Мемлекеттер басшылары келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге баса мән берді. Екіжақты тауар айналымын жақын арада еселеп, оны бір миллиард долларға дейін жеткізу үшін қажетті шаралар қабылдауға уағдаласты.
– Ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, цифрландыру салаларында мүмкіндігіміз мол. Қос тарап бірлескен кәсіпорындар құруға ниет танытты. Бұл мәселеде айтарлықтай алға жылжу бар. Мәселен, трансформатор өндірісін іске қосу жоспарланған, тұрғын үй мен инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде, кеме жасау саласында ортақ жоба пысықталып жатыр. Үкіметтерге осы бағыттарды бақылауда ұстап, қысқа мерзім ішінде Өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытудың жоспарын немесе жол картасын қабылдау тапсырылды. Өзара тиімді жобаларды қаржыландыру мақсатында Қазақстан-Әзербайжан тікелей инвестиция қорының қызметін жандандыруға келістік. Екі елдің іскерлік топтары арасындағы қарым-қатынасты одан әрі кеңейту қажеттігіне назар аудардық. Осы ретте сапар аясында өтіп жатқан Қазақстан-Әзербайжан бизнес форумының маңызы зор, – деді Президент.