балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келген, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған қандастар, жесір әйелдер (тұл ер адамдар) балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін тұрғынжайға мұқтаждар есебінен шығарылуға жатпайды.
Сот халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобын тұрғын үймен қамтамасыз ету түріндегі қолдау шараларын орындау азаматтың тұрғылықты жерді таңдау құқығын жүзеге асыруына байланысты болмауы керек деген тұжырымға келді.
Сот шешімімен талап қоюшы Р.-ны кезектен алып тастау туралы бұйрық заңсыз деп танылып, Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімі талап қоюшыны 2012 жылдан бастап халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобының «Толық емес отбасы» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезектілігін қайта қалпына келтіруге міндеттелді.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі