Ресми ақпарат бойынша соңғы 3 жылда республикалық және облыстық бюджеттерден мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау бойынша 39 млрд. теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде өңірдегі мал басы төрт түлік түрлері бойынш жыл сайын 3-17 пайыз аралығында өсуде.
Өткен аптада өткен облыстық қоғамдық кеңестің отырысында мал шаруашылығына, онда да осы салаға 6 түрлі субсидия беріледі десек, соның ішінде «мал азығына кеткен шығындар құнын ішінара субсидиялау мәселесін” талқылады. Сол уақыттары аймақтағы бірқатар мал бағатын ірі шаруа қожалықтары иелері осы субсидияға қатысты әкімдік жағалап, дабыл қағуы осы талқылауға негіз болды. Талқылауға кеңес мүшелерімен қатар осы салаға қатысы бар басқарма басшылары, мамандары, тағы да басқа жауапты тұлғалар, тіпті облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Қожаниязовтың өзі қатысты. Серік Салауатұлының бұл талқылауға қатысуының да өзіндік сыры бар екен. Субсидия сұрағандардың мәселесін шешу үшін билік бір жақты шешім қабылдамай, алдыменен қоғамдық пікірді біліп алмақшы болыпты.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақыттары ауылшаруашылығына берілетін субсидияларға қатысты әр алуан пікірлер айтылуда. Мәселен қора-қора қойы, үйір-үйір жылқысы, бір емес бірнеше табын сиыры, кемінде бір келе түйесі барлар субсидия керек деп дабыл қағып жүрсе, қорасында тышқақ лағы да жоқ, ет-сүт өнімдерін түгелдей дүкеннен сатып алып тұтынатындар осы субсидияға қарсы. Бұрын жыл сайын, беріде ай сайын қымбаттайтын баға қазір көңілі қалаған сәтте жоғарылайтын болғалы бері ет-сүтті арзандатпайтын субсидияның не керегі бар дейтіндерді түсінуге де болады.
Дұрыс, мемлекет мал шаруашылығын қолдау үшін: селекция және асылдандыру үшін деп, аналық мал басын сатып алу үшін деп, сүт құнын арзандату үшін деп, қолдан ұрықтандыру үшін деп етке өтетін бұқашықтар мен еркек тоқтылар үшін деп, әлгі дабыл қағып жатқан жем-шөп үшін деп мал басына әжептәуір ақша береді. Қазақ үшін малы – жаны. Мал көбейсе, жан көбейеді. Оған кім қарсы?…
Бірақ субсидия айналасындағы сыбыр-сыбыр әңгімелер уақыт өткен сайын жыбыр-жыбырға айналды. Мәселен, оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Кеңес мүшесі Садық Мұстафаев осы талқылауда айтқандай оның өзі де «аты бар, атағы бар бола тұра” субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Сонда субсидияны кімнің алатынына аң-таң ол 200 бас жылқысын өзі-ақ бағып-қағып, өзі болғанда сол жылқыдан түсетін түсімнің өзімен-ақ көбейтіп жатыр екен. Былтыр 12 бас жылқысынан айырылыпты. Ол да мәселе емес. Қалғандары аман болса, қайырлы шығын орнына келеді деп қояды. С.Мұстафаевтай аты, атағы болмаса да мал бағып, кәсіп істеймін деп бір табынға жетер-жетпес сиыр соңында жүрген қарапайым шаруалар сол субсидия аз малды көбейткісі келетін бізге неге берілмейді деп өкпелері қара қазандай. Ал субсидия алғандардың сиырдың сақталуын сұрақ астында қалдырып отырғандары да бар. Ресми ақпарат бойынша: құқық қорғау органдарымен 2018-2021 жылдары осы мал шаруашылығына төленген қаржының мақсатты және тиімді игерілуіне тексерулер жүргізілген. Тексеру нәтижесімен шаруа қожалықтары тарапынан заң бұзушылықтар жиі орын алатындығы анықталған. Атап айтқанда облыс көлемінде 130 шаруашылық субсидияланған аналық мал басының сақталуын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді сақтамаған. Демек үкіметтен бөлінген 104 186,3 мың теңге қаражат мақсатсыз жұмсалды деген сөз. Сондай-ақ облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің аудиторлық тексеру барысында 2021 жылы үкімет резервінен ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басын ұстауға жұмсалған жем-шөп құны субсидиялаған 72 шаруашылықтың яғни, 83 044,7 мың теңге электронды шот фактураларының салық органдарына тіркелмегендігі анықталған. Қазір шаруашылықтардан субсидия талаптарын сақтамағандары үшін мемлекет тарапынан берілген қаржыны сотпен қайтару жұмыстары жүргізілуде екен. Демек, сиырға деп субсидия сұрап алып, қай кездегідей оны сиырдан басқаға жұмсап жібергеніміздің нәтижесі болар әлі күнге аймақта ет өндіру комбинаты, сүт өңдеу зауыты деген көзге көрініп тұрған жоқ. Сүт өндіру зауыты дегеннен шығады, негізі сүт өндіру құнын арзандату субсидиясы өңдеу кәсіпорынына өткізген сүттің әр литріне 45 теңгеден төленеді делінгенімен өкінішке орай сүт қабылдайтын сүт өңдеу кәсіпорнын да (бір РЗА-дан басқа), кәсіпорынға өткізетін сүтті де көріп тұрғанымыз жоқ. Былтырғы жылы қуаңшылыққа орай жем-шөптен таршылық көрген бір-екі аудан малы аштықтан қырылып, қалған аудан әкімдері ақ қолғап киген қолға орақ алып, жаппай шөп орып, газеттеледидар бетін бермеді. Жем-шөп бағасы да екі есеге дейін шарықтады. Үкімет, жергілікті билік малшыны мұңға батырмай, ішінара өтем жасады. Жем-шөпке субсидия берді.
Былтырғы жылы жем-шөпке берілген ақша Үкіметтің мырзалығынан, немесе әкімнің жомарттығынан емес, жағдайдың мұқтаждығынан болды. Биыл жағдай басқаша, сол кезден сабақ алған билік жайылым шабындықты суландыруды жақсарту үшін күріш егісін 5,2 мың гектарға азайтып, мал азықтық дақылдарды 5,7 гектарға егіпті. Сондай-ақ бәлен каналды тазартып, ұңғымаларды қалпына келтіріп, насостар сатып алып, көлдерді толтырып, біраз шабындық пен жайылымдарды суландырыпты. Нәтижесінде жемшөп бағасы былтырғыдан 2 – 2,5 есеге төмендеген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Т.Дүйсебаев бүгінгі күні аймақта мал азығы дақылдарының шығымы жақсарып, жемшөп базасының берік қоры жасалды деп мақтанып жүр… Соған қарамастан бірқатар шаруа қожалықтары жем-шөпке субсидия бер деп басқарманы қойып, әкімдікті жағалап, талап орындалмаған жағдайда әралуан амалдар жасаймыз деп билікті қорқытып отырғанға ұқсайды.
Қазір айтқаны болмаса, талабы орындалмаса, байбалам салып, дабыл қағатындар қора-қора малы бар ірі шаруа қожалықтарынсыз-ақ жетерлік. Бюджет қаржысы байбалам салғанның, дабылдатқанның қалтасына түсе беретіндей сұрауы жоқ дүние емес екендігі белгілі. Бюджет – халықтың тайқазаны десек, оның иесі – әрбір сырбойылық. Содан да елдің тілегі, елдің қажеттілігі айқайшылардың, байбаламшылардың қанжығасында кетпеуі керек…