Арал аудандық сотының төрағасы Р.Алдамбергенов 2025 жылдың 6 айында сот әділдігін жүзеге асыруда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Шараға жергілікті басылымдардың тілшілері қатысты.
Баспасөз мәслихатында Р.Алдамбергенов 2025 жылдың 6 айында аудандық сотпен атқарылған жұмыстар туралы баяндап, есепті кезеңде 29қылмыстық іс, 577 азаматтық іс, 269 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралғанын, қылмыстық істердің басым көпшілігі есірткі заттармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу, жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу қылмыстары болып табылатынын, ал азаматтық істер бойынша қаралған талап қоюлардың басым көпшілігін некені бұзу, заңдық маңызы бар фактіні анықтау, негізсіз баю сомасын өндіріп алу, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы, сондай-ақ келісім-шарт қатынастарынан туындайтын даулар құрайтынын айтып өтті.
Сонымен қатар, Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі аясында қаралған жария-құқықтық даулар жайында айта келе, жыл басынан бері 7 әкімшілік іс қаралып, тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасасуларымен аяқталғанын тілге тиек етті.
Есепті кезеңде 172 азаматтық істің өндірістен медиация тәртібімен тоқтатылғаны, 4 істің партисипативтік рәсім тәртібімен, 4 істің татуласу келісімдерін жасаумен аяқталғаны, 2024 жылдың 6 айымен салыстырғанда татуластыру рәсімдері қолданылып аяқталған істер санының 68 іске ұлғайғаны айтылды.
Төраға құқық қолдану тәжірибесіндегі соңғы жаңашылдықтарға да тоқталып, «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданылып қаралған істерден де хабардар етті.Сондай-ақ, жуырда кассациялық соттар ашылғанын айтты.
Шара соңында Р.Алдамбергенов журналистердің қойған сауалдарына жауап беріп, сот тәжірибесінен мысалдар келтірді.
Арал аудандық соты