Биылғы жыл біз үшін ерекше жыл. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылғы 03 қаңтарда «Ана тілі» газетіне берген сұқбатында «Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз» деген болатын.
Осы ретте 2019 жылдың 19 мамырында құрылған«Atamnyn Amanaty” қоғамдық бірлестігінің қызметін айта кету керек. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалған қазақстандық жауынгерлерді мұрағаттар мен майдан даласынан жүйелі түрде іздестірумен айналысатын жалғыз ұйым.

Миссиясы – жастарға рухани-адамгершілік және әскери-патриоттық тәрбие беру арқылы ұрпақтар сабақтастығы мен тарихи жадының сақталуына ықпал ету.
Қызметінің негізгі бағыттарын былайша жіктеуге болады:
-Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстаннан шақырылған солдаттар мен офицерлердің тағдырын анықтау және олардың ұрпақтарын іздеу мақсатындағы мұрағаттық зерттеулер.
-Қазақстанда жасақталған құрамалар мен дивизиялар ұрыс жүргізген жерлердегі далалық іздестіру экспедицияларына қатысу.
-Екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлерді іздестіру және олардың есімдерін қастерлеу бойынша халықаралық ынтымақтастық.
-Қазақстандық батырлардың есімдерін ел есінде сақтау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру.
-Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткен және қайтыс болған боздақтарды мәңгі есте қалдыру мақсатында жастар арасында әскери-патриоттық жұмысты жүргізу.
Бірлестік құрылған 2019 жылдан бастап “Atamnyn Amanaty” ресми сайты, әлеуметтік желілер және байланыс телефондары арқылы хабарсыз кеткендерді іздестіруге 10 мыңнан астам өтініш келіп түскен. 4500-ден астам қазақстандық жауынгерлердің жерленген жерлері мен жеке бастарын анықталды.
Ресей, Беларусь және Шығыс Еуропа аумағынан табылған 19 сарбаздың сүйегі Қазақстанға жеткізіліп, әскери құрметпен салтанатты түрде жерленді.
Мұрағаттық іздестіру жұмыстарымен тәжірибелі мамандар айналысады. Олардың еңбегінің өтеуі – 80 жылдан астам уақыт өткен соң елге оралған сарбаздардың ұрпақтары мен туыстарының алғыс сөздері. «Атамның аманаты» ҚБ еріктілері тәжірибе алмасу үшін түрлі форумдарға, соның ішінде жыл сайынғы халықаралық «Солдат тағдыры: архивтік зерттеулердің теориясы мен тәжірибесі» халықаралық конференциясына тұрақты қатысады.
“Atamnyn Amanaty” ҚБ халықаралық ынтымақтастық аясында 100-ден астам меморандумдар мен келісімдерге қол қойып, олар сәтті жүзеге асуда. ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп Еуропада жерленген қазақстандық сарбаздар туралы мәліметтер базасы жасалды. Онда шамамен 28 000 адамның аты-жөні бар. Қазіргі уақытта олардың Қазақстандағы ұрпақтары мен туыстарының тізімін жасау үшін «кері іздестіру» жұмыстары белсенді жүргізілуде.
“Atamnyn Amanaty” ҚБ жыл сайын ««Ортақ тарих. Ортақ жеңіс. Ортақ көзқарас» атты халықаралық конференцияны өткізіп келеді. Бұл конференция ТМД елдерінің үкіметтік емес ұйымдары мен іздестірушілер үшін өзара әрекеттесу, пікір алмасу алаңына айналды.
Форумның мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдердің аумақтарында мұрағаттық және далалық іздестіру жұмыстарын ұйымдастырудың ерекшеліктерін талқылау. Табылған сарбаздардың сүйектерін отанына жеткізуде іздестіру жасқтарының өзара іс-қимылы бойынша ұсыныстарды қалыптастыру және боздақтардың есімдерін мәңгі есте қалдыру бойынша бірлескен жұмыстарды жүргізу.
“Atamnyn Amanaty” ҚБ әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында түрлі іс-шараларды ұйымдастырады. Ұйым құрылғалы бері жалпы саны 10 000-нан астам (дөңгелек үстелдер, конференциялар, челлендждер, квесттер, сенбіліктер, ағаш отырғызу, спорттық және бұқаралық жарыстар) сияқты іс-шаралар өткізіліп, олар 2 000 000 астам адамды қамтыды.
«Atamnyn Amanaty» ҚБ Астанадағы Триатлон паркінде Екінші дүниежүзілік соғыс батырларына арналған жарыс өткізуді дәстүрге айналдырды. Аталған марафонға жылда ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің, ҚР ІІМ Ұлттық Ұланының әскери қызметшілері, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, кәсіби мен әуесқой спортшылар қатысады.
Кеңес Одағының Батыры С.Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжде қазақстандық батырлардың құрметіне жыл сайын волейболдан ұлдар мен қыздар арасындағы турнир, сонымен қатар мини футболдан жарыстар өткізіп тұрады.
Әскер жасына дейінгі жастармен жқмыс өз алдына бөлек сала. Астана қаласындағы барлық дерлік колледждермен (олардың барлық саны 33) ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл жұмыс Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына арналған дөңгелек үстелдер, конференциялар, жалпы қалалық викториналар, спорттық жарыстар, квесттер мен ойындар сияқты патриоттық шараларды жүйелі ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.

«Аталар аманатына адалмыз» акция аясында Қазақстанда жасақталған құрамалар мен дивиязиялардың тарихын зерделеу үшін әр колледж жеке ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бүкіл оқу жылы бойы колледждерде ҚР Қарулы Күштері ардагерлерінің қатысуымен «Ерлік сабақтары», сонымен қатар «Қазақстандықтардың Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігі» тақырыбына «Батыр баба тарихы» атты интеллектуалдық ойындар тұрақты өтіп келеді.
ҚР ҚК Ақмола гарнизоны мен ҚР Ұлттық Ұланының әскери бөлімдеріне студенттерді алып бару дәстүрге айналды. Сапар барысында олар сарбаздардың тыныс-тіршілігімен, қару-жарақтармен, әскери техникалармен танысады.
«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің делегациясы былтыр Ресейде өткен «Даңқты Волхов майданының жолымен» атты әскери-тарихи мемориалдық жорығына қатысып қайтты. Жорық Новгород облысы аумағындағы бір кезде қиян-кескі ұрыстар жүрген жерлерді қамтыды.
Аталған шараға «ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері» қоғамдық ұйым төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов және 1941 жылы Ақмола қаласында жасақталған 310-ы Қызыл Тулы Ленин орденді Новгородтық атқыштар дивизия жауынгерлерінің бүгінгі ұрпақтары қатысты. Дивизияның жартысына жуығы, яғни 40 пайызы қазақтардан құралғанын және олардың Новгород қаласын азат етуде өздерін өшпес даңққа бөлегенін айта кету керек.
«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің делегациясы «Даңқты Волхов майданының жолымен» әскери-тарихи мемориалдық жорығына ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музейінде сақтаулы тұрған 310-шы атқыштар дивизиясының Жауынгерлік туын алып барып, асқақтата алып жүрді.
Осының бәрі өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің қамы, өйткені оларға кешегі от кешкен ата-бабаларының өмірі үлгі-өнеге болуға тиіс.
Мұрат Молдағалиев
«Atamnyn Amanaty» ҚБ Басқарма төрағасы