Қытай біз үшін бөтен емес. Ресми деректер бойынша Қытай – Қызылорда облысының ең ірі сауда серіктесі, шамамен өңірдің сыртқы сауда көлемінің 60%-ын Қытай құрайды. Ол жаққа бізден мұнай өнімдері, майлы дақылдардың тұқымы, балық өнімдері және өңделмеген аллюминий барады. Ал ол жақтан бізге машиналар, жабдықтар, полимерлер және құрылыс материалдары көп келеді.
Сондай-ақ аймақта 15 мұнай өндіруші компания жұмыс істеп жатса, соның 8-і қытайлық кәсіпорындар. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен пайдалануға берілген, тұрақты жұмыс істейтін ірі индустриялық жобалар да бар. Осыдан 7 жыл бұрын, 2018-ші жылдың желтоқсанында “Чайна Гежуба” компаниясымен бірге жалпы құны 137,8 млн. АҚШ доллары тұратын, жылына 1 млн. тонна цемент өндіретін қуаты бар зауыт іске қосылды.
2022-ші жылдың қазан айында “Чайна Гласс” компаниясы арқылы құны 90,4 млн. АҚШ доллары тұратын, жылына 197 мың тонна табақша шыны шығаратын шыны зауыты іске қосылды. Айта кету керек бұл да Қазақстандағы шыны шығаратын алғашқы зауыт Қызылорда қаласында ашылды. Қазір зауыт өнімінің 30%-ы ішкі нарықты қамтамасыз етсе, қалғаны Ресей, Өзбек, Қырғыз, Тәжік елдеріне және Грузияға экспортталады.
Аймақтың жер асты байлығының қайнар көзінің молдығына орай Мемлекет басшысы тапсырып отырғандай шеттен инвестиция тарту мүмкіндігі де бар. Жалпы сырттан келген қаржы жаңа технология, жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орны, таза табыс көзі екені анық. Содан да болар өткен жылдың соңы мен биылғы жылдың басында аймақ басшысы Н.Нәлібаев бастаған облыс делегациясы бірқатар шетелде ресми сапармен болды.
Биылғы жылдың ақпанының соңғы күндерінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірінің делегациясы Қытайға жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында ауыл шаруашылығы құрылымдарының, құрылыс және мұнай компанияларының басшылары, кәсіпкерлер бар сапардың негізгі мақсаты – аймақтың агроөнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету салаларына инвестиция тарту.
Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Сиань қаласындағы мұнай-газ, химия өнеркәсібі саласындағы компания жетекшілерімен кездесті. Алдымен «Yan’an Energy Equipment Group» компаниясы басшысымен жүздесіп, өңдеу өнеркәсібі саласында бірлесіп жұмыс жасауға дайын екенін айтты.
«Орта Азия магистральді газ – Орталық» құбырының елімізге тиесілі 800 шақырымнан астам бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды. Газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажет. Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Былтыр бірқатар газ кеніші игеріле бастады. Сондай-ақ жылына жалпы көлемі бір миллиард текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр. Әзірге бұл жобалар толық іске қосылған жоқ. Сондықтан газды ішкі нарыққа тиімді бөлу қажет. Жылу электр орталықтарын және қарапайым тұтынушыларды көмір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн.
Мемлекет басшысының жолдауынан
– «Бірінші кезекте Қызылорда облысы мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы бүгінгі кездесуге қызығушылық танытқаныңыз үшін алғыс білдіремін. Біз Қытайдың озық технологияларын облыс өнеркәсібіне енгізу үшін арнайы делегация жасақтап келдік.
Мұнай-газ – өнеркәсіптің маңызды салаларының бірі және облыс экономикасының негізі. Оның үлесі өңірдің өнеркәсіптік өндірісінің 48,7%-дан астамын құрайды, 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды. Облыс аумағында мұнай өндірумен және барлаумен 49 кеніште 25 компания айналысады. Алайда, мұнай ұңғымаларының көпшілігінің сарқылуына байланысты қорды толықтыру мақсатында геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Торғай-палеозой» кен орнында тереңдігі 5,5 мың метр ұңғыманы бұрғылауда. Қазіргі таңда бұрғылау жұмыстары шамамен 5,4 мың тереңдікке жетті.
Осы ретте, құрметті мырзалар, компанияның заманауи технологиясы мен тәжірибесін ескеріп, Қызылорда облысында бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз. Облыс әкімдігі өз тарапынан зауыттарды орналастыру үшін жер, инженерлік инфрақұрылым, жан-жақты логистикалық қолдау білдіруге дайын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы кездесуде.
Мұнан бөлек, аймақ басшысы «Xian ANCN Smart Instrument Inc» мұнай-газ компаниясының басшысымен де кездесті.
«Xian ANCN Smart Instrument Inc» компаниясы 2007 жылы құрылған. Негізгі қызметі – газ кен орнының автономды басқару жүйелерін, жарылысқа қауіпсіз тексеру роботтарын, смарт өлшеу құралдарын және басқа да мұнай-газ жабдықтарын өндіру. Компанияда 320 қызметкер, 100 ғылыми-зерттеу тобының мүшесі, 340 ғылыми зерттеу патенті бар.
Аймақ басшысының сол жолғы Қытай сапары баспасөз беттерінде, әлеуметтік желіде жарияланды. Белгілі болғанындай делегация Қытайдың бірнеше қалаларында болып, бизнес өкілдерімен, кәсіпорын басшыларымен кездесті. Барған жердің барлығында аймақтың экономикалық әлеуетін жария етіп, облыс экономикасына қаржы салғысы келетін инвесторларға қолайлы инфрақұрылым жасалып жатқандығын айтып, қызықтыра білді.
Қытайға ресми жұмыс сапары кезінде Шэньси провинциясының басшысы Чжао Ганмен кездесу сәтіндегі “Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Қытайдың озық технологияларын өндіріске тарту тапсырмасы бойынша арнайы делегация жасақтап, іссапармен келдік.
… Қызылорда облысы Қытай инвесторларымен бірлесіп жұмыс істеуден мол тәжірибе жинақтаған өңір екенін атап өткім келеді. Мұнай-газ – өнеркәсіптің маңызды салаларының бірі және облыс экономикасының негізі. Аталған саланың үлесі өңірдің өнеркәсіптік өндірісінің 48,7%-дан астамын құрайды және 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды” – деген Н.Нәлібаевтың сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады.
Осы сапар барысында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы бастаған Қызылорда облысының делегациясы «Geo-Jade Petroleum» компаниясының басшылығымен де кездесіп, өңірдің мұнай-газ саласын дамыту перспективаларын талқылаған болатын.
Облыс әкімі Н.Нәлібаев бастаған облыс делегациясының Қытайдан ресми сапардан оралғанына көп бола қойған жоқ. Бар болғаны 3-4 ай ғана уақыт өтті.
Бұған дейін Қызылорда мұнайын игеруде әріптес болып келген Қытай инвесторлары енді газ өндіру жобаларына да қызығушылық танытуда.
Күні кешегі ақпарат бойынша Үкімет басшысы Олжас Бектенов Hong Kong Sino-Science Oil and Gas Co., Ltd. (Geo-Jade Petroleum) компаниясының президенті Ван Вэньтаомен кездесіп, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық және күрделі жолмен алынатын газды өндіру жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Аталған жоба Қызылорда облысындағы «Созақ» кен орнында жүргізілуде.
Жиын соңында Олжас Абайұлы жобаны жан-жақты талдап, оны іске асыру үшін арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды. Ресми ақпарат осылай дейді.
Geo-Jade Petroleum дегеніміз Қазақстанда 10 жылдан астам уақыттан бері қызмет ететін ірі қытайлық мұнай-газ компаниясы екен. Елімізге 3 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция құйып, шамамен 1000 тұрақты жұмыс орнын ашқан.
Аймақта көмірсутек ресурстарын өндіру көлемі жыл сайын азаюда. Соңғы 10 жылда мұнай өндірісі 68%-ға төмендеп, 2024 жылы 3,3 млн тонна болды, ал 2025 жылға 3,2 млн тонна жоспарланған. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізуде. Сондықтан мұнай-газ саласын, оның ішінде «Созақ Ойл энд Газ» компаниясының аумағын дамыту маңызды.