Сыр өңірінің мәлениет саласында тың серпін бар. Оның ішінде қала мәдениетін қалыптастыруда атқарылған шаруа қыруар. Атап айтқанда, елдің рухани деңгейін көтеру, мәдени орта қалыптастыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен ұлттық құндылығымызды дәріптеу бағытында ілкімді істер көп. Бұл жөнінде Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдын Қайруллаевпен сұхбаттасу барысында байқадық.
– Айдын Бөкенбайұлы, соңғы жылдары Қызылорда қаласының мәдени өмірінде айтарлықтай өзгеріс байқалады. Жалпы бүгінгі мәдени саланың даму қарқынын қалай бағалайсыз?
– Қай кезде ле мәдениет саласы қаламыздың рухани тірегі саналады.Соңғы жылдары Қызылорда қаласында да мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бірінші кезекте мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың, жергілікті атқарушы биліктің жүйелі жұмысының және мәдениет қызметкерлерінің кәсіби ізденісінің айқын нәтижесі десем қателеспеймін.
Өздеріңізге белгілі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қалалық деңгейде мәдениет, театр, өнер, кітапхана, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану, мемлекеттік тілді және басқа тілдерді дамытуға бағытталған іс-шараларды жүргізеді. Бұл ретте бөлімге қарасты «Қалалық мәдениет үйі, клубтары және халықтық ұжымдар» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны, «Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесі, шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық мәдени-демалыс паркі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, сол жағалауда орналасқан «Қызылорда қаласының тарихы музейі» коммуналдық қазыналық мемлекеттік кәсіпорны, «Қызылорда қаласының Жастар театры» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны жұмыс жасап, халыққа қызмет көрсетеді.
Бір қуантарлығы кейінгі жылдары қала тұрғындарының түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысу белсенділігі жоғары. Яғни, бұған дейін мәдени шаралар негізінен мерекелік концерттермен шектелсе, қазір оның кеңістігі әлдеқайда кеңейгенін байқауға болады. Бұл тұрғыда театр қойылымдары, әдеби кештер, тарихи-танымдық жобалар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін басқосулар мен жастарға арналған мәдени бастамалардың тұрақты өткізілуі осы сөзімізге айқын дәлел.
Нақты дерекке сүйенер болсам, 2026 жылдың бірінші тоқсанының өзінде қала аумағында 261 мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, оған 92 мыңнан астам көрермен қамтылды. Бұл халықтың рухани дүниеге деген сұранысының жоғары екенін көрсетеді.
Сонымен қатар театр сахнасы мен кітапханаларда жаңа форматтағы қойылымдар мен кездесулер өткізіліп, мәдениет үйлерінде жастардың сұранысына сай жобалар жүзеге асырылып келеді..
– Келесі кезекте мемлекеттік тіл саясатына тоқталсақ. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесін баяндасаңыз.
– Мемлекеттік тіл саясаты өз маңызын ешқашан жоймақ емес. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар әрдайым назарымыздан тыс қалмайды.
Негізінен бөлімге жүктелген басым міндеттің бірі –мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, насихаттау және дамыту бағытында жұмыстар атқару болып табылады. Соның аясында қазіргі таңда Қызылорда қаласы әкімдігіне қарасты барлық мемлекеттік мекемелердің құжат айналымына ай сайын тұрақты мониторинг жүргізіледі. Осы орайда биылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша құжат айналымы 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізілгенін айта кеткім келеді.
Алайда біз ресми көрсеткіштермен шектелмей, тілдің күнделікті қолданыста көрініс табуына да мән беріп отырамыз. Бұл бағытта қоғамдық орындардағы көрнекі ақпараттардың сауатты жазылуы да жоғары маңызға ие.
Бұл ретте 2026 жылдың 1 тоқсанында Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының 21-тармағының талаптарына сәйкестігін зерделеу мақсатында қала орталығындағы жарнамаларды аралап, 59 нысанға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 37 кәсіпкерлік нысанға ескертпе буклеттер таратылды.
Сонымен қатар тіл мәртебесіне қатысты кәсіпкерлермен тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Нәтижесінде қала аумағында орналасқан мейрамханалар мен тамақтану орындарында ас мәзірлерін қазақ тілінде жазу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бүгінде 91 пайызға жуық ас мәзірлері қазақ тіліне көшірілді.
– Қаладағы ономастикалық жұмыстар туралы не айтасыз?
– Жалпы біздің бөлім Қызылорда қаласы әкімдігінің жанынан құрылған қалалық ономастика жұмысшы тобының қызметін үйлестіреді. Негізінен қалада ономастика, яғни, көше атауларын беру бағытында баянды бастама көп. Осы арқылы тарихи жадымызды жаңғыртуға бетбұрыс басым.
Нақты дерекке сүйенсем, Қызылорда қаласы мен ауылдық округтерде 1279 көше бар. Оның ішінде қалада 830 көше және қалаға қарасты ауылдық округтерде 449 көше тіркелген.
Соңғы жылдары кейбір көшелерде ескірген атауларды тарихи тұлғалардың, жер-су атауларының есімдерімен алмастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы арқылы ұрпақтар сабақтастығын сақтап, өскелең ұрпақтың өскен ортасына сый-құрметін арттыруды басты мақсат тұтамыз. Әсіресе, көшелерге елге еңбек сіңірген тұлғалардың есімін беру арқылы олардың өнегелі өмірін кейінгі буынға танытуға жол ашылып отыр.
Осы орайда жуырда республикалық ономастика комиссиясы 48 ардагердің есімін қолдап, бекіту туралы оң қорытынды бергенін ерекше атап өткім келеді. Оның ішінде 17 ардагердің есімі ауылдық округтерден бекітілді. Сонымен қатар республикалық ономастикалық комиссиясымен бекітілген көше аншлагтарын жазу және орналастыру жөніндегі ұсынымға сәйкес қала аумағындағы көшелерге жаңадан көше тақтайшаларын ауыстырып, жаңалау мақсатында қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныс жолданып, бірлесіп жұмыстар атқарылуда. Бұл республикалық ономастика тарапынан Сыр еліне еңбегі ерен тұрлғаларды дәріптеуге жол ашып, тарихи әділеттіліктің айқын көрінісін көрсетіп отыр деп есептеймін.

– Қала аумағында тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселесі қаншалықты маңызды?
– Қоғамда тарихи құндылықтарымызды кеңінен дәріптеу, мәдени мұрамызды насихаттау біздің стратегиялық маңызы бар басым бағыттарымыздың бірі. Өйткені тарихын құрметтемеген халықтың болашағы да баянды болмайды деген тәмсіл бар.
Атап айтсам, бүгінде Қызылорда қаласы аумағында мемлекет қорғауына алынған 85 тарихи-мәдени мұра нысаны бар. Оның ішінде 4-і республикалық, 34-і жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер болса, 47 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.
Сондықтан соңғы жылдары ескерткіштердің құқықтық мәртебесін нақтылау, қорғау аймақтарын белгілеу, күтіп-ұстау жұмыстарын жүйелеу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы арқылы тарихи мұраны сақтап, оны қоғам өміріне тиімді енгізуді мақсат тұтамыз. Ең бастысы, тарихи ескерткіштерді жастардың патриоттық тәрбиесінің маңызды құралына айналдыруды көздейміз.
Ал музей тек экспонаттарды сақтайтын орын емес, ғылыми-ағартушылық орталыққа айналуы тиіс. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның негізінде жастардың музейге келу көрсеткіші артып келеді. Бұл бізді қуантады. Өйткені туған өлкенің тарихын білу – патриотизмнің негізгі бастауы леп түсінеміз.
– Кітапхана саласының бүгінгі жағдайы қандай?
– Қазіргі қоғамда көпшілік арасында «кітапханаға баратын адам азайды» деген пікір бар. Бірақ бұл пікірмен мүлде келіспеймін. Оған қалада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесі толық дәлел.
Нақты уақытта Қызылордада қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 21 кітапхана жұмыс істейді. Оның ішінде 9-қалалық, 8–ауылдық, 2-кенттік және 2 балалар кітапханасы қала тұрғындарына кітапханалық–ақпараттық қызмет көрсетуде. Қала кітапханаларының жалпы кітап қоры 648257 болса, оның ішінде қазақ тіліндегі 265544 кітап сақтаулы.
Қалаға қарасты кітапханаларда атқарылған ауқымды жұмыстар нәтижесінде жылдың алғашқы тоқсанында ғана 79 мыңнан астам келуші тіркеліп отыр. Осы ретте кітапханаларда 167 мыңнан астам кітап оқырманға берілген. Бұл жоғары көрсеткіш деп есептеймін.
Қазіргі уақытта қаламызда кітапхананы мәдени, білім беру және қоғамдық диалог алаңы ретінде қалыптастыру бағытында да атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Осы мақсатта әдеби кештер, ақын-жазушылармен кездесулер, кітап көрмелері, жастар форумдары тұрақты өткізіледі.
Ең бастысы, бүгінгі кітапханалар цифрлық технологияларды да белсенді пайдаланып отыр. Бұл бірінші кезекте жас оқырмандарды кітапханаға тартып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға үлкен сеп болып тұр.
– Сыр шаһарында үш жыл шеңберінде Жастар театры құрылып, құнды қойылымдарымен көрермен көзайымына айналып жүр. Жалпы бұл театр мәдени ортаға қандай өзгеріс әкелді?
– Жастар театрының ашылуы қала мәдениетіндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде қабылданды. Әлі күнге дейін талантты жастардан құрылған театр тың қойылымдарымен көрермендерін қуантып келеді. Халық тарапынан театрға деген қолдау да ерекше. Оны әрбір қойылым сәтінде залда ине шаншар орын болмай, көрермендердің ыстық ықыластарымен риясыз қолдау білдіріп жатқанынан аңғаруға болады. Әсіресе театр ұжымы тарапынан әрдайым жас көрерменге жақын тақырыптарды көтеруге, заманауи драматургияны дамытуға басымдық беріліп келеді.
Жалпы театр құрылған аз уақыт ішінде өзінің тұрақты көрерменін қалыптастыра алды. Сөзімізге дәлел ретінде айтар болсам, бірінші тоқсанның өзінде 16 қойылым сахналанып, екі мыңнан астам көрермен қамтылды. Соның ішінде әсіресе, Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», «Еңлік-Кебек» трагедиясы және өзге де жаңа қойылымдар көрермен тарапынан жоғары бағаланды.
Негізінен театрдың басты жетістігі – жастарды өнерге жақындатуға ықпал жасау деген түсінік бар. Өз кезегінде Жастар театры бұл миссияны мүлтіксіз орындап келелі.
– Қазіргі жастардың мәдени талғамына қандай баға бересіз?
– Әрине, уақыт көшіне ілесіп, жастардың қызығушылығы да өзгеріп келеді. Қазіргі жас буын өкілдерінің талғамы да, табиғаты да көш ілгері.
Бәрімізге белгілі, бүгінгі жастар әлеуметтік желілермен, цифрлық платформалармен тығыз байланыста өмір сүреді. Сондықтан мәдени мекемелер де заман талабына бейімделуге бетбұрыс жасап келеді. Оның ішінде жаңа форматтарды пайдалана отырып, дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттауды назарға аламыз. Осы мақсатта көптеген жобалар қолға алынуда.
Жалпы Қызылорда – тарихи тағылымы терең өңір.Алаштың ізі қалған, қазақ елінің алғашқы астанасы, жыраулар мен шайырлардың, өнер мен руханияттың ордасына айналған қасиетті мекен. Сондықтан ұлттық өнерді, тарихи тұлғаларды, Сыр мәдениетін кеңінен насихаттау арқылы өңірдің мәдени келбетін қалыптастырубағытында жүйелі жұмыстар жалғаса беретін болады.
– Алдағы жылдардағы басты мақсаттарыңыз қандай?
– Алдағы кезеңде атқарылар жұмыстардың ауқымы кең. Соның ішінде бірнеше басым бағытқа назар аударуды жоспарлап отырмыз.
Атап айтсам, алдымен мәдени инфрақұрылымды дамыту назарда тұр. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен тарихи-мәдени мұраларды сақтау және насихаттау жұмысын жетілдіру де жоспарда бар. Бұған қоса жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау, мәдениет саласын цифрландыру және заманауи технологияларды енгізуге де басымдық берілетін болады.
Осы арқылы Қызылорданың мәдени кеңістігін одан әрі дамыту және тұрғындардың рухани сұранысын толыққанды қамтамасыз етуді көздеп отырмыз.
– Сұхбат соңында қала тұрғындарына қандай тілек айтар едіңіз?
– Мәдени орта қалыптастыру – баршамызға ортақ құндылық деп айтамын. Сондықтан әрбір тұрғынды мәдени өмірге белсенді қатысуға, сонымен қатар театрға баруға, кітап оқуға, музейлерді аралап, ұлттық өнерді қолдауға шақырамын.Әсіресе, балаларымызды ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бейімдеп, мәдени-көпшілік шараларға жиі тартуымыз керек.Сонда ғана рухани бай қоғам қалыптастыруға өз ықпаоымызды тигізетін боламыз.
– Сұхбатыңызға рахмет! Қызылорданың мәдениеті өркендеп, руханиятымыз баии түссін!
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ