Биылғы жылдың 9 айының қорытындысымен денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады, атап айтқанда, жалпы өлім-жітім көрсеткіші 2,7%, туберкулезден аурушаңдық көрсеткіші 9,3%, туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші 22,2%, қатерлі ісіктерден аурушаңдық көрсеткіші 3,8%, қатерлі ісіктерден өлім-жітім көрсеткіші 11,7%, жүрек-қанайналым жүйесінен аурушаңдық көрсеткіші 0,4%, жүрек-қанайналым жүйесінен өлім-жітім көрсеткіші 13,1% төмендесе, ана өлімі тіркелмеген.
2024 жылдың 1 қазанына облыстағы бастапқы медициналық санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 821 376 тұрғын тіркелген. Облыс халқына 25 стационарлық, оның ішінде 19-ы мемлекеттік, 6-ы жеке 25 амбулаториялық-емханалық, оның ішінде 14-і мемлекеттік, 11-і жеке, 102 дәрігерлік амбулатория, 27 фельдшерлік акушерлік бекет, 93 медициналық бекет қызмет көрсетеді.
Облыстың бас дәрігері О.Искаковтың айтуынша халықтың медициналық мекемелер ұсынатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда 7,9% жоғарылап, 58,3-ті құрады, көрсеткіш республика деңгейінен жоғары.
Бүгінгі таңда облыста 2582 дәрігер және 9988 орта буынды мамандар қызмет етеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы О. Искаков:
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұстанымы бойынша адам денсаулығының 20% экологиялық қоршаған ортаға, 50% адамның өмір сүру салтына, 20% генетикалық қалыптасуға, ал тек 10% ғана денсаулық сақтау қызметінің деңгейіне қатысты екенін атап өткім келеді.
Халықтың денсаулығын нығайту – саламыздың маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында халыққа медициналық көмекті қолжетімді ету, ана мен бала денсаулығын сақтай отырып, өлім-жітім көрсеткішін төмендету мемлекетіміздің басты басымдығы екенін атап өткен болатын. Биылғы жылдың 9 айында денсаулық сақтау саласында бірқатар кешенді жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң үрдісі байқалады.
Облыс бойынша бір тәулік ішінде орта есеппен емханаға 13 354 ересек, 9 088 бала дәрігер көмегіне жүгінсе, жедел жәрдем қызметімен 1 300-ге жуық шақыртулар орындалады екен. Орташа есеппен 1 тәулікте стационарлық емге шұғыл және жоспарлы түрде 206 ересек және 110 бала қабылданса, 50-60 нәресте дүниеге келеді. Стационарларда күніне 74 ересектерге, 33 балаларға түрлі оталар, оның ішінде 3-4 республика деңгейінде жүргізілетін күрделі оталар жасалады.
Күтілетін өмір сүрудің орташа ұзақтығы еліміздің демографиялық дамуының өлшемі ретінде танылады. 2023 жылы нысаналы индикатор 73,8 болатын. Межеге жету мақсатында біз өз қызметімізді ана мен бала өлімінің көрсеткіші, қан айналым жүйесі, онкологиялық аурулар, туберкулез бен жарақаттану көрсеткіштерін төмендетуге, халық арасындағы өлім-жітім мен мүгедектіктің себеп-салдарын анықтап, төмендетуге бағыттадық.
2023 жылы 58 дәрігер, оның ішінде 26-сы қалаға емдеу орындарына, 32-сі елді мекенге, ЖТД – 34 жоғары деңгейлі, 24 тар буынды мамандар жұмысқа қабылданса, 2022 жылы 76 дәрігер, оның ішінде 58-і қалаға, 18-і елді мекенге, ЖТД – 30, 46-сы тар буынды мамандар, олардың 55,1% елді мекендерге жолданса, 2024 жылы 57 жас маман өңірімізге жұмысқа орналасып, олардың 40,3%, яғни 34-і қалаға, 23-і елді мекенге, 24-і ЖТД, 33-і тар буынды мамандар елді мекендерге жолданды
Әрине, медициналық көмектің сапасына кадрлардың қажеттілігі айтарлықтай әсер етеді. Мамандар тапшылығын азайту бағытында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2016 жылдан бастап өңірге аса қажетті медицина мамандықтары бойынша 176 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалса, 2017-2021 жылдар аралығында медицина саласында сұранысқа ие «Жалпы медицина» мамандығы бойынша мамандар даярлауға 177 облыс әкімінің білім беру гранты бөлінді.
Одан бөлек медицина ұйымдары өз қаражаты есебінен жоғары медициналық оқу орындарында 6 резиденттер оқытуда. Бұл шаралар өз кезегінде маман тапшылығын мейлінше азайтуға мүмкіндік беретін болады.
Облыста медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде, 2024 жылы жергілікті бюджеттен 64 млн. теңге қарастырылып, 590 дәрігер және 738 орта буынды медицина қызметкерлері Ұлттық акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы мамандарымен, Астана медицина университеті ғалымдары мен «Қазақстан жоғары қоғамдық денсаулық сақтау мектебі» мамандарымен оқытылды. Біліктіліктерін арттыру бойынша басымдылық ана мен бала денсаулығын сақтау саласына берілді.
Соңғы 5-6 жылда тоқтап қалған медицина қызметкерлерінің біліктілігін шетелде арттыру үшін жергілікті бюджеттен 80,0 млн.теңге бөлінді.
Түркиядағы ҚР елшісінің қолдауымен ағымдағы жылдың сәуір айында облысымыздан 10 реаниматолог, 5 кардиолог Түркия елінде 2 апта бойы ақысыз негізде біліктіліктерін арттырды.
Айта кету керек, биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен 89 950,0 мың теңгеге облыстағы орта буын медицина мамандарын дайындайтын іргелі оқу орындарының бірі Қызылорда медициналық жоғары колледжін базасы заманауи материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталды.
Облыста алғаш рет Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында «Үздік тәжірибелік орталық»ашылды. Үздік тәжірибелік орталық қолжетімділікті және нәтижелілікті, сондай-ақ адам денсаулығына қамқорлық жасауға бағытталған кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмекті қамтамасыз етеді.Алдағы уақытта мұндай орталықтарды №3, 6 қалалық емханаларда және Жалағаш аудандық ауруханасында ашылу жоспарлануда.
Жас аналарға жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2024 жылдың 8 наурызында көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік босану бөлімшесі ашылса, облыстық перинаталдық орталығы базасында ұрықтың пренаталдық диагностикалық сапасын жақсарту, балалар арасында аурушаңдық пен мүгедектікті уақытылы диагностикалау және алдын алу, ұрықтың туа біткен даму кемістігінен нәресте өлімін азайту мақсатында «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы іске қосылды.
Қыркүйек айында 8 маман Ресей Федерациясында біліктіліктерін арттырды. Қараша айында 6 маман Беларусь мемлекетінде біліктіліктерін арттырады (кардиохирургия, неврология, балалар реанимациясы, эндоскопия, балалар хирургиясы, неонатология, проктология).
Араға 9 жыл салып А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы мамандарының жетекшілігімен көпбейінді облыстық ауруханасында 3 бүйрек трансплантациясы жасалса, биылғы жылдың өзінде 6 трансплантация жасалды. Келесі айда бауыр трансплантациясы отасын жасауға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Шалғай орналасқан елді мекендердегі халыққа 6 жылжымалы медициналық кешен ұйымдастырылған.
2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жылжымалы медициналық кешенге тексерілуге 157 726 ауыл халқы жоспарланып, олардың 96 360-ы, яғни 61,1%-ы осы қызметті қолданған. Оның ішінде 67 813 диагностикалық қызмет, 24 601 зертханалық зерттеулер жүргізілсе, бейінді мамандармен 195 992 кеңес берілген. Нәтижесінде 7 023 науқас анықталып, 1 023 адам диспансерлік есепке алынған.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан денсаулық сақтау саласына 4,0 млрд. теңгеге жуық қаражатқа көмек көрсетілді.
2024 жылы 9 айында облыс тұрғындардың жалпы профилактикалық екпелермен қамту көрсеткіші 86% құрап отыр.
Қазіргі таңда өңірімізде денсаулық сақтау саласында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы медицина инфрақұрылымын дамыту маңызды міндет екенін, медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару қажет екендігін атап өтті. Осыған байланысты «Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту стратегиясын әзірлеуге» облыстық бюджеттен 32 млн.теңге қаражат бөлініп, жоспары әзірленуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы 2023 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін көтере отырып, дені сау ұлт қалыптастыру болып табылады.
2023 жылы жалпы құны 48,6 млрд. теңгені құрайтын 21 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүргізілді.
Оның ішінде жалпы құны 7,1 млрд. теңгені құрайтын 17 нысанның құрылысы аяқталды.
Ал, 2024 жылы 12,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, 20 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүргізілуде.
Ұлттық жоба аясында Арал ауданындағы 46 төсек орынға арналған Арал көпбейінді аудандық орталық ауруханасы бөлімшесінің қосымша құрылысын, Арал ауданындағы 25 төсек орынға арналған Арал көпбейінді аудандық орталық ауруханасының инфекциялық бөлімше құрылысын, Жаңақорған көпбейінді аудандық орталық ауруханасы ғимаратының қосымша құрылысын, Қазалы көпбейінді аудандық орталық ауруханасы ғимаратының қосымша құрылысы келер жылы басталады.
Бүгінгі күні 260,5 млн. теңгеге 7 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
2023 жылы 9 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биылғы жылы жалпы құны 318,2 млн. теңгеге 6 нысанның жылу жүйелерін газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Денсаулық сақтау нысандарын материалдық техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету бағытында 2023 жылы 5,1 млрд. теңге қаржы қаралды.Оның ішінде 4,4 млрд. теңгеге 560 медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, жабдықталу деңгейі 84 пайыздан 87,10 пайызға дейін көтерілді.
Бұдан бөлек, 700,0 млн. теңгеге Шиелі ауруханасына 1 ассенизатор, Жаңақорған ауруханасына 1 дизельді генератор және 4 жылу қазандығы, медициналық ұйымдарға 25 санитарлық автокөлік, 110 компьютер жиынтықтары алынды.
Биылғы жылы денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 4,6 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде жалпы сипаттағы трансферттер 3,5 млрд. теңге, жергілікті бюджет есебінен 1,1 млрд. теңге.
Денсаулық сақтау ұйымдарын 184 медициналық техникамен қамтамасыз етіледі. Оған 3,7 млрд. теңге қаралған.
Атап айтқанда 3 КТ аппараты, 2 С-дуга, 4 рентген, 2 маммограф, 1 бу стерилизаторы, 3 видеоэндоскопический комплекс, 1 лапароскопическая стойка, 1 УЗИ, 2 ИВЛ аппараттары бар.
Одан бөлек Көп бейінді облыстық ауруханасына оттегі станциясын сатып алуға 217,5 млн. теңге, Жаңақорған ауруханасына ассенизатор автокөлігін алуға 53,1 млн. теңге, балалар ауруханасының және фтизипульмонология орталығының бу қазандығын жаңартуға 230,6 млн. теңге, орталық емханаға 2 генератор алуға 30,5 млн. теңге, медициналық колледждің кабинеттерін материалдық-техникалық жабдықтауға 90,0 млн. теңге, 6 қалалық емханаға сервер алуға 49,8 млн. теңге қаралды.
Медициналық көмек көрсетудің басты принципі – бұл қолжетімділік. Халықтың сұранысына сәйкес медицина ұйымдарының автопаркі жаңартылды.
Биылғы жылы лизинг арқылы өңірдегі барлық елді мекендеріндегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөліктер алынды.
Осылайша, елді мекендерде санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі түбегейлі шешілді.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды.
Облыстың денсаулық сақтау саласындағы ауқымды жоспарлар мен игі жақсылықтардың барлығы халықтың денсаулығы үшін жасалуда. Алдағы уақытта денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштерінің төмендеу динамикасын сақтау және тұрғындарға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғаса береді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің материалдары бойынша дайындалды