Елімізде енгізілген Наурызнама онкүндігінің қорытынды күні – Тазару күні аясында қаламызда тал егу акциялары ұйымдастырылды.

Жаңару мен тазарудың жаршысына айналған аталмыш дәстүр қаладағы саябақтарда өтті.

Денсаулық және демалыс саябағында өткен шараға қала әкімі, ардагерлер, түрлі мекемелердің ұжымдары және ерікті жастар белсенді қатысып, 1000-нан аса көшет отырғызды.

Қармақшы ауданындағы Жастар саябағында өткізілген ағаш отырғызу акциясына аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысты.

Табиғат тазалығын сақтауды үндеген акцияда жиналған жұртшылық жұмыла ағаш отырғызып, ардагерлер бата беріп, ізгі тілектерін білдірді.

Жалағаш ауданы бойынша «Тазару күнінде» аудан әкімі Ардақ Ибраимов Жалағаш кентінің аумағын қоқыстан тазарту жұмыстарымен танысып, сала бойынша жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.

Барлық мекеме ұжымы бөлінген аумақтарды, көшелерді, жол жиегіндегі арықтарды күл-қоқыстан арылтып, тазалық жұмыстарының қарқын алуына өз үлестерін қосты.

Жалағаш кенті және ауылдық округтерде ұйымдастырылған жаппай сенбілік жұмыстарына аудан бойынша 142 мекемеден 1450-ге жуық адам қатысып, 12 техника жұмылдырылды. Жабайы шөптер шабылып, қураған талдар кесіліп, аяқ су жүретін арықтар қураған жапырақтардан тазартылып, 13,5 тоннаға жуық күл-қоқыстар белгіленген орындарға шығарылған.

Тазару күніне орай Сырдария ауданында жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілік барысында көшеттер егіліп, су жолдары тазартылды, күл-қоқыстар шығарылды.

Жаңақорғандықтар сенбілік мақсаты – қоғамның тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгерту, табиғатты аялау, тұрғындарға қоршаған ортаны қорғау және оны ластамау мәдениетін қалыптастыру дептi.

Барша қазалылықтар ауданның барлық аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, аудан орталығындағы Теміржол вокзалы алдындағы саябақта аудандық Әйелдер және Аналар кеңесінің мүшелері Тазару күніне орай ағаш көшеттерін отырғызды. Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет те ағаш егу рәсіміне қатысып, экологиялық науқанға атсалысты. Сондай-ақ аналармен пікірлесіп, бұл күн азаматтарға қоршаған ортаны қорғауға, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға үлкен мүмкіндік беретінін жеткізді. Мұнан соң Әйтеке би кенті мен шет аймақтарда өткен тазалық жұмыстарын аралады.

Жалпы ауданда өткен сенбілікке 147 мекеме, кәсіпорындардағы 2982 қызметкер өз үлестерін қосты. 41 техникалар жұмылдырылып, нәтижесінде 39,2 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы орынға шығарылды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған