Қалада санитарлық тазалық шараларының деңгейі қандай? Ағымдағы жылы ковид індеті үдей ме? Тазалық жұмыстары бойынша қала әкімі А.Шәменовтің берген тапсырмалары орындалуда ма?
Жалпы, соңғы уақытта бұқараның базынасына айналған тамақтану орындары және ірі базарлардың санитарлық жағдайы көптің көңілін көншітпейді. Ағымдағы жылы прокуратураның базарларды тексеру барасында бірқатар өрескел заңбұзушылықтардың анықтылғаны да бізге мәлім. Онымен қоса, аталған заң талаптарын орындамаған базар басшылықтарына ірі көлемде айыппұл да салынған болатын.
Бірқатар сауалдарға жауап алу мақсатында Қызылорда қалалық СЭБ-ның басшысы Ерлан Ұзақбаевпен емен-жарқын әңгімелескен болатынбыз. Толығырақ төменде…
- Ерлан Амантайұлы, сұрақты кәдуілгі тақырыптан бастасақ. Қазіргі таңда ковид инфекциясына байланысты қала төңірегіндегі ахуал қандай?
- Бұл індет кеше-бүгін басталған жоқ. Үшінші жылға өтіп барады. Шілде, маусым айларында өршу болды. Күніне 100 науқас тіркеліп жатты. Қазір өршу деңгейі түсті. Күніне 5-7 науқас тіркеліп отыр. Ауырғандардың 80 пайызы вакцина алмағандар. Бас санитар дәрігердің айтуынша тамыз айында ең жоғарғы өршу деңгейі байқалған. Менің ойымша біз қауіпті кезеңнен өттік. Өзіңіз білесіз, вирус мутацияға ұшырап, бірнеше рет өзгеріске түсті. Десе де, қала бойынша өте ауыр жағдайда тіркеліп отырған науқастар жоқ. Індеттің қауіпсіз түрлеріне шалдыққандар үй жағдайында емделуде. Он күнге медициналық бақылауға алынып отыр.
- Өткен жылдары қауіпті болған «Дельта» секілді штаммдар биыл тіркелді ме?
- Барлық түрлері тіркелді. «Омикрон» да бар. Өткен аптада Алматыдағы зертханаға сынама жібердік. Соның нәтижесінде қала төңірегінде штаммдар белгілері анықталды.
- Алда жаңа оқу жылы жақындап келеді. Оқушылардың бір жерге жиналуынан вирустың ушығуы мүмкін бе? Былтырғы жылдағыдай мектептер залалсыздандыру төнелін қояды ма?
- Оған әлі шектеулер шыққан жоқ. Барлық бала бұрынғыдай оқи береді. Шахматтық тізбеде отырмайды. Қазіргі ахуалды ескере отыра індеттен қауіп болмайтын секілді.
- Жаз басталғалы Конго безгегі өршіді. Адам өлімі де орын алды. Сол кезде, сіз қалаға қарасты ауылдық округтарға мал тоғыту ванналарын әзірлеу керектігі бойынша хат жіберген болатынсыз. Мал тоғыту ванналарының дайындығы жайлы жауап тек екі ауылдан ғана келді. Қала әкімі ауыл, кент әкімдеріне мал тоғыту ванналарын дайындап, тиісті хатты сізге жіберуді тапсырды. Тапсырмасы орындалды ма?
- Ол хат бойынша кері байланыс орын алған жоқ. Алдымызда күзгі залалсыздандыру жүрмек. Арнайы кестесі шықты. Қолайсыз деп танылған барлық елді мекендердің әкімдеріне кестені жолдадық. Толықтай ақпарат беру уақытын көрсеттік. Мал қоралардың, санитарлық аумақтардың тазалығы жайлы ақпаратты беретін болады. Зоолог, эпидқызметкерлерімізді қатыстыра отыра тексеріс жасаймыз. Қолайсыз деп танылған аумақтардың тазалық жұмыстарын тексеретін боламыз.
- Санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме расында тазалайды ма? Себетін улары шынымен у ма, әлде су ма деген күдік бар…
- Әр адамның ары-ожданы болады ғой. Десе де, кәсіпкерлік кодекске сәйкес біз тексеріс жүргізе алмаймыз. Ол заңсыз тексеру болып саналады. Бірақ, қала әкімдігінің демеуімен оларға тек түсіндірме жұмыстарын жүргізе аламыз. Қазірде барлық елді мекенге эпидқызметкер тағайындау жоспарда бар, олар қауіпті аумақтарды залалсыздандыру сатыларын бақылап, толықтай ақпарат беріп отыратын болады.
- Қазір ел арасында СЭС қауқарсыз, кәсіпкерлік мораторийіне орай тексере де алмайды деген пікір бар. Расында СЭС-тің қолы байлаулы ма?
- Әрине байлаулы. Біз орындаушы емес, қадағалаушы органбыз. Барып екі білегімізді түріп алып өзіміз залалсыздандырмаймыз. Тек тазалап жатқан мамандардың жұмыстарына баға береміз. Таяқтың екі ұшы болады. Халық үшін деп өзіміз тексерсек, екінші жақтан заң тұр. Егер біздің тексеруімізді органдар дәлелсіз деп тапса өзімізге кері әсері тиеді. Мәселен, қалада екі рет тамақтан улану фактілері тіркелді. Сол кезде қылмыстық іс аясында ғана тексеріс жұмыстарын жасадық. Былайынша айтқанда, жәй күндері біз олардан «Не істеп жатырсың?» деп те сұрай алмаймыз. Мораторий аяқталса зертханаларымызды іске қоса отыра тексеретін боламыз. Бақылауымызда 2000 нысан бар. Оның ішінде маңызды деп танылған 450-ін бір жылда тексеріп үлгеруіміз керек. Оның өзі өте ауқымды жұмыс.
- Демек, қазірде тамақтану орындарында тамақтар мен сусындардың ішінен шаш, тырнақ шықса да мүлде тексере алмайсыздар ба?
- Мүлде тексере алмаймыз. Биыл бес нысанды тексеру бойынша сұраныс жібергенімізбен «жоғарыдан» қолдау таппады. Десе де, тексеруде қол байлау болса да біз түсініктеме жұмыстарын жалғастырудамыз.
- Қала әкімдігіндегі аппараттық жиындарда қала әкімі былай айтады: Ерлан Амантайұлы, сіз кешенді шаралар жасап жатқаныңызбен әлі де маған бірде бір ұсыныспен кірмедіңіз,-дейді. Шәменов сізден не ұсыныс күтіп отыр? Одан кейін кешегі базар мәселесіне көшсек…
- Ол кісі санитарлық талаптар қағидаларына қатысты ұсыныстар күтіп отыр деп ойлаймын. Бірақ, айналып келгенде оның бәрі мораторийге келіп тіреледі. Біз кәсіпкерлерді тексерсек кәсіпкерлер бізге арыздануы мүмкін.
Ал қала бойынша бес базар тексеріліп, прокуратураның ұсынысы бойынша біз хаттар жібердік. Орын алуы мүмкін кемшіліктердің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жасадық. Қазірде тікелей басшыларының қатысуымен 2 базарды араладық. Қалған базарларды апта сайын аралап, түсіндірме жұмыстарын жасамақпыз.
- Бес базарда анықталған кемшіліктер жайлы айтсаңыз…
- Әртүрлі. Жуыну орындарының дұрыс белгіленбеуі. Тағам өнімдеріндегі температураның дұрыс болмауы, ол жақта сынап бағанасының жоқ болуы секілді заңбұзушылықтар анықталды.
- Екі базарды араладық дедіңіз. Бір базарды аралауға мен де бардым. Шыны керек, ұйымдастырылған акцияға көңілім толмады. Бұндай түсіндірме жұмыстарын күрделендіруге болмайды ма?
- (Ойлана отыра) Жақсы, ұсынысыңыз қабылданды.
- Қазір жоспарда қандай базарларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу ойда бар?
- Бес базарға түсіндірме жасаймыз деп ойладық. Бірақ, кейіннен ойлана келе бес базардан бөлек, қаладағы супермаркеттер, ірі гипермаркеттерге де түсіндірме жұмыстарын жасаймыз деп шештік.
- Біз сіздердің акцияларыңызға, семинарларыңызға қатысып тұрамыз. Әртүрлі тақырыптағы жиындарға түрлі медициналық ұйым өкілдері келеді. Арасында бір-екі дәрігер ғана белсенділік танытып отырады. Менің білуімше жиындарға жеке емханалардың да өкілдері келеді. Сырттай бақыласақ, қатысушылардың кейбірі семинар уақытында телефонын «шұқып-шұқып» қайтады. Басқасы әйтеуір бір мәселенің басын ашып, түсіндіреді. Жалпы семинарлар тек сөйлеп-сөйлеп аяқталатын нәрсе ма? Одан кім не ұтады?
- Біз әр жиыннан кейін айтылған мәселелерді хаттамаға енгіземіз. Өзіңіз байқасаңыз мен ылғи «хатаммаға енгізілуін» талап етіп отырамын. Бұл арқылы, жиыннан кейін біз ауруханалар, емханалармен тікелей байланыста боламыз. Тапсырмалардың орындалу реттілігін тексереміз. Талапқа сай орындалмаса облыстық денсаулық сақтау басқармасына хат жібереміз. Сондықтан, әр жиындағы түйген ойлар, мәселелер ылғи бақылауда.
- Уақыт бөлгеніңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Дамир АМАНГЕЛДІ