Өңірімізде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл мақсатта Қызылорда облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері білім беру ұйымдарында арнайы қауіпсіздік сабақтарын өткізуде. Мұндағы мақсат – балаларды түрлі қауіп-қатерден қорғау, оларды қауіпсіздік талаптарын сақтауға үйрету және құқық бұзушылықтың алдын алу.

Бүгін Т.Жургенов атындағы №136 мектеп-лицейінде өткен қауіпсіздік сабағына 150-ден астам оқушы қатысты.

Іс – шараға Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция тобының аға инспекторы полиция майоры Р.Абдразакова, Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері полиция подполковнигі Н.Ермаханов, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Т.Ахмет және білім басқармасының Тәрбие спорт және қосымша білім беру орталығының директоры Ф. Дасаев қатысты.

Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және заң талаптарын сақтау тақырыптарын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Полицейлер киберқауіпсіздік тақырыбына да ерекше тоқталды. Оқушыларға әлеуметтік желілерде жеке ақпаратты қорғау, бейтаныс адамдармен сөйлесудің қауіптілігі, күмәнді сілтемелерге өтпеу және интернет – алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді.

Бұдан бөлек полицейлер сабақ барысында есірткінің адам ағзасына және психикасына тигізетін зияны туралы айтты. Олар жасөспірімдер арасындағы тәуелділіктің қалай басталатынын, есірткінің денсаулыққа, оқу үлгеріміне, отбасылық қарым-қатынасқа және болашаққа тигізетін теріс әсерін нақты мысалдармен жеткізді.

Жасөспірімдерді қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға, бос уақыттарында пайдалы істермен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес берді. Сондай – ақ, ұлттың бүгіні мен ертеңінің негізі саналатын балалардың жарқын болашағының бастауы – олардың қауіпсіздігі екендігін атап өтті.

Мектеп оқушылары полиция қызметкерлерінің дәрісін қызыға тыңдап, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.

Алдағы уақытта қауіпсіздік сабақтары басқа оқу орындарында да өткізілетін болады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған