Алаш жұртын алаңдататын мәселенің қарасы көп. Түйіні шешілмей, бұқараны тығырыққа әкелгені де өтірік емес. Маңызын жоймайтын мәселелер легін азық-түлік қымбаттауы бастап тұрғаны тіпті қиын. Соңғы уақытта қызу талқыға түсіп, көпшіліктің назарын аудартатын да осы тақырып. Бағаның бірқалыпты болмауына не себеп? Билік өкілдері қандай шаралар қолдануда? Нәтижесі қандай?
Экономист Мақсат Халық қымбатшылықтың бірнеше себебін атап көрсетті. Оның айтуынша халық кедейшілік шегінде өмір сүріп жатыр. Бұған дәлел ретінде ол қазақстандықтар тапқан табысының 56%-н азық-түлік алуға жаратады дейді. Ал, нақты деректер бойынша, табысының жартысын азық-түлікке жарататын халық кедейшілік шегінде деп бекітілген.
Ресми деректерге сүйенсек өсімдік шаруашылығы өнімдері бойынша қант қызылшасының бағасының 29,8%-ға қымбаттауы байқалды. Алайда, асханалық қызылшаның бағасы 6,9 пайызға арзандады. Сондай-ақ, өндірушілердің бағасы қиярға 18,5%-ға, пиязға 10,9%-ға, қызанаққа 6,5%-ға және картопқа 2,4%-ға өсті. Дәнді дақылдар арасында ең жоғары баға өсімі жүгері-17%, арпа-13%, күріш-10,4% және бидай-9,3% бойынша тіркелді. Баға қырыққабатқа-0,4%, асханалық сәбізге-0,3% төмендеді.
Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин еліміздегі пияз өндірісіне қатысты түсінік берді. Өз сөзінде ол:
-«Қазір пияз жоғары сұранысқа ие тауарға айналды. Себебі пияз егетін Өзбекстан, Пәкістан, Ресей Федерациясында өндіріс жоқ. Қазір Мәскеу сөрелерінде пияз бағасы 500 теңгеге жетсе, Өзбекстанда 350 теңге тұрады. Ал бізде баға 170 теңгеге дейін өсті. Елімізде пияз тапшылығына жол берілмейді. Сондықтан да сыртқы сауда бойынша ведомства комиссиясы үш айға пияз экспортына тыйым салу туралы шешім қабылдады»-деді, Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап беріп тұрып.
Оның айтуынша қазақстандықтардың тұтынуына ай сайын 30 мың тонна жуа қажет.
«Қазақстанның шекара қызметі, мем
лекеттік кірістер комитетінің басшылығымен тікелей сөйлестім. Тұтынушыларды қажетті пияз көлемімен қамтамасыз ету жағдайы бақылауда»-деді, ол.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің «Пияз бағасы қымбаттай ма?» деген сауалына:«Белгілі бір сомада өсімді күту керек шығар. Мен болжам жасай алмаймын, бұл сұрақ өте субьективті»-деп,қысқа қайырды.
Облыс көлеміндегі азық-түлік бағасы қандай? Әлеуметтік дүкендер мен жеке меншік дүкендерді салыстыра өтейік. Әлеуметтік дүкенде бір келі картоп – 125 теңге болса, «Қызылорда» сияқты жеке дүкендердің сөрелерінде 206 теңгеден сатылуда. Ал, қанттың келісі әлеуметтік дүкенде 425 теңгені құраса, жеке сатылымда 455 теңгені құрайды. Пияздың келісі әлеуметтік дүкенде 90 теңге болса, жеке дүкеннің сөресінде 300 теңгені құрап тұр. Өзіміз өндіретін ақ алтын – күріштің бағасы қандай? Жеке меншік дүкендерде келісі – 470 теңге. 2021 жылы күріш – 220 теңге шамасында сатылса, қазіргі бағасы екі есеге көтерілді. Біраз айырмашылық бар. Қымбатшылық қысқаны қатты байқалады.
Сандарды сөйлетіп, қандай хәлде екенімізді айқындадық. Түйткілі таяу уақытта шешілмейтіні де байқалып тұр. Бағаның бүгін-ертең арзандайтын ойы жоқ. Күн өте құбылған қажеттілікті қамшылау қолдан келмей барады. Түйткілдің түйінін шешу үшін төзім мен табандылықпен қоса бірлік те қатты қажет.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған