Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша аудан әкімдері облыс әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы жиында талқыға түсті. Үлкені де, жасы да, озаты да, ел соңында қалғаны да.
Жалпы әр тоқсан сайын макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша, жалпақ тілмен айтқанда экономикалық-әлеуметтік даму қарқыны бойынша аудан әкімдерінің рейтингі бұрыннан да жасалып келеді. Алайда, көбіне ашық айтыла бермейтін, билік қабырғасынан сыртқа шықпайтын. Бұл жолы қай әкімнің деңгейі қандай екені, жарты жылда өзіне сеніп тапсырған аумақта Президент, Үкімет, облыс әкімінің тапсырмасын қалай орындап жатқаны ашық айтылды.
Ашық айтылып қана қоймай, арнайы жиында аудандарда әлгі айтқан көрсеткіштер деңгейі, жоғарыдан жеткен тапсырмаларды орындау міндеттілігі, кадр әлеуеттілігі, қоғамдық саяси ахуал туралы кеңінен талқыланды. Жалпы бұл талқылау аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың ел басқарудағы жаңа бір өзіндік қадамы болды десек қателеспейміз.
Айта кету керек аудан әкімдерінің жауаптылығын арттыру бағытындағы бұл жиындардың төрағасы облыс әкімі Н.Нәлібаевтың өзі болды. Сондай-ақ, аудан әкімдерінің іскерлігі, қабілеттілігі сынға түскен осы жиында аймақ басшысы олардың жетістігіне орай қорғаған қорғаушы да, осал тұсына орай айыптаған айыптаушы да, алдағы уақытта міндетіне салғырт қарағандарға тәртіптік шара көріледі деп үкім шығарған сот та болды.
Шиелі: Жұмыссыздық 0,4%-ға өскен
Әкім сөзі
Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев: – Бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен өңдеу өнеркәсібінің қарқыны 1,2 пайызға төмендеген. Ауданның өңдеу саласында бір ғана цемент зауытының үлесі 70%-ы құрайды. Басқа орта буынды өнеркәсіп орындары жоқтың қасы.
Өңдеу өнеркәсібін дамытуға ауданда цемент зауытының әлеуетін пайдалана отырып, жанынан ілеспе кәсіпорындарды ашуға жұмыс жасау қажет. Мысалы, цемент зауыты ай сайын 12 мың 1 тонналық қаптар және 400 мың 50 келі қағаз қаптарды Ресей мен Қытайдан сатып алуда. Бұл бір ғана зауыттың сатып алатыны. Елімізде осындай 15 цемент зауыты бар. Осындай өндірістерді ашуға үлкен әлеуетіміз бар. Бұған қоса цемент зауыты жанынан құрылыс индустриясын дамытуға мүмкіндік зор, құрғақ құрылыс қоспалары, гипсокартон, тым болмағанда темір бетон бұйымдары өндірістерін өрбітуге болады. Мұнан бөлек аудан табиғи пайдалы қазбалар қорына бай. Мысалы, ванадий, алтын, мыс, күміс, мырыш, мышьяк қорлары бар. Осы бағытта инвесторлармен жұмысты жандандыру қажет.
Шиелі ауданы бойынша жоспарланған 3 623 жаңа жұмыс орнының бар болғаны 1134-і ашылса, жоспарланған 1590 тұрақты жұмыс орнының тек 230-ы ашылған. 6 айдың қорытындысымен ресми жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,4 пайызға өскен. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орны ашылуы қажет.
Көршілес жатқан Түркістан облысының Бәйдібек ауданындағы халық саны небәрі 54 мыңды құрайды. Бұл ауданда 4,5 мың кәсіпкер тіркелген. Оның қасында 85 мыңға жуық халқы бар Шиелі ауданында кәсіпкерліктің дамуы осы екі шағын ауданмен шамалас. Салалық ерекшелігіне қарай микробизнестерді бір жерге шоғырландырып, өнімділік пен табыс көзін арттыру бағытында шараларды атқару қажет. Болашақта олар ірі өндіріс орындарына айналуы тиіс. Біз 2025 жылға қарай облыста шағын және орта бизнестің ішкі өнімдегі үлесін 25%-ға жеткізуіміз қажет.
Әкім тапсырмасы:
– Қазіргі таңда егіс көлемі жоспардан 1250 гектарға кем. Мен егістікті әртараптандыру мақсатында өзге де дақылдарды егу көлемін ұлғайту қажеттігін айтып келемін. Оған қарамастан әртараптандыру бағытындағы дақылдар межеден 455 гектарға кем егілген. Осы ретте басқа аудандарға қарағанда ауданның ерекшелігін пайдаланып көкөніс, бақша дақылдары көлемін арттырып экспорттау мүмкіндігін қарау керек. Аудан әкімдігі тарапынан бүгінгі күнге дейін азық-түлік бағаларына бірдебір мемлекеттік бақылау шарасы жүргізілмеген. Бағаны тұрақтандыру бағытында нақты шаралар қабылдау қажет.
Қармақшы: Кәсіпкерлігі кеш қалған
Әкім сөзі
Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев: – Индустриялық аймақта 2017 жылдан бері жаңадан жоба орналастарылмаған. Қармақшы кәсіпкерлік саласының дамуы кенже қалған аудандардың қатарында екені белгілі. Біз бизнес қарқынын әлі де үдетуіміз қажет. Аудан әкімдігі өз бизнесін бастаймын, кәсібін кеңейтемін деген ынталы азаматтармен тығыз жұмыс жасап, оларға шынайы қолдау көрсетуі тиіс. Ауданда бақша, көкөніс өнімдерін өсіруге және мал, құс, балық шаруашылығын дамытуға жеткілікті жағдай жасалған. Сондықтан осы жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастыру аса маңызды.
Әкім тапсырмасы: – Бюджет қаражатын тиімді, әрі сапалы игеру керек. Ауданда құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды уақытылы аяқтап, пайдалануға беру қажет. Сондай-ақ қазіргі таңда азық-түліктің басым бөлігі сырттан тасымалданатынын ескере отыра, егіншілікпен айналысам деушілерге жер телімдері табысталатынын кеңінен ақпараттандырып, келесі егін маусымына қазірден-ақ дайындала бастау керек.
Арнайы жиын барысында облыс әкімі Н.Нәлібаев аудан әкімдерінің осал-мықты тұстарын зерделеп, оларға ашық сын айтып, мінін көрсетіп, осы кемшіліктерін күзге дейін жөндеуді міндеттеді. Әйтпесе 9 ай қорытындысы бойынша даму көрсеткіштері жөнге келмеген, бүгінгі сыннан қорытынды шығарып, мінін түземегендер күзде қызметімен қош айтысуы мүмкін. Әкім ескертеді, халық қолдайды…
P.S: Сонымен күзде аудан әкімдерін түгендейміз…
Толығырақ «Ақмешіт Ақшамы» газетінен оқи аласыздар