Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында азаптауға байланысты қылмыстарды тергеп-тексеруде жүйелі тәсілді енгізу, осы функцияны Бас прокуратураға бекіту туралы тапсырма берді.

Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездік немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбір көрсетуге, не жазалауға болмайды. Ата Заңымызда адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайтындығы нақты көрсетілген.

Бүгінгі күні Қазақстан азаптауларға нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады және бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда.

Осыған сәйкес өткен жылдың қарашасында жылы №157-VII ҚР Заңына сәйкес Қылмыстық-процестік кодексіне өзгерістер енгізіліп, биылғы жылдың басынан бастап азаптау фактілері бойынша тергеп-тексеру Прокуратура органдарына жүктелді.

Осыған сәйкес Бас прокуратурамен «Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және жазаны орындау сатысында азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі» нұсқаулық бекітілді.

Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау, азаптаулардың алдын алу, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау мен уақытылы қалпына келтіру Нұсқаулықтың негізгі мақсаты болып табылады. Бұдан кейін аумақтық құқық қорғау органының басшысы азаматтарды әкелу, жеткізу, ұстаудың заңдылығы мен негізділігіне, сонымен қатар оларды азаптауға және өзге де қатыгез, адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынасқа жол бермеуге тікелей жауапты болады.

Алдағы уақытта азаматтарды қылмыстық қудалау органдарына жеткізу және ұстаудың барлық процесі бейнежазбаға жазатын техникалық құралдарды қолдана отырып, процестік мәжбүрлеу басталған уақыттан сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға өткізгенге дейін үздіксіз жазылады.

Қылмыстық іс шеңберінде азаматтарды ҚПК-нің 129-бабында көзделген тәртіппен құқық қорғау органдарына жеткізу адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар екенін көрсететін жеткілікті деректер болған кезде ғана қолданылады.

Облыс прокуроры Н.Бижановтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті, Полиция департаменті және экономикалық тергеу-тексеру департаменті басшылығының қатысуымен ведомствоаралық жедел мәжілісте Нұсқаулықты іске асыру бағытындағы іс-шаралар талқыланды.

Жедел мәжіліс барысында облыс прокурорымен қылмыстық қудалау органдары басшыларына қылмыстық қудалау органдары ғимараттарына толық бейнебақылау орнату және Нұсқаулықтың толық орындалуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді.

Жаңа нұсқаулық тұтастай алғанда азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған.

Қызылорда облыстық прокуратурасы

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған