Соңғы үлгідегі цифрлық әлеуетке ие бейнекамералар орнату көлік қозғалысын бақылап, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтап, заң бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қызылорда өңірінде 10777 бейнебақылау камералары орнатылған, олардың 3558-і Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Дегенмен, Цифрландыру жөніндегі Ұлттық жобада көзделгендей, 2025 жылға дейін өңірде бейнебақылау камералар санын 1400-ге арттыру міндеті тұр. Биыл соның 500-ін орнату жоспарда бар.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар цифрлық компания өкілдерімен кездесіп, Қызылорда қаласын бейнебақылау камераларымен жабдықтау мәселесін талқылады.

«Arcan Security Solutions», «SATELIT-A», «Көркем Телеком» компанияларының өкілдері жобаларын таныстырып, қала аумағын қауіпсіз ететін бейнекамераларды орнату бағытында өз ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, «Көркем Телеком» компаниясының «Сергек» жобасы тәжірибеге енгеннен кейін, бірқатар өңірлерде көлік апатының және басқа да қылмыстардың саны біршама азайған.

Ал, «SATELIT-A» компаниясынің өкілі «мобильді кешен» жобасы интернет мүмкіндігі жоқ аумақтарда да қылмыстарды тіркеп, деректерді таспаға түсіре алады дейді. Сондай-ақ, жаңа жобалар құжаттардың сақталуы мен оқиғаның базаға жылдам жүктелуіне мүмкіндік береді. Компания өкілдері қысқа уақыт ішінде жобаға жұмсалған қаржының қайтарымы болатынын тілге тиек етті.

Облыс әкімі жобалардың барлығы сараланып, тиімділігі ескерілетінін және сапасының жоғары болуы маңызды екенін қаперге салды.

Біз бұл жобаларға бизнес ретінде емес, адам өмірін сақтауға қажет жоба ретінде қараймыз. Бастысы – қала қауіпсіз болуы керек. Тұрғындар, әсіресе балалар қауіпсіздік үшін алаңдамауы тиіс. Барлық жерде бейнекамералар орнатылғаннан кейін ұрлық-қарлық, бұзақылық, түрлі деңгейдегі қылмыстар азаяды деп сенемін. Қылмысқа баратындар да аяғын тартады. Бейнекамералар сол үшін қажет. Сондықтан жоба барлық жағынан ұтымды болуы тиіс, әрі мердігер компания жұмысты өз мерзімінде үйлестіре алуы қажет, – деді аймақ басшысы.

Жиын соңында Нұрлыбек Нәлібаев орынбасарларына, облыстық полиция департаменті және тиісті сала басшыларына әрбіржобаны пысықтап, қажеттілігін ескеруді міндеттеді.

 Айта кетейік, бұл компаниялардан бөлек, алдағы уақытта осы салада қызмет ететін өзге мекемелердің де жобалары қаралып, қорытынды шешім қабылданады.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің ақпараттары бойынша

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған