Денсаулықтан қымбат байлық жоқ. Қазақтың данагөй қариялары бірінші байлыққа балаған денсаулықтың қадірі артып-ақ тұр. Сол себептен биыл Қызылорда облысының медицина саласына қажетті жаңа нысандар салуға, білікті мамандарды жұмысқа тартуға баса мән беріліп отыр.
Дәрігер – адам жаны мен тәнінің шипагері. Ақ халат кию мойныңа қаншама жауапкершілік жүктейді. Бұл жерде жүрек тазалығы мен мейірімділік аса қажет. Егер бойыңда осындай жақсы қасиеттер болмаса, мамандықты дұрыс таңдамасаң, көңілің ақ, жүрегің мейірім мен шуаққа толы болмаса, қанша жерден бұл мамандықты игергеніңмен, жоғары жетістік пен сәттілікке жете алмайсың. Медицина туралы, емхана жайлы қаламыздағы № 3 емхананың бас дәрігері Жаннат Қожариповамен сұхбаттасқан едік.
– Жаннат Шайхисламқызы, сіз №3-ші қалалық емхана бас дәрігері қызметіне келгеніңізге көп бола қойған жоқ. Осы қызметке келгелі тікелей басшылығыңызбен қандай жұмыстар атқарылды? №3-ші емханананың жағдайына тоқталсаңыз.
– №3 қалалық емханаға тағайындалып осы ұжымда жұмыс жасағаныма 1,5 жыл болды. 1,5 жылда емханада жаңа аппараттармен толықтырылды. №3 қалалық емхананың құрылымдық бөлімі жаңа көлемі кең ғимаратқа ауыстырылып халық санының көбеюіне байланысты жаңадан бір аймақ (31 участок) ашылды. Емханамыз осы жылдан бастап тар буынды мамандармен толықтырылды, атап айтсақ емханада ересектер ревматолог дәрігері, балалар кардиолог дәрігері, балалар хирургі және УЗИ дәрігерлерімен толықтырылды.
– Емханада халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру мәселесі бойынша қандай жұмыстар атқарылып келеді?
– Медициналық қызмет көрсету сапасын басқару жүйесін жетілдіру мақсатында және емделушінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін емханада Емделушіні қолдау және ішкі аудит қызметтері, сондай-ақ, ішкі Call-орталық телефоны (тел.:8 708 440 95 77) 24/7 жұмыс жасауда. Олар шағымдарды дереу тексеру және кемшіліктердің алдын алу ұстанымы бойынша жұмыс істейді. Медицина ұйымы әкімшілігі тарапынан мәселені ішешуде «Осында және осы мезетте» қағидасы қолданылуда.
– Бүгінде заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтары мен цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтсаңыз…
– Заман талабына сай емханамызда «Кешенді медициналық ақпараттық жүйе» бағдарламасымен жұмыс жүргізіледі. Damumed мобильді қосымшасы жұмыс жасауда . Бүгінде емханалар ұсынған әрбір электронды қызметті ыңғайлы және тез алуға мүмкіндік туды. Өйткені, аталған бағдарлама бойынша үйден шықпай-ақ түрлі ақпаратқа қол жеткізуге болады. Оның басты мақсаты – медицина қызметін халыққа тиімді ету. Мәселен, бұл арқылы үйде немесе жұмыс орнында отырып, дәрігер қабылдауына жазыласың. Ол үшін «Дәрігерге жазылу» батырмасын басу қажет. Айта кету керек, оны пайдаланушы қабылдау күні мен уақытын өзінің таңдауына мүмкіндігі бар.«DamuMed» ұялы қосымшасына телефон нөмірі мен жеке куәліктің ЖСН нөмірін теру арқылы тіркеледі. Ал, оған кіре алмаған жағдайда телефон нөмірін қосуға өтінім береді. Ол үшін ЖСН нөмірі бар жеке куәліктің фотосуретін түсіріп жіберу керек. Себебі, құжаттың суреті жеке тұлғаны растау үшін және медициналық ақпаратты басқа адамдардан қорғау мақсатында талап етіледі. Өтінішті медициналық ұйым қызметкерлері қабылдап, ұялы телефонға SMS хат арқылы код жолдайды. Бұл бағдарлама бойынша әрбір адам өзін немесе отбасы мүшелерін дәрігерге қаралуына жазып, дәрігерді үйге шақыруға болады.
– Бүгінде мемлекеттік емханалар мен жекеменшік емханалар халыққа ақылы қызмет көрсетуде. Ал, қарапайым қала тұрғындары мемлекет тарапынан кепілдік берілетін тегін медициналық көмектің көлемін біле бермейді. Сондықтан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және оған қолжетімділік жайы туралы айтып өтсеңіз.
– Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі – бұл Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға ұсынылатын медициналық қызметтер тізбесі бойынша бірыңғай медициналық көмектің көлемі. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандарға ұсынылады және профилактикалық, диагностика және емдік медициналық қызметтерді қамтиды. Оның ішінде емдік қызмет туралы бөле-жара айтатын болсақ, емдік қызметтер: жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуді, денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес емдеу шараларын қолдану белгілі бір сырқаты бар азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті дәрілік заттармен және амбулаториялық деңгейде арнайы емдік өнімдермен қамтамасыз етуді қамтиды.
– Сіздерді адам жанының арашасы деп жатамыз. Гиппократ антына адал да білікті кадр мамандар тапшылығы қалай шешілуде?
– Емханамызда дәрігерлермен қамтылу 76%, орта медицина қызметкерлері 100% қамтамасыз етілген. Дәрігер – адам жанының арашасы, жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең ізгі, ең қастерлі мамандықтың иесі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға көп көңіл бөліп отыр. Сондықтан медицина саласының ілгері дами түсуі дәрігерлердің білімі мен тәжірибесінің үздіксіз дамуына тікелей байланысты. Олардың кәсібилігі, антқа адалдығы мен жылы жүрегі адамның тәнін ғана емес, жанын да емдейді. Қазақстанда медицина мамандарының мәртебесі мен беделі жоғары болу үшін соңғы жылдары барлық жағдай жасалуда. Мемлекет денсаулық сақтау саласына әрдайым айрықша көңіл бөлуде. Көптеген заманауи емдеу орындарының салынуы, білікті мамандарды даярлауға бөлінетін грант санының көбеюі, осы сала қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетілуі — соның айқын дәлелі.
– Сізді бүгінгі күні медицина саласында қандай мәселе толғандырады?
– «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған. Бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша, мемлекет бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасайды. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады. Сонымен қатар, телемедицина бағытын дамытамыз. Сол арқылы шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады. Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында осылай деді. Осы бағытта жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асатын болса медицина саласында көпті толғандырып жүрген бірқатар мәселенің түйіні тарқатылмақ.
– Медицина саласына қандай өзгерістер қажет деп ойлайсыз?
– Цифрландыру ашықтықты жолға қойды. Ал медицинаны цифрландыру осы саладағы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік беруде. «Цифрландыру жүйесінде міндетті әлеуметтік сақтандыру (МӘМС) бойынша екі бағыт бар. Біріншісі – ішкі бағыт, екіншісі – сыртқы бағыт. Ішкі бағыт бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының барлық жұмысы халыққа ашық, электронды түрде жүзеге асуда. Яғни қанша қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын толық бақылауға болады. Екінші бағыт – азаматтармен қарым-қатынас. Азаматтардың медициналық деректерін бір жүйеде сақтауды Президент Жолдауында тапсырған еді. Денсаулық сақтау саласын мейлінше жеңілдетіп, халыққа барынша пайдалы ету үшін жан-жақты шаралар қабылданып жатыр. Ең алдымен, медициналық қызметтердің сапасын арттыру электронды денсаулық сақтауды дамытуды және қағазсыз жұмыс процесіне көшуді талап етеді. Бұрынғыдай том-том медициналық картаны құшақтап, әр ауырған сайын сағаттап ауру тарихын айтатын жағдайдан алыстағанымыз рас. Ал алдағы уақытта цифрландыру басың ауырып, балтырың сыздамай тұрып сырқаттың алдын алатын деңгейге жеткізбек. Менің ойымша осы бағытта жұмыстар әлі де жүйелеуді талап етеді.
Дәрігер деген мен үшін ең құрметті атақ. Мансап, қызметтен жоғары адамгершілік, адалдық деген ұғым бар. Өмір жолымда мені жетелеп келген ата-анамнан берілген осынау ұғымдар. Дәрігер болу үшін тер төгіп, тәуліктің 24 сағатында да жаныңды аямай, ұйқысыз түнді өткіздік. Басқа мамандық иелері жұмыс орнынан шыққанда бүкіл жұмыс барысындағы күйзелісті жұмыс бөлмесіне тастап кетеді. Ал біз, біздің әріптестеріміз жұмыстың проблемасын үйге алып келіп, науқасты үйде де уайымдап, жаның жай таппай қиналасың. Бізде сенбі, жексенбі деген болмайды. Аяқ астынан шақыру түссе түн мезгілінде шақыртуға барып, үздіксіз жұмыс істеп, әскерилер секілді қырағылық көрсетеміз. Оның үстіне маған еңбек жолымда жауапкершілік артып, түрлі қызметтің тұтқасын ұстатты. Халық алдындағы жауапкершілік, ұжым алдындағы абырой үнемі маған қажымас қайрат, талмас қанат береді. Осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Себебі мен өз мамандығымды шексіз сүйемін. Сондықтан барлық ауыртпалық пен қиындығын мойымай көтеремін, – деп өз сөзін түйіндеді бас дәрігер.
– Сұхбатыңызға рақмет!
P.S. Ауруы жанына батып жабырқап келген жандарға тиісті көмек көрсетіп, емдерімен де, жылы сөздерімен де жәрдем бере білетін ақ халатты абзал жандардың еңбегі орасан зор. Ел игілігіне қызмет етіп, алғыс арқалаған ақхалаттылардың мерейі қашанда биік болмақ.
Сұхбаттасқан Мұхаммедшах МаратұЛЫ