«Ағайынды Карич қоры» сыйлығына бұрын әлемге әйгілі ғылым, журналистика, экономика, мәдениет және өнер қайраткерлері ие болған.

3 желтоқсанда Сербияның Белград қаласында «Ағайынды Карич қоры» сыйлығын табыстау рәсімі өтті, – деп хабарлайды dimashnews.com сайты.

1979 жылы елдің ғылыми-технологиялық және шығармашылық әлеуетін қолдау және ілгерілету, жұртшылықты әлемдік мәдениеттің жетістіктерімен таныстыру институты ретінде құрылған қор 26-шы рет көрнекті шетелдік тұлғаларға сыйлық табыс етті.

«Ағайынды Карич қоры» сыйлығына бұрын әлемге әйгілі ғылым, журналистика, экономика, мәдениет және өнер қайраткерлері ие болған. Әр жылдары физика бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Ж. Алферов, әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты П. Хандке, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев, кинорежиссер Э. Кустурица, теннисші Н. Джокович, актер С. Сигал, Түрксойдың бұрынғы бас хатшысы Д. Қасейінов осы марапатты алған.

Биыл сыйлыққа ұсынылған ерекше тұлғалар арасында Қазақстанның дарынды әртісі Димаш Құдайберген де марапатқа ие болды.

Қор директорлар кеңесінің пікірінше, Димаштың айрықша вокалдық өнері, оның классикалық және заманауи стильде орындау қабілеті, кез келген нотаны орындау мүмкіндіктері әртісті Қазақстан мәдениетінің жарқын өкілі, өз ісінің табысты маманы ретінде атап өтуге мүмкіндік береді.

«Біздің директорлар кеңесі осындай маңызды әртіс осы жолдағы таланттардың алтын сериясының жалғасы болуға лайық екендігімен бірауыздан келіседі, бұл біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтады», – деп атап өтті Сербиядағы Қазақстан Республикасының құрметті консулы, ағайынды Карич қорының негізін қалаушы Миланка Карич.

Марапаттау рәсімі Серб мәдениеті мен дәстүрін айқындайтын мәдени мұра – Белградтағы Ұлттық театрда өтті.

Ұлттық театр сахнасында Димаш қазақтың халық әні «Самалтау» және Игорь Крутойдың «Mademoiselle Hyde» әндерін шырқаған.

Димаш ағайынды Карич қорының құрылтайшылары мен директорлар кеңесіне марапатқа лайық деп танығаны үшін алғысын білдірді, өнер саласындағы халықаралық жобалардың елдер арасындағы достық пен өзара дамуды қолдау мүмкіндіктері ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. 

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған