XXI ғасырдағы мыңдаған адам ажал құшқан жойқын жер сілкіністері:

ИРАН, 2003 жыл. 2003 жылы 26 желтоқсанда Иранның оңтүстік- шығысындағы Бам қаласында ірі жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуі таңғы алтылар шамасында тіркелген. Зілзала магнитудасы 6,7 балл болған.

Тарихи қаланың балшықтан соғылған үйлері жермен-жексен болды. 35 мыңға жуық адам үйінді астында қалып қаза тапты. Тағы 22 мыңнан астамы жарақат алды.

ҮНДІ МҰХИТЫ, 2004 жыл. Үнді мұхитында магнитудасы 9,3 баллға дейін жер сілкінісі тіркелген. Ошағы Индозенияның Суматра аралынан батысқа қарай 160 шақырымда, 30 шақырым тереңдікте болған.

Жойқын жер сілкінісінен кейін Индонезия, Таиланд, Шри-ланка, Үндістанның оңтүстігі мен Африканың шығыс жағалауында биіктігі 10 метрге дейін цунами көтерілген.

Табиғи апат 300 мыңға жуық адамның өмірін қиды, 2,2 миллионға жуық тұрғын зардап шекті.

Түрлі бағалаулар бойынша, дүлей зілзала мен цунами салдарынан Таиландқа 5 млрд доллар, Индонезияға 4,5 млрд доллар, Үндістанға 1,6 млрд доллар, Мальдив аралдарына1,3 млрд доллар экономикалық шығын келген.

ПӘКІСТАН, 2005 жыл. Адам шығынына әкеп соққан жер сілкінісі 2005 жылы 8 қазанда Оңтүстік Азияда – Пәкістан, Үндістан және Ауғанстанда қайталанды. Магнитудасы 7,6 құрады. Эпицентрі Пәкістан астанасы Исламабадтан солтүстік-шығысқа қарай 105 шақырымда орналасқан.

Бұл соңғы 100 жылдағы Оңтүстік Азиядағы ең жойқын зілзала болды. Апат салдарынан 100 шақырым жер жарылып, жол бойындағы барлық ғимарат опырылып түскен. Жерасты дүмпулері, тіпті, Қытайда, Тәжікстан және Қазақстанда да сезілген.

Жер сілкінісінен Пәкістанда 86 мыңға жуық адам құрбан болды, 69 мыңнан астамы жарақат алды. Бұдан бөлек, 32 мыңнан аса ғимарат қирады.

Үндістанда 1 350 адам ажал құшты, 6 266 адам зардап шекті. 4 миллионнан аса тұрғын баспанасыз қалды.

ҚЫТАЙ, 2008 жыл. 12 мамырда Қытайдың Сычуань провинциясында жер сілкінді. Зілзала магнитудасы 7,9 балл, ошағы Чэнду қаласынан солтүстік-батысқа қарай 80 шақырым жердегі Вэньчуань уезінде болды.

Бейжің мен Шанхайда да жер сілкінген, қос қалада кеңсе ғимараттарынан қызметкерлер эвакуацияланды. Жерасты дүмпулерін Үндістан, Пәкістан, Таиланд, Вьетнам, Бангладеш, Непал, Моңғолия мен Ресей халқы да сезінген.

Дүлей зілзала салдарынан 87 578 адам мерт болды, 370 мыңнан астамы жарақат алды. 15 млн адам үйлерін тастап қашуға мәжбүр болды, 5 миллионнан астамы үйсіз қалды.

10 провинцияда жер сілкінісінен барлығы 45,5 млн адам зардап шеккен. 5,36 млн ғимарат толығымен қирады, 21 миллионнан астамына зақым келді. Табиғи апат 86 млрд доллар экономикалық шығын келтірді.

ГАИТИ, 2010 жыл. 2010 жылы 12 қаңтарда Гаити астанасы Порт-о- Пренсте екі қуатты жерасты дүмпулері тіркелді. Магнитудасы 7 және 5,9 баллды құрады. Жер сілкінісінің ошағы 30 шақырым тереңдікте, астанадан оңтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жерде болған.

Жерасты дүмпулері бір тәулікте Порт-о-Пренс қаласын 30 рет сілкіп өткен. Алғашқы ең қатты соққы кешке тіркелген, дүмпулер түні бойы жалғасқан.

Әртүрлі бағалаулар бойынша, зілзаладан 220 мыңнан 300 мыңға дейін адам құрбан болды. Үш миллионға тарта адам жапа шекті. Сондай-ақ 250 мың үй опырылып құлады.

Табиғи апат Гаитидің инфрақұрылымына орасан зор зиян келтіріп, телефон байланысы мен электр энергиясы өшкен. Президент сарайы, парламент, министрлік ғимараты, БҰҰ штаб-пәтері қираған. Мектептер мен ауруханалар үйіндіге айналған.

Дүлей зілзаладан, әсіресе, Гаити астанасы қатты зардап шекті. Қаладағы ғимараттардың тең жартысы қирады, әуежай терминалы мен диспетчерлік мұнара құлады.

Елдің экономикалық шығыны 7,9 млрд доллар болған.

ЖАПОНИЯ, 2011 жыл. 2011 жылдың көктемінде Жапония халқы да жойқын зілзаланың куәсі болды. Елдің орталық және солтүстік- шығысында магнитудасы 9 баллдық жер сілкінді. Ошағы Тынық мұхитының түбінде 10 шақырым тереңдікте, Сендай портынан шығысқа қарай 130 шақырымда тіркелген.

Жер сілкінісінің арты алапат цунамиге ұласқан.

Табиғи апаттан кемінде 19 759 адам қаза тапты, тағы 6 242 адам жараланды, 2553 адам із-түссіз жоғалды.

Бұған қоса, цунамиден «Фукусима-1» атом электр станциясында апат болды, ауаға радиация тарады. Шығын 300 млрд долларға бағаланды.

НЕПАЛ, 2015 жыл. Осы жылы 25 сәуірде Непалдың орталық бөлігінде жер сілкінген. Магнитудасы 7,9 баллды құраған. Апат салдарынан 500 мыңнан астам тұрғын үй қирап, 269 мыңдай ғимарат зақымдалған.

Зілзаладан 8 964 адам ажал құшып, 17,5 мың адам ауруханаға түскен.

Жерасты дүмпулерінен Эверест тауында қар көшкіні жүрген: 24 альпинист қаза тапқан. Непал астанасы Катмандуда 1824-1832 жылдары бой көтерген тарихи Дхарахара мұнарасы құлаған.

Дүмпулер, сондай-ақ Үндістан астанасы мен оның шығыс, солтүстік және солтүстік-шығыс штаттарында да сезілген. Бұл аймақта 60-тан аса адам көз жұмды, 250 адам жапа шеккен.

Толық ақпарат «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған