Елімізде жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы бар. Өз еркімен қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан ақшалай қолдау шаралары беріледі.
Қоныс аударушылар мен қандас тарды қабылдаудың өңірлік квотасы шеңберінде және бір облыс шегінде ерікті түрде қоныс аударуға болады.
Бұл бағдарлама бойынша қоныс аударушылар Астана қаласы, Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Алматы облысы, Жамбыл облысы, Жетісу облысы, Қызылорда облысы, Маңғыстау облысы, Түркістан облыстарының бірінде жыл бойы тұрғылықты тіркелген болуы міндетті.
Қай аймаққа қоныс аударуға болады дегенде Абай облысы, Ақмола облысы, Қарағанды облысы, Қостанай облысы, Павлодар облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ұлытау облысы, Шығыс Қазақстан облыстарына көшуге болады.
2025 жылға 9 653 адамға квота бөлінген.
Қандастар үшін Павлодар облысына 1 056 адам; Ақмола облысына 285 адам; Шығыс Қазақстан облысына 269 адам; Абай облысына 244 адам; Солтүстік Қазақстан облысына 175 адам; Қостанай облысына 150 адам; Атырау облысына 100 адам; Батыс Қазақстан облысына 30 адамға квота бөлінген.
Қоныс аударушылар үшін Павлодар облысына 3 050 адам; Солтүстік Қазақстан облысына 2 969 адам; Қостанай облысына 535 адам; Шығыс Қазақстан облысына 372 адам; Абай облысына 255 адам; Ұлытау облысына 125 адам; Қарағанды облысына 38 адамға квота бар.
Қоныс аударушыларға қандай көмек беріледі дейтін болсақ, басқа өңірге ерікті түрде көшіп барған адамға субсидиядан бастап оқытуға дейінгі шаралар қарастырылған.
Бірінші қоныс аударуға субсидия беріледі;
Екінші үйді жалдау және коммуналдық шығындар өтеледі;
қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға қатысуға болады;
жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлік бастама жасауға жәрдем беріледі;
тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттары беріледі.
Ерікті түрде қоныс аудару бойынша мемлекеттік қолдау шаралары бір рет беріледі. Үйді жақын туыстары мен жұбайларынан жалға алуға жол берілмейді.
Материалдық көмек қанша деген сұрақ көп жұртты мазалайды.
Қоныс аударушыларға отбасы жағдайына қарамастан әрбір адамға 70 АЕК (275 240 теңге) мөлшерінде бір реттік материалдық көмек төленеді. Бұл көмек көшіп келгеннен кейін беріледі. Мысалы, 4 адамнан тұратын отбасы қоныс аударғаны үшін 1 100 960 теңге ала алады.
Одан кейін үй жалдау және коммуналдық шығындарды өтеуге бір жыл бойы ай сайын ақы төленеді. Қалалық жерлерге қоныс аударғандарға:
бір адам үшін – 20 АЕК, яғни 78 640 теңге;
отбасында 2-4 адам болса – 25 АЕК, яғни 98 300 теңге;
отбасында бес және одан көп адам болса – 30 АЕК, яғни 117 960 теңге төленеді.
Ауылдық жерлерге көшіп келгендерге бір адамға 15 АЕК, яғни 58 980 теңге;
отбасында 2-4 адам болса – 18 АЕК, яғни 70 776 теңге;
отбасында бес және одан көп адам болса – 21 АЕК, яғни 82 572 теңге.
Әкімдік, не жұмыс беруші қаражаты есебінен үй жалға берілсе, онда жалдау және коммуналдық қызметтер ақысы төленбейді.
Қоныс аудару үшін мансап орталықтарына немесе ХҚКО-ға барып өтініш беру қажет. Өтінішке қоса отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
неке немесе некені бұзу туралы куәліктің көшірмесі;
білімін, біліктілігін, жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың не еңбек кітапшасының көшірмелері немесе жұмыс орнынан анықтама өткізіледі.
Мансап орталықтары үш жұмыс күні ішінде үміткерді жаңа тұрғылықты жерде қабылдауға дайын екендігі туралы хабардар етеді. Қоныс аударушылар сол өңірге өз бетінше көшіп келуі қажет. Қоныстанған өңірдің мансап орталығы бес жұмыс күні ішінде әлеуметтік келісімшарт жобасын дайындап, қол қою үшін еңбек мобильділігі орталығына жібереді. Еңбек мобильділігі орталығы екі жұмыс күні ішінде қол қойып, келісімшартты мансап орталығына қайтарады. Содан соң қоныс аударушымен келісімшарт жасалады.
Ал материалдық көмек алу үшін мансап орталығына барып өтініш жазу қажет.
Сұрақтар болса enbek.kz сайтында кеңес алуға өтініш беруге болады. Сайттағы картадан өңірді таңдап, қоныс аударатын елдімекендермен алдын ала танысуға болады.
Тұрғын үй сертификаты, немесе экономикалық мобильділік сертификаты қандастарға немесе қоныс аударушыларға қабылдау өңіріндегі тұрақты тұратын елді мекенде баспана салуға немесе сатып алуға, ипотека алу үшін бастапқы жарнаны төлеуге беріледі. Сертификат сомасы баспана құнының жартысына тең, бірақ 1 160 АЕК-тен (2025 жылы – 4 млн. 561 мың теңге) аспайды. Оны жалғызбасты отбасылар, жетімдерге, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының түлектеріне, жұмыстан қысқартылған адамдар ала алады. Сертификат өтеусіз және қайтарымсыз негізде бір рет беріледі.
Үйді жұбайынан және өзінің жақын туыстарынан алуға болмайды және бес жыл ішінде сатуға болмайды.
Жалға алған үйді көпшілік жұрт өз атына аударып алғысы келеді.
Жалға алу шарты 20 жыл мерзімге жасалады. Әлеуметтік келісімшарт шарттары сақталғанда, бес жыл тұру мерзімі аяқталған соң:
сатып алынған кездегі тұрғын үйдің баланстық құнынан қалған соманы бірден төлесе;
қалған соманы 15 жыл ішінде тең үлестермен енгізсе үйді жекешелендіре алады.
Нақты тұрған кезде төленген жалға алу ақысы тұрғын үй құнының есебіне қосылады. 20 жыл біткен соң тұрғын үйді жекешелендіру шарттарынан бас тартса жалға алу шарты ұзартылады.
Қоныс аударушының үйі болса, соның ішінде экономикалық мобильділік сертификаты бойынша баспана сатып алса; жалға алып отырған үйден шығарылса; басқа өңірге кетсе; жалдау шартында көрсетілген мекенжайда тұрмайтын болып шықса; жалға берілетін баспананы басқаға жалға берсе; бұрмаланған және жалған мәліметтер берілсе жалға алу және коммуналдық шығындарды өтеу тоқтатылады.
Қандас немесе қоныс аударушы қайтыс болса төлем өңірлік квотаға енгізілген басқа отбасы мүшелеріне өтеді.
Жатақханадан 35 жасқа дейінгі еңбекші жастарға, соның ішінде жетімдерге жастарға арналған жатақхадан 10 жылға бөлме беріледі. Ол үшін қолданыстағы еңбек шарты немесе әлеуметтік келісімшарты, жылжымайтын мүлкі жоқтығы туралы анықтама, екінші деңгейлі банкта шот ашу туралы анықтама болуы қажет. Бөлмені жекешелендіруге болмайды. Жалдау шарты бес жылдан аспайтын мерзімге бір рет ұзартылады.