Осыдан біршама уақыт бұрын Қызылорда қаласындағы ірі базар орындарына прокуратура тарапынан үлкен тексеріс жүргізілгенін естіген болатынбыз. Тексерістің жәйі қалай болды екен деп ойлана жүргеніміз сол еді, қала әкімі А. Шәменов қала әкімдігінің мәжіліс залында барша базар иелерімен кездесу өткізді. Мәселенің төркіні сонау қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан басталған. Базардың кей дүңгіршектерінен өрескел қателіктер анықталып, тексеріс нәтижесі көңілге қаяу келтіріп отырғаны рас.

Тексеріс барысында базар аумағында газ баллонын пайдаланған саудагерлер анықталды. Бұл базардағы тез тамақ әзірлейтіндерге қатысты болса керек.

Көп уақыт базарда газ баллонын пайдалану дерегінің анықталмай келуіне қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы себепкер ме? Жөнді тексеріс жұмыстары жүргізілмегендіктен қателіктер болып отырғаны жасырын емес.

Бұл тұрғыда қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Түйменовке біраз сөз айтты.

– Мен үнемі айтамын. Түсіндірме жұмыстарынан бөлек басшы ретінде өзіңіз барып тексеруіңіз керек. Жарылыс, өрт болса қайтесіз? Тұрғындардың қауіпсіздігі тікелей сіздердің міндеттеріңіз,-деді қала әкімі.

Айыбын пұлмен төлейді

Тексеріс барысында көптеген заңбұзушылықтар орын алып, нәтижесінде базар иелері айыппұл арқалады. Алайда, қаладағы «Айтбек» базарының басшысы бұған қапаланып отырғанын байқадық. Оның айтуынша тексеріс келерден бұрын ескерту керек. Бірден айыппұл салмай заңбұзушылықты қалпына келтіруге 2-3 күн уақыт беру керек.

Асылбек Өмірбекұлы, мен сізді құрметтеймін. Бірақ, тексеріс келерде ескерту деген болушы еді. Айыппұлда тұрған мәселе жоқ. Оны төлейміз. Тек облыс пен қаланың кәсіпкерлік салалары біздің құқықты қорғаудың орнына жауапты органдар жағынан табылып отыр,-дейді базар басшысы.

Жалпы базардағы тірлікке көптің көңілінің толмай жүргені рас. Күндіз үлкенді-кішілі көліктер жол жиегіне тізбектеледі, жол бойында адамдар көбейеді, арба сүйрейтіндердің өзі талай мәселе туындатып, бар жолды тарылтып, көпшілікке кедергі келтіруде. Оған базар жиегіндегі жаяулар жолында заңсыз тұрып, жаяулардың жолын меншіктеп алған саудагерлерді қосыңыз, қысқасы биыл шешілмейтін шаруа.

Қазірде «Сыбаға» базарынан өтіп, «Айтбек» пен «Отырар» базарларының көшесіне түсе сала алдыңғы жақтан аялдама шығады. Ол аялдаманың ішінде ломбард орналасқан. Алдына тізілген көліктер бірінің артына бірі тұрып жаяуларға жол қалдырмайды. Базар иелері осы аялдаманың орнын 1-ші Май мектебінің маңайына қойса, бұрынғы орны ашылып, жүргіншілерге де, жүргізушілерге де жайлы болар еді дейді. Бір жағынан, оқу маусымы кезінде мектептен шыққан балалар мен базардан шыққан қалың көпшіліктің аядай аялдамаға сыймай, ыңғайсыздық тудыратыны анық секілді.

Заңсыз сауда жасап жүргендер жайлы қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бағлан Аманкелдиев былай дейді: «Жаңа базар» маңындағы Пушкин көшесі мен Әбілқайырхан көшелерінде, яғни кәсіпкерлік нысан иелері өз тауарларын көшенің бойына шығару салдарынан, бей-берекет сауданың ұйымдастырыуына жол беріліп отыр. Бұндай жағдайлар қаламыздың Әйтеке би, Тоқтыбаев, Қонаев көшелерінің бойындағы «Отырар», Айт-Бек, Қорқыт сауда үйлерінің іргесінде көше бойында және «Сыбаға», Талғат базарлары (Ескі базар) маңында бей-берекет сауда ұйымдастырылып, көшенің бойы ласталып, жол қауіпсіздігіне кері әсерін тигізіп отыр.

Өзбекстанға қайтпай жүр

Айтпақшы дәл осы маңдардан Өзбекстан елінің азаматтары заңсыз жұмыс жасап, ыстық тандыр нан сатып жүргенін барлығы біледі. Қалалық Полиция Басқармасы басшысының орынбасары Оспановтың айтуынша патрульдік полицейлер күніне ондаған адамға хаттама толтырып, айыппұл салады. Алайда жұмыстарының нәтижесі оң болмай, басқа елдерден келетін азаматтар саны азаяр емес. Онсыз да қаланың талай тұрғыны екі қолға бір күрек таппай жүргенде басқа елдің азаматын, оның үстіне заңсыз келген жұртты жарылқап, оларға жұмыс беріп отырғандар кім болды екен?

«Сыбаға» сынға ұшырады

Талай уақыттан бері халықтың азық-түлік алып жүрген базары «Сыбағада да» кемшіліктер бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын базар аумағын өзгертіп, барлық саудагерлерге төбесі жабық бөлме салу мақсатында жобалар жасалған болатын. Алайда, пандемия қалтадағы қаржыға қатты әсер етіп, аталған жоспар алдағы жылдардың еншісіне қалды.

Негізінен 2020 жылы «Сыбаға» базарының киімкешек жағына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жалпы көлемі 2240 шаршы метр құрайтын 2 қабатты 70 сауда орны бар «Қорқыт Ата» сауда үйі тұрғызылып, іске қосылды. Бұған қоса осы жұмыстарды жалғастыру мақсатында «Сыбаға» және «Сұлтан» базарларының қосымша құрылысының жаңа эскиздік жобалары бекітілген болатын. Дегенмен, осыған дейін базар аумағында жүргізілген құрылыс жұмыстарына алынған несие берешегі әлі күнге дейін қаржы ұйымына кешіктіріліп қайтарылуда. «Сыбаға» ЖШС-нен әкімдіктегі жиынға келген Ризванова Заринаның айтуынша тексеріс барысында анықталған барлық заң бұзушылықтар бойынша айыппұл төленіп, олқылықтарды жою жұмыстары атқарылуда.

Ұзақбаев тазалыққа жауапты

Қалалық СЭБ-тің басшысы Ерлан Ұзақбаев әр жиын сайын жасалған жұмыстар жайлы айтып отырады. Алайда, қала әкіміне әлі де бір ұсыныспен кірмеген, бірлесе жұмыс жасамаған. Базардағы тазалық мәселесі де көңіл көншітпей отыр. Апта сайын санитарлық күн болса да, жеке саудагерлер тарапы тазалыққа немқұрайлы қарайды. Мәселен, көше бойындағы жаяулар жолын жаулап алып, саудасын жүргізетін кәсіпкерлерден қанша қоқыс қалатынын көргіңіз келсе кешқұрым базар маңына барып көруге болады. Одан қалса, бекітілген ережеге сәйкес базарда сатылатын халық тұтынатын өнімдердің барлығының беті жабық болуы керек екен. Беті жабық өнім көрмегелі қай заман?

Қусаң қайтып келеді

Базар маңындағы жерлерді иеленіп алып, заңсыз сауда жасап, көшедегі кептелісті тудыруға себепкер болатын саудагерлерге базар иелері де ұдайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отыратын көрінеді. «Сатып алған меншігің емес, өзім білемін»-ді алға тартып, тұрған орнынан қозғалмайтын көрінеді. Амалсыздан учаскелік полицейді шақырғанда орнынан жылжығанмен, полицей кетісімен қайта келеді екен. Тіпті бір кездері базар қызметкерлерімен жаға жыртысқандары да болған.

Базарлар неге сын көтермейді?

«Асбол» ЖШС-гі, Жаңа базардың басшылығы да жиыннан табылды. Бұл жақта да заңбұзушылықтар анықталған. Алайда, әкімнің көңіліне тиген тұсы базар ауласындағы саудагерлердің отыратын орны болды. Расында, Жаңа базардың артындағы құмы мен шаңы араласқан үлкен ойдың үстінде саудагерлер сауда жасауда. Жаңбыр жауса батпаққа бату мәселе емес.

– Кейде көлікпен өткенде саудагерлердің үстінен өткендей боламыз. Жолы қайсы, жері қайсы көрінбейді. Уақытша болса да асфальт төсеп, келген тұрғындарға, бастысы саудагерлерге жағдай жасауға болады ғой,-дейді қала әкімі.

Бұған қоса «Асбол» базары бойынша бүгінгі күні базар аумағында заман талабына сай тұрғызылған «Атамекен» және «Жаңа базар» сауда орталықтары жұмыс жасайды. Сондай-ақ, «Асбол» ЖШС тарапынан қаламыздың Қонаев көшесінің бойынан жоба құны 1,5 млрд теңге көлеміндегі 9500 шаршы метр құрайтын «Прима Парк» бизнес орталығының құрылыс жұмыстарына қаражат жұмсалған. Базар әкімшілігі осыған дейін құрылыс жұмыстарына алынған несие төлемдерінде қиындықтар туындап отырғандығын алға тартып, базар құрылысын жүргізу келесі жылға жоспарланып отырғандығын мәлімдеп отыр.

Сонымен қатар жоғарыда біз айтқан «Сыбаға» базарындағы саудагерлердің төлем жүйесі әкімнің көңілінен шықпады. Анық болғандай әр саудагер өз жеріне күн сайын төлем төлейді екен. Демек, мұнда айына төлеу деген ұғым жоқ.

– Менің есіме 90-шы жылдар түсіп отыр. Базарға барып күнделікті ақша алып кетіп отырасыздар ма? Олай болмайды ғой. Айына бекітілген тариф болуы керек. Бұл мәселені шешуге үш күн уақыт берем,-деді қала әкімі.

– Мәселен саудагерлер бір аптаға 7 мың теңге төлесе кейде олар сырт жаққа жол жүріп, зат алып келуге кетеді. Базарда жоқ болған күндеріне олар ақы төлемейді. Бұл бір жағынан оларға ұтымды. Десе де, базар басшылығымен қазіргі таңда аймаайы төлем жүйесін қарастырып жатырмыз,-дейді Ризванова.З

– Базардағы қауіпсіздік талаптары сақталу керек. Бірнеше жыл бұрын Қазалыдағы базар өртенгенде адамдар, саудагерлер жапа шекті,-деді қала әкімі тағы да.

Сөзіне тұздық болсын деп жиында отырған қала прокурорының орынбасары былай деді: Базарда адам жүретін жер мүлде жоқ. Болған күнде де тар. Аяқ асты өрт шыға қалса қашып шығуға ешкімде мүмкіндік болмайды,-деді.

Жалпы бүгінгі таңда қаламыздың аумағында 12 базар жұмыс жасап тұтынушыларға қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 4 базар әмбебап сауда базарлары қатарында болса («Жаңа» базар, «Сұлтан», «Сыбаға», «Қанат» базарлары;), 8 базар мамандандырылған базарлардың («Сәулет» шағын базары, «Талғат», «Гүлдана», «Ақтөре», «Сығанақ», «Бабас», (құрылыс базары) базарлары және Автокөлік, «Бұлан» мал базарлар) қатарына жатқызылған. Қала аумағындағы орналасқан әмбебап базарларды жабық базарларға көшіру мәселесі кезеңкезеңмен 2025 жылға дейін жүргізілуі тиіс.

Бағлан Аманкелдиевтің айтуынша сауда базарларын жаңғырту мен заманауи форматқа көшіру бағытында қала орталығында орналасқан «Сыбаға», «Сұлтан», «Асбол» базарлары басшылары және қала әкімдігімен бірлесіп жол картасы әзірленді. Сонымен бірге базарларда санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу үшін, базар әкімшілігінің бекітілген бұйрығына сәйкес айына бір мәрте санитария күн өткізіледі. Әр базардың санитарлық күні әртүрлі. Санитарлық күні асхана, әжетхана, ет, балық, көкөніс, жеміс-жидек өнімдерін сататын орындар залалсыздандырылады екен.

 

Дамир АМАНГЕЛДІ

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған