Көлік министрі М.Қарабаев:

– Бүгінде халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жол бойында көлік қатынасының көбейгенін аңғару қиын емес. Олардың саны тәулігіне 28 мыңға жуықтайды. Мемлекет басшысы өңірге жасаған жұмыс сапары барысында жауапты сала басшыларына осы көлік дәлізінің Қызылорда қаласы мен Ақтөбе облысына дейінгі бөлігін төрт жолақты етіп кеңейту туралы тиісті тапсырма берді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды. Ол екі кезеңнен тұрады. Алдымен «Қызылорда-Жезқазған» жолында 35 шақырымға жуық айналма жасалып, одан кейін ұзындығы 435 шақырымды құрайтын жолды Аралға дейін жеткіземіз. Бұл бойынша айналма жолдың тендерлік рәсімі аяқталып, алдағы жылы құрылысы басталады. Ендігі кезекте мердігер мекемені айқындау қолға алынады. Ал желтоқсан айында одан әрі жалғасатын Аралға дейінгі аралықтағы жолдың техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамаға енгізіледі. Келесі кезекте қаржы көзін тауып, мердігер мекемелерді айқындау жүргізіледі. Ал құрылысы 2026 жылы басталады деп күтілуде.

Көлік министрі Марат Қарабаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келіп, аймақтың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуда атқарылған жұмыстарды көріп, тұрғындармен кездесті.

Алдымен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сол жағалаудағы жаңадан ашылған автовокзал жұмысымен таныстырды. Жаңа автовокзал халықтың талап-тілегі мен сұранысына сай салынған жаңа нысан. Мұнда жолаушылар мен жүргізушілерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай қарастырылған.

Көлік министрі М.Қарабаев:

– Былтыр Сыр өңірінде өткен жүздесу барысында бірнеше мәселе көтерілген еді. Олардың барлығы облыстың дамуында ерекше орын алатынын білеміз. Солардың бірі ретінде Сексеуіл мен Бейнеу арасында салынатын жолды атап өтуге болады. Жалпы, аталған жоба бойынша екі нұсқа қаралған еді. Алғашқысы Сексеуіл арқылы жүргізілетін болса, екіншісінде Шалқар бағыты қарастырылды. Өткен жылы Қызылордада өткен кездесу барысында жергілікті халық Сексеуіл нұсқасының тиімділігін дәлелдеуге тырысты. Тас жолдың Бейнеу мен Сексеуіл арасында салынуы дұрыс деген ұйғарымға келдік. Жолдың ұзындығы – 736 шақырым. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі қолға алынып отыр. Әрине, бұл нұсқаның тиімділігі бар. Ал Шалқар бағытынан келетін ескі жол жөндеуден өткізіледі. Жоспар бойынша жол құрылысы 2027 жылы басталады. Елімізде оған дейін жүзеге асып жатқан ауқымды жобалар бар. Осыған байланысты олардың әрбірі кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Жолаушылар осы жерден халықаралық және түрлі бағыттағы 38 бағытқа сапарға шыға алады. Тәулігіне 200 жолаушыға қызмет көрсетілетін ғимарат аумағына жолаушыларды түсіруге арналған 6, сапарға шығатындарға арналған 11 перрон жасалған. Авто[1]бустарға арналған қосымша 30 орындық автотұрақ бар.

Әрі қарай министр жолаушылар тасымалы қызметін одан әрі жетілдіруде, қоғамдық көлік мәселесін шешуде атқарылған жұмыстармен танысты.

«Экотакси» қызметін ұйымдастыру үшін «Қызылорда автобуспаркі» ЖШС-не «JAC EJ7» маркалы 100 электромобиль сатып алынды. Бүгінде 52 электромобиль қала тұрғындары мен қонақтарына күнделікті қызмет көрсетуде, 48 көлікті мемлекеттік тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Элекромобильдер үшін «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің базасында 5 қуаттағыш қондырғы, «Qazaq Energy Charge» компаниясы қаланың бірнеше жерінде қуаттау бекеттерін орналастырған.

2022-2024 жылдары Қызылорда қаласының қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы табиғи газбен жүретін 300 «Yutong ZK6852 HG» автобусы алынды.

Мұнан бөлек, министр «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» жолының жалпы ұзындығы – 424 шақырым, ал Қызылорда облысының аумағындағы бөлігі – 216 шақырым. Қазір құрылыс жұмыстары 65 % аяқталып, жыл соңына дейін 140 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланған. Негізі аталған автомобиль жолының құрылыс кезеңі 2022-2026 жылдар аралығын қамтиды.

Марат Қарабаев «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту республикалық маңызы бар жоба екенін, құрылысты сапалы жүргізудің маңызын атап өтті.

ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бірнеше облысты бір-бірімен байланыстыратын қара жол аймақ әлеуетінің жақсаруына тікелей әсер етеді. Бұл ретте жол мәселесінің тиімді шешілгені аса маңызды. Осыған орай, осы аптаның дүйсенбісі күні аймақтағы ахуалмен танысу үшін Сыр еліне сапарлаған Көлік министрі Марат Қарабаев облыс тұрғындарымен кездесіп, бірқатар маңызды мәселелер ортаға салынды.

Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Көлік министрі Марат Қарабаев өңір тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесуге Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов пен өңірдің осы салаға жауапты өкілдері де қатысты.

Көлік министрлігінің басшысымен қызылордалықтар облыс тұрғындарының алдында тұрған өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Олардың қатарында, жолдарды жөндеу бойынша жарияланған конкурстардың жеңімпаздарын анықтау рәсімдері, көліктік бақылау инспекцияларының қызметі, жол-қызмет көрсету ұйымдарының жұмысшыларына төленетін жалақынының төмендігі және теміржолшылар үшін зейнеткерлікке шығу жасын төмендету мәселелері.

Кездесуге қатысушыларды Қызылорда облысы халқының күнделікті жүріп-тұруына байланысты мәселелер толғандырды. Мәселен, ақылы жолдармен жүру тарифтерінің мөлшері туралы мәселе көтерілді. Марат Қарабаев Қазақстанда ақылы жолдардағы тарифтер ең төмен екенін атап өтті. Сөз кезегінде оңтүстік өңірдің тұрғындары жергілікті халық үшін ставкаларды одан әрі төмендету мүмкіндігі жайлы сұрады.

Министр жолақысы әлемде кең таралған тәжірибе екеніне баса назар аударып, Қазақстан Қытайдан Еуропаға және кері қарай жүктер үшін транзиттік аумақ болғандықтан, республика Үкіметі мемлекеттің кірістерін арттыру мақсатында транзиттік әлеуетті пайдалануға бағытталған саясатты жүргізетіндігін айтты.

Екінші жағынан, жүк тасымалы неғұрлым көп болса, мемлекеттік бюджет есебінен салынатын және жөнделетін жолдар соғұрлым тез тозатындығы, сондықтан бұл ағымдағы және болашақ шығындарды өтеуге арналған төлемдер екені айтылды.

– Жергілікті тұрғындарға келетін болсақ, бізде арнайы жеңілдетілген жылдық абонементтер қарастырылған. Әлемде бұрын-соңды мұндай тәжірибе болмаған», – деп түсіндірді Көлік министрі.

Қызылорда облысында демалыс және мереке алдындағы күндерде билеттер бағасының өсуі, сондай-ақ қала маңындағы теміржол тасымалын ұтымды ұйымдастыру тақырыбы да өте маңызды.

Көлік министрі бұл мәселені жан-жақты саралап тиісті мамандармен ақылдасып, шешілетінін мәлімдеді.

Кездесуде тұрғындар тарапынан тағы бір өзекті мәселенің бірі «Қызылорда-Жезқазған» жолының жай-күйі. Министр «Қызылорда-Жезқазған» күре жолының жай-күйін де көзбен көргенін айтты. Сондай ақ «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолы туралы да айтылды.

– Халықпен кездесуде талқыланған өзекті мәселелер көп болды. Соның ішінде «Батыс Қытай- Батыс Еуропа» жолын 4 жолақтыға ауыстыру бойынша бірнеше сұрақтар қойылды. Ол бойынша келесі жылы тиісті жұмыстар басталады. Қазіргі таңда жол құрылысына байланысты құжаттар әзірленіп, Ақтөбе аумағындағы жолды жаңғырту жұмыстары басталды, – деді министр Марат Қарабаев.

Марат Қарабаев жолаушылар пойыздарының кешігуін болдырмау үшін жұмыс жасалуына, сондай-ақ мамандармен халықтың қажеттілігін және қала маңындағы пойыздардың қозғалыс кестесін зерделеуге уәде берді. Күн тәртібінде қаралған басқа да мәселелер бойынша министр егжей-тегжейлі түсініктеме беріп, кейбір өтініштерді өз бақылауына алды.

Кездесу соңында белгілі болғандай бірнеше мәселенің түйіні шешілді. Мәселен: Келесі жылы «Қызылорда-Ақтөбе» автомобиль жолын қайта жөндеу басталады. Жол I техникалық санатқа сәйкес және төрт жолақты болады. Жөндеу жұмыстары Қызылорда қаласын айналып өтетін жолдан басталады. Қызылорда облысының аумағы бойынша жолдың ұзындығы 465 шақырымды құрайды. Сондай-ақ 2027 жылы жалпы ұзындығы 736 шақырымды құрайтын «Бейнеу-Сексеуіл» республикалық маңызы бар автомобиль жолының құрылысы басталады. Сонымен қатар, биыл Қызылорда облысының аумағынан өтетін «Қызылорда-Жезқазған» автожолының 140 шақырымы пайдалануға беріледі.

Кездесу соңында министр өзекті мәселелері бар өңір азаматтарын жеке қабылдады.

МИНИСТРДІҢ ВОКЗАЛҒА КӨҢІЛІ ТОЛДЫ…

Кездесуден кейін Марат Қарабаев өткен жылы күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалына барды. Жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер компания шатырды орнату, ішкі бөлмелерді безендіру, ғимараттың қасбетін жаңарту, есік-терезелерді, және т.б қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Мұнда арнайы пандустар мен сыртқы жарықтандыру да қарастырылған.

Министр М.Қарабаев:

Алдағы уақытта жолаушылар тасымалдау мәселесін жақсарту мақсатында елімізде швейцариялық «Stadler» маркалы вагондарды құрастыру ойластырылып отыр. Бұл вагондар 40 жылға дейін қызмет етуге жарамды. Сондай-ақ оған жауапты шетелдік компания он жылға дейін сервистік қызмет көрсетуге уәде беріп отыр. Бүгінде аталған вагондар Еуропада жоғары бағаланады. Сондай-ақ елімізде 50-ден астам теміржол вокзалын жөндеу жоспарлануда. Әзірге бұл тізім нақтылану үстінде. Сол себепті өздеріңізден түскен ұсыныстарды қарастыратын боламыз. Ал Қызылордадан Ақтау және Қарағанды қалаларына әуе қатынасын ашу экономикалық тұрғыдан тиімсіз екені даусыз. Дегенмен еліміздегі туризм мәселесін жақсарту үшін «Қызылорда-Көкшетау» бағытында әуе рейсін ашу ойластырылуда.

Қазір жүретін 11 маршруттың екеуі тальго, алтауы стандартты вагон, қалған үш маршрутты жеке тасымалдаушылар қамтамасыз етеді. («Марал-Нұр» ЖШС, «Номадас» ЖШС, «Арлан Транс» ЖШС).

Жолаушылар ағыны тәулігіне шамамен 3 мың адамды құрайды.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған