Қызылорда қаласының әкімі Н.Ахатов:
– Биыл Сыр елінің бас шаһары Қызылорда қаласының Астана болғанына және «Қазақ» атауының қайтарылуына 100 жыл толып отыр. Бұл жалғыз Сыр өңірінің мерейтойы емес, бұл – тұтас ұлт, мемлекет тарихына қатысты кезең. Қазіргі таңда мерейтойды атап өтудің тұжырымдамасы мен облыстық іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленіп, оған 40-қа жуық ауқымды іс-шара енгізілді.
Мерейтойды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі комиссияның алдын ала талқылау отырысы өткізіліп, онда республикалық деңгейде белгілі тарихшылар мен ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ғылыми-танымдық конференциялар ұйымдастыру, «Алаш арыстарына» арналған музей ашу, қала орталығынан «Тұңғыш астанаға 100 жыл» аллеясын ашу секілді ұсыныстар берілді. Осы және өзге де ұсыныстар бойынша облыс әкімдігімен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдау жоспарлануда.
Мерейтой қарсаңында «Қызылорда – Алаштың жүрегінде» атты тарихи-танымдық кітап шығарылатын болады. Республикалық композиторлар конкурсы, белгілі вокалды- аспапты ансамбльдердің қатысуымен ретро-фестивал және өзге де мәдени-танымдық, қоғамдық-саяс маңызды шараларды ұйымдастыру көзделуде.
Қазақстанның алғашқы астанасы болғанына 100 жыл болған мерейтойын атап өткелі отырған Қызылорда қаласы мен оған қарасты елді мекендер өткен жылды табыспен қорытындылады.
Қызылорда өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен жыл қорытындысына орай брифинг өткізген қала әкімі Н.Ахатов қызылордалықтардың біраз жайын мақтанышпен сөз етті.
Әкім айтуынша: «Соңғы жылдары Сыр елі қол жеткізген табыстары, жасампаз істері және жарқын жетіс тіктерімен өңірлер арасында көш бастады.
Жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірде жүзеге асқан маңызды жобаларды ерекше атап өтіп, негізгі макро экономикалық көрсеткіштердің өсімі мен аймақтың дамуына оң бағасын берді.
Мұның барлығы әрине, ел Президентінің, Үкіметтің тұрақты қолдауының нәтижесі, аймақ басшысының ұтымды үйлестіруінің, жерлестеріміздің ауызбіршілігінің жемісі.

Дамудың даңғыл жолына түскен облысымыздың бюджеті 750 млрд. теңгеден асты (204 пайыз). Осыдан екі жарым жыл бұрын аймақ бюджеті 364 млрд. теңге болатын.
Ал, 2024 жылдың басында 58,2 млрд. теңгемен бекіген қала бюджеті жыл соңында 112,7 млрд. теңгеге жетті. Көрсеткіш 193,6 пайызды құрады. Қаланың түсімдері 119 млрд. 534 млн. теңгеге (жоспар-112 млрд. 702 млн. теңге) орындалып, 106,1 пайызға ұлғайды. Оның ішінде, өз кірістеріміз 37 млрд. 892 млн. теңге (жоспар – 30 млрд. 437 млн. теңге) немесе 124,5 пайызға артығымен орындалды».
Демек бюджеті болжамдағыдан екі есеге көбейген қала тұрғындарының тұрмысы да тәуір болатыны, әлеуметтік әл-ауқаты артатыны сөзсіз.
Қала басшысы бюджет кірісінің көбеюі, инвестицияның тартылуы, жалпы қаладағы экономикалық, әлеуметтік көрсеткіштердің жақсаруы, өз сөзімен айтқанда “аймақ басшысының тегеурінді талабы мен тың бастама ларының нәтижесі” деп мойындады.
“Мәселен, қаламыздың негізгі капиталына салынған инвестиция 288,5 млрд. теңгені құрап, 119,0 пайызға артты. Облыстағы үлесі 45,1%. Құрылыс жұмыстарының көлемі 158,2 млрд. теңгеге жетіп, 159,7 пайызға өсті. Облыстағы үлесі 54,3%. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнім көлемі 15,2 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 101,3 пайыз болды. Бөлшек сауда көлемі 443,7 млрд. теңгені құрап, 105,7 пайызға көтерілді. Облыстағы үлесі 85,9% болып отыр”.
Жаңа жұмыс орындары жаппай ашылып жатыр деп есеп беріліп жатқаны белгілі. Кейбіреулер салынып, жұмыс істеп жатқан зауыт, фабрика жоқ, жұмыс орны қалай ашылады деп жабырқап жүргенінде, шыны зауыты ашылып, өнім өндіріп, оны сыртқа да шығарып жатқанын ұмытып кетеміз. Қала әкімі Н.Ахатовтың бір жақсылығы мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келе жатқанын жасырмады. Мәселен “Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 34 жобаға 277,8 млн. теңге несие берілді. «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы өнеркәсіп саласының 41 жобасы қолдау тауып, 502,3 млн. теңгеге қол жеткізді.

Екінші деңгейлі банктер арқылы 647 кәсіпкер 22,6 млрд. теңге жеңілдетілген несие алып, нәтижесінде қала кәсіпкерлерінің саны 34 мыңнан, ондағы жұмыспен қамтылғандар 65 мыңнан асты”.
Қызылорда қаласының еліміздегі өзге өңірлерден өзгеше бір ерекшелігі ауыл шаруашылығы өнімдерін де өндіретіні. “Өткен жылы қалаға қарасты елді мекендерде 8 298 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Дала еңбеккерлері ала жаздайғы еңбегін жауын – шашынға қалдырмай, мерзімінде толық жинай алды. Негізгі дақыл – күріштің 3 856 гектарынан алынған өнім 51,5 центнерді құрады”.
Жылдан жылға мұнай қоры сарқылып келе жатқандықтан да әртараптандыру саясатымен ауыл шаруашылығын дамытып, азық-түлікпен өзімізді қамтумен қатар экспортқа да өнім шығарып, елді асырау биліктің басты міндетіне айналып отыр. Бұған дейін аймағымыздағы күріш өндірісімен алға шығып, чемпион болып жүргендердің бірегейі Шиелі ауданына әкім болған Нұржан Сәбитұлы үшін биылғы көктемгі егіс қала әкімі қызметіндегі үлкен сынақ болғалы тұр. Қалаға қарасты болғаннан да өздерін тұтас ауыл деп мойындай бермейтін елді мекендердің дихандары әйтеуір егін салатындар санатынан шығып, күз жиын-терімде елдің алдына түсіп, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруден үздік болуы, расында да қала әкімінің қажыр қайратын қайрар бір тұсы.
Қазіргі аймақ басшысы Н.Нәлібаев қала әкімі болған сонау жылдардан бері Қызылорда қаласында құрылыс қарқын алып келеді. Былтырдың өзінде де қалада 2574 пәтерлі 63 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүріпті. Кіші әкімнің сөзіне назар аударсақ “оның 2032 пәтерлі 44 үйі бюджет есебінен, 542 пәтерлі көпқабатты 19 үй жеке инвестиция есебінен.
Қызылорда қаласының әкімі Н.Ахатов:
Алдымызда айқын міндеттеріміз бен анық жоспарларымыз бар. Биыл қаланың, оған қарасты кенттер мен ауылдық округтердің әлеуметтік экономикалық дамуына арналған 166 жоба әзірленді. Бұл жобаларды қаржыландыру үшін республикалық және облыстық бюджеттерге 167,3 млрд. теңгенің өтінімі ұсынылды. Біз халықтың игілігі мен жайлы тұрмыс тіршілігі үшін ауқымды жобаларды жүзеге асыратын боламыз.
Анықтап айтқанда: Мелиоратор «Алтын лэнд» – 224 пәтерлі 7 үй; Баймаханов – 120 пәтерлі 2 үй; Тәуелсіздік сити – Досхан – 84 пәтерлі 7 үй; Бейбарыс – 24 пәтерлі 1 үй; Қала лық парк маңындағы – 8 пәтерлі 1 үй салған.
Жалпы, 2024 жылы 2 069 қызыл ордалық баспана бақытына кенелді. Айта кету керек, өткен жылы Сыр дарияның сол жағалауынан алғаш рет 7 қабатты 6 тұрғын үй (504 пәтер) салынды”.
Осылай деп мақтанған қала әкімі “Осындай үйлердің құрылысы биыл да жалғасады” деп бір көтеріліп қойды. Қаншама үйлер көп болып салынып жатқанымен, баспаналы қалалықтардың апаттық жағдайдағы баспанасы да азаймай отыр. Осыдан 100 жыл бұрын Қызылорда Астана болды десек, сол уақыттан бері қалада көп қабатты үйлер салынып келеді. Қазір Астана болған кездегі көп үйлердің қаңқасы да жоқ болар. Дегенменен Бөкейханов көшесіндегі сияқты екі қабатты ескі үйлер де көз ұялтады. Ескі екі қабатты үйлерді былай қойғанда кешегі қоғам тұсындағы индустрияландыру кезеңінде салынған бес қабатты үйлердің де көнеріп, қабырғалары жарылып, шатырлары кетіп, тұруға қолайсыздық танытып тұрғаны бар. Қалада осындай апаттық жағдайда деп танылған 68 тұрғын үй бар екен. Брифингте қала әкімі Н.Сәбитұлы олардың жағдайын да жіліктеп айтып берді. “Осы 68 тұрғын үйдің, оның ішінде 60-ы көппәтерлі, 8-і жеке жер үй екен”. Аталған санат бойынша тұрғын үй алу кезегінде 673 отбасы тіркеуде тұр деген ол өткен жылдың соңында 135 отбасыға жаңа пәтерлер сатып алынды. Жақын күндері бұл пәтерлер өз иелеріне табысталады.
Биыл тағы 135 отбасына жаңа пәтер сатып алу үшін қажетті жұмыстар жүргізіледі. Осылайша апатты үйлер мәселесін кезең-кезеңімен шешетін боламыз – дегенімен, апаттық үйлер азаймайтыны белгілі. Өйткені қаладағы бұрын салынған көп қабатты үйлердің кетеуі кетіп тұр…
Кейбір мөлтек аудандар тұрғындары үшін соңғы кездері ауыз су сапасы сор болып тұр. Соңғы уақыттары пайда болған “кока кола” мәселесін шешу үшін билік аянып жатқан жоқ дегенімізбен, сол аудандардағы су сапасын жақсартамыз деген тірлігі текке кетіп тұр. Скважина құдығындағы құмды тазартып, бір-екі күн ақ су аққанымен құдығы құмға толған скважиналардан бәрібір лай су ағады. Брифингке тыңғылықты дайындалғаннан болар қала әкімі журналистерге сұрақ қойғызбай ақ, су мәселесін өзі баян етті.
– “Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы қала халқын сапалы ауыз сумен қамтып, кәріз жүйелерін қайта жаңғыртуға 7,6 млрд. теңге бөлінді. Аталған қаражатқа 29 жоба жүзеге асты. Мұндай жобалар биыл да жалғасын табады. Алдағы күндері анықталған кемшіліктер бойынша нақты шаралар қабылдаймын” – деген Н.Сәбитұлы “осы қызметке тағайындалған сәттен бастап барлық салаларға талдау жасап, түгендеу жүргізіп келемін” деп, бәлен айдан бері қарап жатпағанын байқатты. Бәлкім айлар бойғы талдау, түгендеу нәтижесінде лай суымыз ғана емес, сол лай су ішіп отырған тұрғындардың көңілдері де әкімге деген сеніммен ағарып қалар.
Әлі күнге газ бармаған елді мекендер өткен жылы көгілдір отынға қосылған “Ақжарма” сияқты ауылдарға ала көзбен қарайды. “Біздің не жазығымыз бар?” деп сабалақтағылардың мұң шаққанына да біраз уақыт болып барады. Сабалақтағылардың қыс-жаз газ керек деп жылағанының пайдасы болар, осы брифингте қала әкімі Н.Сәбитұлы: “Бүгінгі күні 3,1 млрд. теңгеге Сабалақ саяжайын және 631 млн. теңгеге қалада «көгілдір отын» желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды газдандыру ісі жалғасуда. Ендігі кезекте Қызылөзек ауылдық округі мен Бірқазан елді-мекенін «көгілдір отынмен» қамту негізгі жоспарға енгізіледі. Осы тұста айта кеткеніміз жөн, биыл шаһарымыздың Бас жоспары қайта бекітіледі. Жаңа Бас жоспар қала жанындағы саяжайларды қамтиды. Басты құжатқа сүйене отырып, біз Эдельвейс, Еңбек, Орбита секілді саяжайларға да газ желісін жүргізуді жоспарлап отырмыз”, деп қосып қойды.
Әкімдер өтірік айтпайды, билік текке уәде бермейді. Тек тұрғындар асығады. Халық тезірек болғанын қалайды…
Қаладағы жарық мәселесі күн тақырыбынан түсті десек, ешкім сенбес еді. Қала әкімінің өзі де “Өткен жылдың өзінде құны 4,8 млрд. теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асып, электр желілерінің тозу деңгейі 62 пайызға дейін төмендеді.
Әрине, жауын-шашынды немесе дауылды күндері апатты ажыратулардың орын алатындығы жасырын емес. Дегенмен, арнайы бригадалар ақауларды көпке ұзатпай қалпына келтіруде”, деп мойындады.
Дегенменен біз де мойындауымыз керек, электр энергиясын тұтыну еселеп өскенімен, қазір жарық мәселесі біршама жақсарып қалды.
Қазір қалалықтар, әсіресе жаз айларында барар бағытына жетер жолдан жаңылысып, қаланы шыр айналып жүреді. Оған себеп болған қала көшелерінің жөнделіп жатқанына іштей қуанғанмен, жол жүру қолайсыздығына қапа болып жатады. Бір қуантып, бір қапаландырып дегендей “өткен жылы 36 млрд. теңгеге 99 көшеге жол құрылыстары салынып, қайта жаңғыртылған. Миллиардтар қайда кетті демеңіз, жөнделген 99 көшеден бөлек жаңадан Сыр самалы көшесі салынып, пайдалануға берілген.

Облыс орталығының негізгі көшелері: Әуе жайдан – Бейбарыс көшесіне дейінгі аралық, оңтүстік аудандардан келетін кіреберіс жол, магистралды Яссауи, Жаппасбай батыр, Е.Көшербаев көшелері төрт жолақтыға ауыс тырылды. Қазір Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылын кеңейту жұмыстары жалғасуда”.
Осы ретте “Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту арқылы біз қоғамды да жаңартамыз” деп сөз бастаған қала әкімі биылғы жылы жаңаратын жолдарға да тоқталды. Бұл бағыттағы атқарылар ауқымды жобалардың баршасы дерлік қала тұрғындарының көкейіндегі көп түйткілді шешері анық, әрі бару, келуде жол үнемдеумен қатар бағасы қымбат жанар-жағармайға кететін қар[1]жыны, алтыннан да қымбат уақытты да үнемдейтіні сөзсіз. Содан да атқарылар жұмыс барысын әкімнің өз сөзімен толық бергенді жөн көрдік.
– “Еліміздің бас қаласы Астана бағытынан кіретін Сағымбаев көшесі қайта жаңғыртылады. Жоба құны 1 млрд. 673 млн. теңгені құрайды.
Жоспардағы тағы бір жоба – Сырдария жағалауының бойынан Ескі базар мен Мерей м/а аралығына жаңа жол салудың қажетті құжаттары әзірленуде.
Жуырда аспалы көпір аталып кеткен Шиелі бағытындағы автомобиль көпіріне қайта жаңғырту жұмыстары басталады.
Жолдар аясы кеңігесін, көлік кептелістерінің азаятыны белгілі. Дегенмен, жыл сайын қалада автокөліктердің саны артып келеді. Жыл қорытындысындағы мәлімет бойынша, облыс орталығына тіркелген көлік саны 88 мыңнан асады. Бұл цифрдың әлі де артатындығы анық. Осының барлығы ескеріле, облыс әкімінің үйлестіруімен темір жол асты автокөлік өткелін салу жобасы қолға алынды.
Қазірде құны 5.1 млрд. теңгеге Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін темір жол асты автожолы, қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын Қызылжарма каналының үстінен өтетін автожол көпірінің құрылыстары жүргізілуде.
Республикалық маңызы бар жолдарға келетін болсақ, 2022 жылы «Қызылорда-Жез қазған» автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары (108,5 млрд. тг) бастау алады. Бүгінде облыс аумағындағы 216 шақырым жолдың 151 шақырымы пайдалануға берілді. Жоба биыл толығымен аяқталады. Алдағы күндері Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 566 шақырым жолды 1-санатқа ауыстыру жобасының құрылысы басталады деп күтілуде».
Әрине жыл сайын жаңарып жатқан көп қабатты үйлердің жаңа қалпы қала көркін айшықтай түсуде. Жаңа дизайнға, жаңа келбетке тұрғындардың бірі риза болып жатса, енді бірінің ренжіп жататыны да заңдылық… Қалай айтқанда да тұрғындардың 100 пайыз келісімімен модернизациядан өтіп жатқан, сәулетшілердің дизайнымен, демеушілік есебінен қасбеті линеарлық панельмен қапталып жатқан, заманауи үлгіде әрленіп жатқан үйлер, бәрібір бұрынғысынан әдемі.
Биліктегілер қоғамдық көлік мәселесін толық шештік дегенімен, сол көліктердің қызмет көрсету сапасына орай тұрғындардың реніші бары рас. Көлік сапасын жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаны таза ұстауға бейімделген 100 экотакси турасында да қалалықтар бірыңғай пікірде емес. Бұл да – заңдылық. Дегенменен “жоқтан бар жақсы”.
Өткен жылы облыс, қала мекемелерінің көлікке, арнайы көлікке, техникаға “көмілген” жылы болды. Бұл сөзімізге осы брифингте Н.Сәбитұлының “Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен «Су жүйесіне» 8 техника, «Қызылорда Тазалығына» 31 техника және «Жасыл Қызылордаға» 26 техника жалпы мекемеге 65 арнайы техника алынып, материалдық – техникалық базалары нығайтылды” – дегені де дәлел.
Брифингте әкім айтқаны рас болса “Өткен жылы құрылған «Жасыл Қызылорда» мекемесі биылғы көктемгі аяқ су беру науқанына дайын. Жұмысшылар күнделікті каналдар мен арық жүйелерін тазалап, ескі су жолдарын аршуда. Мекеме 1-ші наурызда аяқ су жеткізетін 23 жер асты су ұңғымасы мен насостарды іске қосады.
Сонымен қатар жерді көңмен құнарландырып, көшет егуге жер дайындауда. Күн жылығасын бұған дейін егілген тал көшеттерін топырағымен көшіріп егу пилоттық жобасын бастайды. Нәтижесі оң болса, бұл тәсіл жаппай қолданысқа енеді”
Бұл да қаланы көгалдандыру барысында қалалықтардың көптен бері айтып келе жатқаны. Дәл әкім айтқандай болар болса, құба-құп.
Білім беру, денсаулық сақтау салаларында да өткен жылы айтарлықтай көп жаңалық орын алды. Жаңа ғимараттар салынып, пайдалануға берілді. Бір “Жайлы мектептің” өзі не тұрады…
Биылғы жылы жүзеге асатын жарқын жобалар жетерлік. Осы жобалар қатарын дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар, 400 орындық физика-математика мектеп – интернаты толықтырады. Құны 8 млрд. 400 млн. теңге болатын іргелі нысан биыл табысталады.
«Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен 4 млрд. 800 млн. теңгеге салынып жатқан музыкалық колледж де биыл ашылады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында құны 11 млрд. теңгені құрайтын «Шығармашы лық академиясының» құрылысы да биыл аяқталатын болады.
Қызылорданың спорт орталығына айналар күні алыс емес. Өйткені спортты жанына серік еткен қызылордалықтардың қатары артып келеді. Бұл әрине қуантады. Ол үшін де барлық жағдай жасалуда.
Облыс әкімінің бастамасымен Халықаралық стандарттарға сәйкес 11 мың орындық Орталық стадион (20,9 млрд. теңге) бой көтеруде. Жақын күндері 19 млрд. теңгеге «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталады.
Жалпы биылға жоспарланған жобалар ауқымды. Солардың бірі қалалықтар арасында көп пікір тудырып отырған қалалық мәдени және демалыс паркі қайта жаңғыртылады.
Әкім брифингте хабардар еткендей “Тұңғыш Президент”, “Денсаулық” саябақтарына да жаң ғырту жұмыстары басталды. Бұл аумақтарда күрделі жұмыстар жүргізіліп, соңғы үлгідегі аттракциондар қойылады. Су бұрқақтары, амфи театр, жаяу жүргіншілер мен веложол салынып, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары ашылады. Сондай-ақ Маңызды жобалар қата рында Батырхан Шөкенов атындағы саябағы мен Қорқыт Ата мемориалы аллеясы бар. Осы аумақтарда биыл абаттандырылып, жаңа кейіпке енеді.
Сырдария өзенінің үстінен Астана мөлтек ауданы мен Тұңғыш Президент және Ден саулық саябақтарын байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспары да бар екенін қала әкімі жасырмады.
Қызылорда қаласы тарихқа бай. Шынын айтқанда қазір оның бұрынғыдан бөлек жаңа тарихи кезеңдері басталып жатыр. Өткен ғасыр еншісінде еліміздің алғашқы астанасы болған қала сол ғасырдың соңғы жағында ауылды елді мекендері бар ерекше қалаға айналды. Арнайы экономикалық аймақ та болды.
Дария жағасын мекен еткен ескі қала бүгінде дарияның сол жағасынан жаңа қоныс ашып, шын мәнінде жаңарып жатыр.
Жасыратыны жоқ, құрылысы қарқынды жүріп, жаңа үйлер, ғимараттар салынып, айтпақшы бизнес те сонда көшіп, халыққа қызмет етіп жатқан жаңа қалаға қарап, кей-кейде тұрғындардың да заман тезінен, уақыт көшінен қалып қоймауын ойланасың…
Ол үшін жаңа орта, қалалықтардың қала мәдениеті қалыптасуы қажет. Бір қажеттілікті тағы бір қажеттілік тудыратыны белгілі. Бүгінгі қызылордалықтардың биліктен сұрар қажеттілігі көп те емес. Ескіде болсын, жаңада болсын жалпы қалада тұрғындар өмір сүруге қолайлы жағдай жасау, қызмет сапасын жақсарту, қала мәдениетін қалыптастыру айтуға оңай болғанымен, іске асыру оңайға түспей тұр.