Келіссөздерде энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды тақырыптың бірі болды. Бұл бағытта екі елдің де әлеуеті мол.
– Қазақстан мұнайын Баку – Тбилиси – Жейхан бағдары бойынша тасымалдау жөніндегі бірлескен жұмысты ерекше атап өткім келеді. Былтыр Әзербайжан арқылы бұл стратегиялық шикізат транзиті бір жарым миллион тоннаға жуықтады. Жақын арада мұны айтарлықтай ұлғайту қажет. Теңіз табанына төселетін электр кабельдері жобасы ұлттық энергия жүйесін дамытуға серпін береді. Бұл біздің «жасыл» энергия экспортындағы позициямызды күшейте түседі. Әзербайжан аумағы арқылы қазақстандық уран өнімдерін шетел нарықтарына жеткізу аясында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы орайда барлық негізгі бастамалар мен жобаларға қолдау көрсеткені үшін құрметті Әзербайжан Президентіне ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Мемлекеттер басшылары жасанды интеллектінің қарқынды дамып келе жатқанын ескере отырып, ІТ сектор екіжақты қатынастарға мол мүмкіндік ашатынына тоқталған.
– Қазақстан мемлекеттік қызметті цифрландыруда, ІТ технологияларды дамытуда тәжірибе жинақтады. Біз осы салада бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Келіссөздер барысында Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасын жеделдетудің маңызын атап өттік. Үкіметтерге оны қысқа мерзім ішінде әзірлеу жөнінде тапсырма берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.