• Ауданның 35 елді мекенінің барлығы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Дегенмен, кентке жаңадан қосылған шағын аудандарда халық саны жыл санап артып келеді. Сондықтан жаңа қоныстарға ауыз су жеткізу үшін қосымша сорғы станциясын салу қажет. МАИ бекеті шағын ауданына су тарату станциясы және қосылу тармағын салудың жоба-сметалық құжаттамасын аудандық бюджет есебінен жасауға 29,9 млн. теңге қаржы жоспарланған. Жоба жүзеге асқанда 2 мыңға жуық тұрғын үйге таза ауыз су барады.

 • Ауданда электр тарату жүйелерінің тозу көрсеткіші 80 пайызға жеткен. 2022-2023 жылдары 19 жоба-сметалық құжат демеушілер есебінен әзірленді. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен 2 млрд. 386,8 млн. теңге бөлініп, Сүттіқұдық, Бірлік, Жаңарық, Қандөз, Құттықожа, Манап, Әбдіғаппар, Сунақата, М.Нәлібаев елді мекендерінде электр жүйелерін жаңғырту жұмыстары басталады. Сондай-ақ, 7 елді мекеннің (Өзгент, Ақсуат, Аққорған, Қаратөбе, Екпінді, Қожамберді, Қосүйеңкі) жобалары дайын. Демеушілер есебінен тағы 5 елді мекеннің (Аққұм, Төменарық, Бесарық, Кеңес, Көктөбе) электр желілерін жаңғыртуға жоба-сметалық құжат жасау 2024-2025 жылдарға жоспарланған.

• Бүгінде Жаңақорған кентінен тұрғын үй салу үшін жер учаскесінің кезегіне 10 мыңнан астам азамат тіркелген. Кезекті азайту үшін бас жоспарға сәйкес, кенттің солтүстік батыс беткейіндегі 300 гектар болатын «Саяжай-1» аумағына инженерлік инфрақұрылым жеткізу жобасы әзірленді.

• Газдандыру – кезек күттірмейтін мәселе. Жоспарға сәйкес елді мекендерге табиғи газ жеткізу 3 АГТС арқылы жүргізіледі. Жоба іске асқанда 1893 тұрғын үй, 12 мыңға жуық халық, көптеген әлеуметтік нысан «көгілдір отынмен» қамтылады.

• «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Жаңақорған кенті «Саяжай» шағын ауданындағы 600 орындық және Жаңарық елді мекеніндегі 300 орындық мектептер жыл аяғына дейін табысталады.

• Төменарық ауылында дәрігерлік амбулаториясымен қоса, 15 төсектік ауылдық аурухана құрылысы салынуда.

Әкім бағасы:

Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев:

– Жаңақорған ауданының өсу динамикасы тұрақты сақталып, негізгі капиталға салынған инвестициялар 60,5 млрд. теңгені құрады. Бюджет қаражатының 98,9%- ы игерілген, 261,1 млн. теңге мемлекеттік сатып алудан үнемделген. Ауданның өз кірісі 2022 жылы 3 млрд. теңге болса, 2023 жылы 3,8 млрд. теңгеге өскен. Бұл көрсеткіш алда әлі де ауқымды жұмыстар бар екенін байқатады.

Аудан қаржысы:

Жаңақорған ауданының 2024 жылғы бюджеті 16,1 млрд. теңге болып бекітілді. Оның ішінде, республикалық бюджеттен 5,4 млрд., облыстық бюджеттен 1,2 млрд., субвенция 4,9 млрд., ауданның өз кірісі – 3,8 млрд. теңге.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдараламасы аясында 884 млн теңгеге 2 жоба жоспарланған. Келінтөбе ауылдық округіндегі спорт кешені және Екпінді ауылдық округіндегі 100 орындық клуб құрылысы, 1,7 млрд теңгеге «Руханият орталығын» салу жоспарланған.

Байкенже ауылында құны 842,7 млн теңге болатын 150 орындық мектеп биыл пайдалануға берілмек. Кентте 200 орындық Оқушылар үйі және 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде.

Облыс әкімі тапсырмасы:

Аудандағы коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту және қоғамдық көліктерді көбейту, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге қолайлы жағдай жасау қажеттігін ескертті. Жастар арасындағы топтық төбелестің алдын-алу үшін түнгі рейдтерді күшейтіп, ата-аналарға заң аясында түсіндірме жүргізу тапсырылды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған