Сыр елінде «қара алтын» өндіруде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ірі компания «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның спортты жанына серік еткен жастарды қолдап келе жатқанына да көп жыл болды. Соның нақты айғағы – аталған компания жүлдесіне арналған баскетболдан жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өтетін дәстүрлі облыстық ашық турнир. Бұл жарыс биыл да жалғасын тауып, мамыр айының 1-5-і аралығында Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінің ойын залында Павлодар, Ақтөбе Маңғыстау, Батыс Қазақстан облысы, Түркістан және Қызылорда облыстарынан ұл балалар арасында 11 команда, қыз балалар арасында 9 команда жүлдені сарапқа салды.

Жарыстың мақсаты жалпы білім беретін мектеп оқушыларының мектептен тыс уақытын тиімді өткізу, саламатты өмір салтын насихаттау және олардың арасында достық қарым-қатынасты нығайту.

– Облыстық баскетбол клубтарының жастар құрамасы араларында спорттық кездесу өткізу құптарлық іс. Ойыншылар өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауда. Тағы бір қуантатыны, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ секілді ірі компания осы турнирге жылдар бойы демеушілік танытып келеді. Сайыс қатысушылар мен қонақтарға ұмытылмас естелік сыйлағаны анық,-дейді Ақтөбе облысы командасының жаттықтырушысы.

Жарыс нәтижесінде ұлдар арасында Қызылорда облысы командасы I-ші орын, Ақтөбе облысының командасы II-ші орын, Түркістан облысының командасы жүлделі III-ші орынды иеленді. Ал қыздар арасында I-ші орынды Павлодар облысының командасы, II-ші орынды Ақтөбе облысының командасы жүлделі III-ші орынды Қызылорда облысының командасы иеленді.

– Біздің команда ағымдағы жылы бірінші орын мен кубокті жеңіп алды. Әрине, оңай болмады, бірақ біздің қолымыздан келді. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Сайыстың ұйымдастыру сапасы өте жақсы. Үлкен әрі қолайлы зал және мықты қарсыластар жиналған. Сондай-ақ, турнирге демеушілік танытып, өзінің сыйлықтарын ұсынып жүрген «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-на алғысымыз шексіз,-дейді Павлодар облысы командасының ойыншысы Айжан Сейтмағамбет.

Жеңімпаз, жүлдегер командалар және номинация иегерлері диплом, кубок және естелік сыйлықтармен марапатталды. Осылайша баскетбол турнирі тек спорттық іс-шара ғана емес, бұл қатысушыларға да, көрермендерге де ұмытылмас эмоция сыйлайтын баскетбол құмарлығының нағыз мерекесі.

Барлығы білетіндей, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы облыстың әлеуметтік саласының дамуына, қайырымдылық және демеушілік акцияларға белсенді түрде қатысып келеді. Ал, балаларға қамқорлық көрсетуде көш басында. Атап айтқанда, он жылдан астам уақыт бойы «ПҚҚР» АҚ дәстүрлі түрде өтетін балалар спорттық шараларына үздіксіз демеушілік жасап келеді. Оның ішінде мүгедек-балалар арасында өткізілетін спартакиада, шахматтан қалалық балалар турнирі, мектеп оқушылары арасындағы футболдан облыстық турнирді баса айтуға болады.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған