Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысына сапары «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалымен танысудан басталды.
Президентке әуежай қызметі, ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсету процесі жөнінде баяндалды. Сондай-ақ жолаушыларды тіркеу және тексеру аймақтары, шекаралық-кедендік бақылау пункттері, күту залы, автоматтандырылған жүк беру жүйесі көрсетілді.
Жаңа терминал былтыр қараша айында ашылды. Жобаға 16,6 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция салынды.
Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізуге 4,3 миллиард теңге бөлінді.
Әуежайдың өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 500 мың жолаушыға дейін ұлғайды
Нысан Халықаралық азаматтық авиация комитеті (ICAO) мен Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.
«Қорқыт ата» әуежайынан Air Astana, FlyArystan және Qazaq Air әуе компаниялары аптасына 29 рейс орындайды. Қазіргі кезде терминал жанынан «Қазаэронавигация» РМК жаңа диспетчерлік мұнара мен әкімшілік-техникалық ғимараттың құрылысын жүргізіп жатыр.
Жобаның іске асуы Сыр өңірінің көлік инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, туристік әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын да арттыруға оң септігін тигізеді.
Көз де тойды, көңіл де тоқ…
Ұзақ күттік… Уақыты тығыз екенін білсек те, бір ретін тауып келер деп үміт еттік. “Осы келеді” деп жоспарланған күні келе алмай қалғанда да жүйке жұқартпадық…
Қызылорданың жынды желі шашып тастаған жерлерді қайта тазарттық. Асығыста көзден таса қалған қақпаларды сырладық… Көрсетеміз деп әзірлеген нысандардың одан сайын әрін келтірдік.
Қаншама күндер бойғы күткеніміз текке кетпеді. Қазанның 30-ында Қ.Тоқаев мінген ұшақ Қызылордаға келіп қонды. Қуанышта шек жоқ. Бәрі тап-таза, бәрі дап-дайын. Президент те мәз-мейрам.
Әлемді алаңдатқан Аралы, елі әлі күнге бағы, әлде соры екенін білмейтін Байқоңыры, одан қалды суы сирақтан келіп қалған Сырдариясы бар Сыр бойы өзін еш алаңсыз құшақ жая қарсы алды. Айнала тап-таза, көтеріңкі көңіл-күй. Күтіп алған, кездескен жандардың бәрі көңілді, тіпті спорт орындарындағы жас өрендердің өзі де шат-шадыман. Өзі өткенде келіп-кеткелі бері елде біраз жаңалық болған. Сыр өнері мен мәдениетінің өрісі кеңейіп, “Өнер орталығы” салыныпты. “Бәрі де балалар” үшін деп салынған “Сыр жұлдыздары” шығармашылық-инновациялық академиясында шабыттанып жүрген кішкентай қызылордалықтар қуанышты. “Нан болса, ән де болады” дегендей өндірістің өзегі болып “Қызылорда – нан” нанның түр-түрін шығарып қойыпты. Қызылордаға келген инвестицияның көкесі “AKSA ENERGY”-дің жаңа жылу орталығы мерзімінен қалмай, пайдалануға берілетін түрі бар. Қаланың сол жақ жағалауынан ойып тұрып орын алған 11 мың орындық жаңа стадион Қызылорда құралпы қалалардың арасында бар ма екен?..
Астана болғанына 100 жыл толған мерейтойын мерекелеп отырған Қызылорданың жаңа облыстық тарихи-өлкетану музейінде жадыда жатталар жәдігерлер жетерлік…
Үстел теннисі де – облыс бюджетін оңтайландыру барысында үнемделген қаржыны үлгіртудің үздік үлгісі. Көргеніне көз де, көңіл де тойды.
Халық тұрмысын жақсарту бағытында Сыр бойында жасалып жатқан тірлікке, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындап жатқан жергілікті билікке ризашылық сезімін жасыра алмады.
– “Облыс жалпы жақсы дамып келе жатыр. Қарқын бар. Жоғары. Әкімге ризашылығымды айттым. Сондықтан әрі қарай бірге жұмыс істей береміз” -+ деген Президенттің жұрт алдында жария айтқан сөзі облыс әкімі Н.Нәлібаевтың ел басқарудағы соңғы жылдары атқарған жұмысына шынайы жоғары баға еді. Әрі алдағы уақыттағы ойға, қолға алған жобаларына да жолашар…
… Дос сүйінді, дұшпан күйінді…
Президентке Қызылорда облысының инвестициялық жобалары таныстырылды
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Orient Ceramic KZO компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, Fabe Agro жылыжай кешені, With You қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорны, Seven Rivers Technologies компаниясының шыны ыдыстар өндірісі және басқа да жобалар жөнінде баяндалды.

Президентке шыны кластерін дамыту және бу-газ қондырғысы, тау-кен байыту фабрикасы, кальцийлендірілген сода өндіру зауыты, тауарлы сүт фермасы жобаларын іске асыру жоспары жайында айтылды.
Мемлекет басшысы алға қойған жоспарларды уақтылы және сапалы іске асырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Нәлібаев есеп берді
Мемлекет басшысына Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар, сондай-ақ облыс орталығы мен елді мекендерді абаттандыру жөнінде мәлімет берілді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысына соңғы 4 жылда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 233 пайызға артқанын баяндады. Биыл 720 миллиард теңгеден астам қаржы тарту жоспарланған. Оның ішінде жеке инвестицияның үлесі 70 пайызды құрайды.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда аймақта құны 2 триллион теңгеге жуықтайтын 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл жалпы құны 302 миллиард 500 миллион теңге болатын 27 нысанды іске қосу жоспарланған. Бүгінде оның тоғызы пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысы облыстың қарқынды дамып келе жатқанын айтып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Президент Өнер орталығына барды
Мемлекет басшысы көрермен залын аралап көріп, облыстық симфониялық оркестрдің дайындық барысын тамашалады.
Мың орынға арналған көп функционалды Өнер орталығы былтыр ашылған. Кең әрі заманауи үлгідегі ғимарат құрылысына 3,7 миллиард теңге жұмсалған.
Мұнда концерттер, шығармашылық кештері мен түрлі қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Орталықта бірнеше шығармашылық ұжым орналасқан.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылдан бері облыста 18 мәдениет нысаны ашылғаны туралы мәлімет берілді. Соның ішінде 7 заманауи «Руханият» орталығы, музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен шалғай елді мекендерде мәдениет үйлері салынды.
Әкімдік мәдениет саласы қызметкерлерін баспанамен қамту, мамандардың біліктілігін арттыру және озық тәжірибені енгізу бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
«Сыр жұлдыздары» академиясымен танысты
Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына барды.
Бұл нысан биылғы мамыр айында пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысына академия қызметі өңір жастарының зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталғаны жөнінде баяндалды.

Кешенде бассейн, спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, шығармашылық студиялар мен зертханалар бар.
Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, Қызылорда облысында қосымша білім беру жүйесін дамыту аясында 2022 жылдан бастап Жаңақорған, Жалағаш және Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Шығармашылық мектептері бой көтерген.
Былтыр облыс орталығында заманауи Оқушылар сарайы ашылды. Бұдан бөлек, Қызылордада Кәсіптік білім беру және жұмысшы мамандықтары бойынша құзыреттілік орталығының құрылысы басталды. Бүгінде Президент саябағында уақыт талабына сай балалар сауықтыру лагері мен қысқы бақ салынып жатыр.
Мемлекет басшысы облыс жұртшылығымен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесіп, әңгімелесті.
Президент аймақтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылатынын айтты. Сондай-ақ бірқатар мәселе бойынша пікірімен бөлісті.

– Дүние жүзіндегі ахуал баршаңызға жақсы мәлім. Әлемдегі жағдай бұлыңғыр, құбылмалы. Сондықтан, ең алдымен, жастарға көңіл аудару қажет. Жастарымыз – дарынды, қабілетті. Оларға дұрыс бағдар көрсетіп, жақсы тәрбие, тәлім беру маңызды. Қазіргі заманда есірткі, нашақорлық секілді сын-қатерлер аз емес. Жастардың болашағы – білімде. Ойы ұшқыр, көкірегі ояу, көзі ашық жастар – біздің келешегіміз. Бәріміз бір ұлт болып, ел үшін, халық үшін жұмыс істеуіміз керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізді өркендету жолында қолға алынған бастамалар жөнінде де әңгімеледі.
– «Таза Қазақстан» акциясы кең ауқымда жүргізілуде. «Таза» деген – жақсы сөз. Ең алдымен, арымыз, ниетіміз таза болуы керек. Жалпы Қазақстан таза болуы қажет. Бұл – болмысымызға әсер ететін үлкен іс. Екінші, цифрлық мемлекет құру. Заманауи, озық елге айналуымыз керек. Әйтпесе дамыған елдер көшінен қалып қоямыз. Сондықтан цифрландыруды, жасанды интеллектіні міндетті түрде дамыту қажет. Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Бұдан бөлек, атом стансаларын салуымыз керек. Қазір бірінші стансаның құрылысы басталды. Таяу арада екінші АЭС жобасын қолға аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өңір үшін су тапшылығы өте өзекті мәселе екенін жеткізді.
– Су тапшылығына баса назар аударамыз. Келешекте де су мол болады дей алмаймыз. Оған дайын болуымыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын қолданғанымыз жөн. Мемлекет субсидия беріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығына 1 триллион берді. Бұл – үлкен мүмкіндік, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет, өнер саласына мән беретініне тоқталды. Астана мен Алматы қалаларында тәулік бойы қызмет көрсететін екі бірдей Президенттік кітапхана салынып жатқанын жеткізді. Болашақта осы секілді үшінші кітапхана Қызылорда қаласында ашылуы мүмкін екенін айтты.
Мемлекет басшысы орталық стадионға барды
Президент Қызылорда қаласындағы 11 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионын аралап көрді. Нысанның құрылысы биыл қазан айында аяқталған. Жаңа спорт кешені UEFA талабы бойынша IV санатқа сай келеді.
Аренада халықаралық сайыстармен бірге мәдени іс-шараларды өткізуге болады. Кешенде бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар бар.

Мемлекет басшысы «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен әңгімелесті.
– «Қайсар» – елімізде жеке меншікке өткен алғашқы клубтардың бірі. Алдағы уақытта футбол академиясы салынады. Клубтың келешегі жарқын болады деп ойлаймын. Баршаңызға табыс тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Президент футбол добына қолтаңба қойды.
Тарихи-өлкетану музейінің қызметімен танысты
Президент өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен танысып, археология, этнография, Қазақстанның бұрынғы және қазіргі тыныс-тіршілігінен хабар беретін залдарды аралап көрді.
Биыл жазда бой көтерген музейде 12 тақырыптық зал жабдықталған. Қазір мекеме қорында 70 мыңға жуық жәдігер бар.
«Қызылорда-нан» цехына барды
«Қызылорда-нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешені биыл қазан айында іске қосылды.
Жобаның жалпы құны – 5,6 миллиард теңге. Өндіріс толығымен автоматтандырылған.
Өнімдердің 30 пайызға жуығы кәсіпорынның жеке сауда желілері арқылы сатылады, ал 70 пайызы қала аумағындағы және маңындағы дүкендерге жеткізіледі.
Президент жаңа жылу электр орталығына барды
Жаңа жылу электр стансасы Мемлекет басшысының оңтүстік өңірлерде халық пен экономика сұранысын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында салынды.
Орталық 240 мегаватт электр қуатын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді.
Жобаның жалпы құны – 215 миллиард теңге. Жылу электр стансасы түркиялық Aksa Energy компаниясының инвестициясы есебінен бой көтерді.
Қазіргі кезде негізгі агрегаттар, атап айтқанда, әрқайсысының қуаты 176 мегаватт болатын екі газ турбинасы, қуаты 95 мегаватт бу турбинасы, өнімділігі сағатына 120 тоннаға жететін екі бу қазандығы, қуаттылығы сағатына 150 гигакалорияны құрайтын төрт су қыздыру қазандығы орнатылып, толық монтаждалған.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ
Мемлекет басшысы Қызылорда қаласындағы Үстел теннисі орталығын аралап көрді. Кешенді салуға облыс бюджетін оңтайландыру барысында үнемделген қаражат есебінен 2,5 миллиард теңге қаралып, құрылыс былтыр қазан айында аяқталды. Сондай-ақ «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 900 миллион теңге қаржы бөлді.

Заманауи үлгіде салынған орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар. Мұнда 52 қызметкер жұмыс істейді.
Бүгінде онда 280 бала үстел теннисімен тұрақты түрде шұғылданады.
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НЕ ТАПСЫРДЫ?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен, өндіріс, инфрақұрылым, мәдениет және спорт нысандарымен танысты.
Сапар «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалын аралаудан басталды. Мемлекет басшысына өткізу мүмкіндігі жылына 300 мың жолаушыдан 500 мыңға дейін артқан әуе айлағының тіркеу және тексеру аймақтары, шекаралық-кедендік бақылау пункттері, күту залы, сондай-ақ автоматтандырылған жүк беру жүйесі көрсетілді.
Өнер орталығында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар, облыс орталығы мен елді мекендерді абаттандыру жөнінде есеп берді.
Инвестициялық жобалар таныстырылып, Orient Ceramic KZO компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, Fabe Agro жылыжай кешені, With You қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорны, Seven Rivers Technologies компаниясының шыны ыдыстар, Roca Group компаниясымен бірлескен санитарлық-техникалық бұйымдар өндірісі және басқа да жобалар жөнінде баяндалды. Шыны кластерін дамыту, бу-газ қондырғысы, тау-кен байыту фабрикасы, кальцийлендірілген сода өндіру зауыты, тауарлы сүт фермасы жобаларын іске асыру жоспары жайында айтылды.
Өткен жылдың наурыз айында ашылған 1000 орындық көпфункционалды Өнер орталығы бүгінде қала сәулетіне ерекше сән берген ғимаратқа айналды. Мұнда симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, шығармашылық кештер, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізілуде.
Осы орталықта өңір жұртшылығымен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың жоғары даму қарқынына тоқталып, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылатынын айтты.
Мемлекет басшысы «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясын, «Қызылорда-нан» цехын, жылу-электр орталығын, 11 мың орындық жаңа стадионды, үстел теннисі орталығын, тарихи-өлкетану музейін көріп шықты.
Алдағы жоспарларды уақытылы және сапалы іске асыру, инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Сапардан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Аймақ басшысы Президент сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға және облыстық басқармалар мен мекемелер қызметкерлеріне алғыс білдірді.
– “Мемлекет басшысының жоғары бағасы бірлесіп атқарған жұмысымызға, елдің бекем бірлігіне берілді. Жүктелген міндеттер ауқымды, сондықтан жұмыс қарқынын бұрынғыдан да күшейтуіміз керек”, – деді аймақ басшысы.

