Бүгінде аймағымызда отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы көлемі жыл сайын өсуде.

Сырбойылық аналардың 17 мыңға жуығы «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері, 34 мыңға жуығы көпбалалы аналар. Оларға ай сайын 2 млрд. 85 млн. теңге мемлекеттік жәрдемақы төленуде.

Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған тың жобалар жүзеге асуда. Жас отбасыларды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында жыл басында 60 жас отбасы қоныс тойын тойласа, жақын күндері 40 жас отбасына пәтер кілттері табысталады.

Конституция күні мерекесі мен отбасы күні қарсаңында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев «Мерейлі отбасы-2024» байқауының облыстық кезеңінде жеңіске жеткен отбасыларын марапаттады.

– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді, әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді», – деді.

2013 жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні. Осыған орай 2014 жылдан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Мерейлі отбасы – береке бірлігімен, тәлім-тәрбиесімен, қалыптасқан қағидасымен, асыл қасиеттерімен баршаға өнеге. Сондықтан олардың үлгісін дәріптеп, тағылымын көпке тарату маңызды. Биылғы конкурс нәтижесімен 16 отбасы үздіктер қатарынан табылды. Барлығы өскен-өнген әулет пен шаңырақтар. Өңірлік комиссияның шешімімен Төлеміс Бектаевтың отбасы республикалық конкурста облысымыздың мерейін үстем етеді. Бүгінгі мерейлі күнде шаңырағында ізгі қарым-қатынас, игі дәстүрлер сақталып, өзара сыйластық салтанат құрған барлығыңызға ризашылығымызды білдіреміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Конкурс қорытындысымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпазы болып Жалағаш ауданынан Бектаевтар отбасы танылып, бас жүлде иеленді. Жаңақорғандық Мырзабаевтар отбасы І-ші орын, қызылордалық Жарқынбековтер әулеті ІІ-ші орын, сырдариялық Есекеевтер отбасы ІІІ-ші орын иеленді. Мұнан бөлек «Өнегелі отбасы» номинациясы Қазалы ауданынан Байқадамовтар отбасына, «Үлгілі отбасы» номинациясы Жаңақорған ауданынан Төреқожаевтар отбасына, «Ұлағатты отбасы» номинациясы Шиелі ауданынан Әбішбаевтар отбасына, «Ынтымақты отбасы» номинациясы Қармақшы ауданынан Әбдіқалиевтер отбасына, «Өнерлі отбасы» номинациясы Арал ауданынан Досмамбетовтер отбасына, «Берекелі отбасы» номинациясы Қызылорда қаласынан Жайсаңбаевтар отбасына бұйырды.

Конкурсқа қатысушыларды ынталандыру мақсатында «Еңбекқор отбасы» номинациясы Қармақшы ауданынан Пірдашевтер отбасына, «Жігерлі отбасы» номинациясы Сырдария ауданынан Шербатшаевтар отбасына, «Кемел отбасы» номинациясы Арал ауданынан Шалбаевтар отбасына, «Шуақты отбасы» номинациясы Шиелі ауданынан Мырзабаевтар отбасына, «Бәйтерек отбасы» номинациясы Қазалы ауданынан Шәкішевтер отбасына, «Мәуелі отбасы» номинациясы Жалағаш ауданынан Әзмахановтар отбасына табысталды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған