▪️Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы соттарының 2024 жылы атқарған жұмыс қорытындылары бойынша брифинг өткізілді.
▪️Аталған шараға Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж.Бекжанов, азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы С.Жуынтаева, облыстық соттың БАҚ қызметін үйлестіруші-судьясы Ш.Маликова және БАҚ өкілдері қатысты.
▪️Брифинг барысында қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж.Бекжанов 2024 жылы облыс соттарының өндірісіне түскен қылмыстық істердің дерегіне тоқталып, есепті кезеңде барлығы 1004 қылмыстық іс аяқталғанын, оның ішінде 109 қылмыстық іс медиация тәртібімен аяқталғанын атап өтті. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің түсуі барысына да тоқталып, өткен жылы облыс соттарының өндірісіне 20 899 әкімшілік құқық бұзушылық іс түскенін және өткен жылмен салыстырғанда істердің саны көбейгенін жеткізді.
▪️Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы С.Жуынтаева облыс соттарының өндірісіне 22 733 талап қою түскенін, татуласу рәсімдерімен 11251 іс аяқталғанын баяндады. Дегенмен, медиация көмегімен аяқталатын істердің саны азайғанын айта келіп, азаматтарды дауларды өзара келісіммен шешуге шақыра отырып, татуластыру рәсімдерінің тиімділігін атап өтті.
▪️Сонымен қатар, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап елордада үш дербес кассациялық сот жұмыс істейтінін, кассациялық соттарда 2027 жылдың 1 шілдесіне дейін жеке тұлғалар үшін талап қою сомасы 2000 есептік көрсеткішке дейінгі, заңды тұлғалар үшін 30000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі істер қаралатынын, 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап бұл ерекшеліктер алынып тасталып, азаматтық істердің барлығы кассациялық соттарда қарауға жататынын айтып өтті.
▪️Облыстық соттың бұқаралық құралдарымен байланыс жөніндегі үйлестіруші-судьясы Ш.Маликова әкімшілік әділет институтының негізі мақсаты – жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау екенін айта келіп, соттарда қаралатын әкімшілік істердің санаты артқанын, оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы даулардың көбейіп отырғанын, әкімшілік істерді қарау барысында татуластыру рәсімдерімен аяқталған істердің саны өскенін, есепті кезеңде бірінші саты сотында – 126, апелляциялық сатыда – 23 жеке ұйғарым шығарылғанын, бірінші саты сотында – 28, апелляциялық сатыда 8 ақшалай өндіріп алу қолданылғанын атап өтті.
▪️Сонымен қатар, Ш.Маликова облыс соттарының ақпараттық қызметіне тоқталып, 2024 жылы бұқаралық ақпарат құралдарына 2108 мақала жарияланғанын, оның ішінде 420-сы газет-журналдарға, 1688 ақпарат интернет порталға шыққанын, сот залынан 68 шығарылым ұсынылғанын, 23 баспасөз конференциясы өткізілгенін айта келіп, қазіргі таңда «Кесім», «Сот Life» жобалары жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті.
▪️Брифинг барысында спикерлер БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі