«Қарағайдан шайыр, адамнан қайыр кеткен заман болады» деп болжаған бабаларымыз расында әулие екен деседі жұрт. Бүгінгі қоғамның алты қабат аспанында, жеті қабат жерінде келеңсіз жайлар өршіп тұр. Адам баласының жүзіндегі мейірімділіктің табы да азайып барады. Бірін-бірі жүндей түтіп, әлдісі-әлсізін табанға сап таптап кетуде. Екі күннің бірінде еститінің «өлтіріп кетіпті», «жабылып соғыпты», «өзіне-өзі қол салыпты». Айналаңның бәрі үрей мен қорқыныш. Қыл аяғы кәмелеттік жасқа толмағандар мектеп қабырғасында жүріп, топ-топ болып төбелесіп, үлкен сыныптағылар кіші сыныптағыларды қорқытып, үркітіп ақша бопсалап жүр деген ақпарат интернет желілерін жарып тұр.

Әлгі, «тәрбие тал бесіктен» деген тағылым табалдырықта қалғандай. Кім баласын бұзық, тентек болсын деп баулиды. «Тек жүрсең тоқ жүресің» деген өсиетті кез келген ата-ана балаларына айтатын шығар. Алайда, оны санаға түйіп жатқан жасөспірімдер некен-саяқ. Бұл да – қоғамның басты, әрі асқынған кеселі. Идеологиялық бағыт-бағдардың әлсіреп, қан-соқтаға айналған жүйенің тәлім-тәрбиеге келгенде аяғына жем түскен жабағыдай ақсап тұрғанын көруге болады. Жоғарыдан бастап білім, денсаулық салаларындағы жемқорлықтың асқынуы да осы білім жүйесінде көлдегі қолтырауындай айналасын жұтып жатыр. Сырт көзге бәрі жүйелі сияқты. Тіпті, қала орталықтарынан бөлек жасөспірімдерді шыңдаймыз, шымыр жасаймыз деп аудан орталықтарынан да спорт кешендерінің есігі айқара ашылуда. Бірақ, білек күші тасығандар басбұзарлар әлімжеттік көрсетулерін доғарар емес.

Жаздың алғашқы күнінде-ақ екі бала суға кетті. Артынша темір жолдың арғы бетіндегі Шанхай аумағында балалар бір-бірін пышақтады. Төбелестің соңы қайғылы оқиғамен аяқталған қалалық қос мұғалімнің әрекеті де жағдайды ушықтыра түсті. Бұл реттегі мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Өткен аптаның бейсенбі күні қалалық мәслихатта өткен жиында тек білім саласының ғана емес, құқық қорғау, төтенше жағдай саласы мамандары мен қалалық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары да қатысты.

Бүгінде бала тәрбиесі ақсап тұрғаны рас. Бұл қоғамның ең өзекті мәселесіне айналды. Әлімжеттік көрсету, ұялы телефондарын тартып алу, болмаса ақша бопсалау жасөспірімдердің үйреншікті әдетіне айналып барады. Екі адамның басы қосылса, жасөспірімдер тәрбиесіндегі түйткіл ушығып тұрғанын айтады. Аз ғана уақытта аймақтың атын айға шығарған түйткілді тарқатуды мақсат еткен жиында қала әкімі Серік Қожаниязов мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруды ұсынды.

– Бірдеңе бола қалса, ең оңайы мектеп директорын жұмыстан босату. Бүйте берсек, жұмыста ешкім қалмайды. Сіз де, біз де кете береміз. Бұл – тек білім саласының ғана емес, тұтас қоғамның мәселесі екенін түсінуіміз керек. Түсінемін, еңбек демалысының уақыты. Бірақ түнгі рейдке келгенде «мен демалыстамын» деген болмау керек. Сенбілік бар, басқа да іс-шараларды қысқартып, оқу процесіне кедергі келтірмейтін жолын қарастырдық. Ұстаз мәртебесін көтеруге Президенттен бастап мән беріп, кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Жалақысын көтеріп, жағдайын жасаудың бәрі қолға алынған, – деді шаһар басшысы.

Бес саусақтың бірдей емес екенін алақанға қарап-ақ айта аламыз. Соны білсек те, екі бірдей мұғалімнің әрекеті тұтас білім саласына кір келтіргені айқын. Балаларды жөнге сала алмай жүргенде, олардың кері кеткен әрекеті де жығылғанға жұдырық болғаны жасырын емес.

– Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 120 қылмысқа төмен. Қылмыстардың ашылуы 13 пайызға артты. Рейд нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасында 62 заңсыз суық қару сақтау фактісі тіркелді. Күнделікті рейд жүргізіліп тұрады, – дейді қалалық полиция басқармасының бастығы Айдар Қасанов.

Бұл ретте әрине, ата-ананың жауапкершілігі де қаралғаны орынды.

– Біздің жігіттер су алған апат аймақтарынан енді ғана келіп жатыр. Алдағы уақытта қауіпті аймақтардағы мамандардың санын арттырамыз. Қазір қала бойынша суға шомылуға тыйым салынған 21 учаскеде 20-25 маман кезекшілікте жүр. Демалыс күндері олардың санын екі есеге дейін арттырамыз. Ол жердің барлығында ескерту тақтайшалары ілінген. Бірақ балалар оған қарап жатқан жоқ. Мәселен, іс-шара барысында «КБИ» шағын ауданында су жағасында «Шұғыла» шағын ауданының балалары жүр. Айтып ескерттік, артынша олар Тасбөгеттен бір-ақ шықты. Жазаны қатайтпай, осылай балаларды қуып жүре береміз, – дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ернұр Райымбеков.

Қала әкімі Серік Салауатұлы басқарма тарапынан әлі де болса халық арасында насихаттық жұмыстарды кеңінен жүргізе отырып, мүдделі органдармен бірге кезекшілікті күшейтуді міндеттеді.

– Жазғы демалысты тиімді өткізу шараларына жіті мән берілу керек. Біз ата-аналармен жұмыс істедік, рейдтік іс-шаралар тұрақты жүргізілуде. Енді біз не істеуіміз керек? Бұдан нәтиже шықпаса, бәлкім, жұмыс бағыты мен көзқарасымызды өзгерту керек шығар. Спорттық үйірмелердің, клубтардың жұмысын жолға қояйық, – деді қала әкімі жиында.

Таяуда ғана тағайындалған қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Сәдуақасова жиында сөз алып, болған жағдайлар мұғалім атына кір келтіргенін мойындайтынын, жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздіктің алдын алудағы қадамдардың жасалып жатқанын жеткізді.

– Әрине, мұғалім атына кір келді. Оны қоғам алдында мойындап отырмыз. Балалардың қауіпсіздігіне келсек, мектеп директорларымен іс-шаралар, ата-аналармен жиналыстар тұрақты өткізіледі. Облыс әкімінің бекіткен іс-шара жоспарына сай өтуде. Мұғалімдердің 80 пайызы еңбек демалысында. Бірақ солай екен деп олардың түнгі рейдтегі белсенділіктері төмендеген жоқ. Менің ұсынысым, суға түсу маусымында қалада балаларға тегін суға түсетін арнайы жерлер белгіленсе, – дейді Жанат Сәдуақасова.

Жиын соңында қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев жұмысқа жауапкершілікпен қарағанда ғана нәтиже шығатынын айтты. Ал бала тәрбиесі тұрғысындағы жауапкершіліктің жүгі ауыр екені анық.

– Мектептегі оқушыларға мұғалімдер еге болу керек. Көшедегі рейдтің орнына қиын балалардың үйіне барып, тәрбиелік мәні бар іс-шара, әңгімелесу, түсіндірме жұмыстарын жүргізсін. Ата-аналардың жауапкершілігін түсіндіру керек. Суға түсуге тыйым салынған аймақтардағы белгілер бүгін қойса, ертең жоқ. Бұл не деген тәртіпсіздік?! Түгендеу керек. Ол жерге суға түсуге болмайтынын адамдар білу керек. Мұнан бөлек, болашақта полиция боламын деп армандайтын жастарды ерікті түрде полиция қызметкерлерінің қатарына қосып, көмекке жұмылатын арнайы ықпалды топ жасақтауға болады. Өйткені олар жасөспірімдердің қайда жиналатынын, қайда баратынын біледі. Біз сол арқылы балалардың тәртібін қадағалай аламыз, – деп ұсынысын білдірді мәслихат төрағасы.

Осы жиыннан кейін 3 күн қатарынан БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері, қалалық прокуратура, қалалық қоғамдық даму, білім, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдері, ювеналды полиция қызметкерлері мен жастар орталығы мамандарымен бірге түнгі рейдтік іс-шаралары жүргізілді. Рейд барысында 79 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүргені үшін 71 ата-анаға қатысты әкімшілік шара көрілді және ата-ананың мiндеттерін орындамаған үшін 1 жасөспірімнің ата-анасына қатысты әкімшілік шара көрілді.

Сонымен қатар 1 ойын сауық мекеме иелеріне қатысты кәмелетке толмағандардың болуына жол бергені үшін шара көрілді. Бұл бағыттағы жұмыстар күнделікті жүргізіледі. Негізгі мақсат жастар мен жасөпірімдер арасындағы қылмыстың, топтық төбелестердің алдын алу және кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын оқыс оқиғаларды болдырмау.

P.S. Шаһар басшысы жиында баяндама тыңдаудан бөлек, білім саласындағы қордаланған мәселені шешу туралы ұсыныстар естігісі келді. Бірақ та кейбір басшылар баяндамамен ғана шектелді…

Қазақ «бақпасаң мал, қарамасаң бала кетеді» дегенді тектен-тек айтпаған шығар-ау. Бала тәрбиесіне кім жауапты? Мектеп пе, ата-ана ма? Қарапайым болып көрінгенімен күрделі, әрі терең зерттеуді қажет ететін бұл сауалға қатысты пікірлер бүгінде екіге бөлінеді. Мектеп мұғалімдері баланың басты ұстазы ата-ана екенін алға тартып, барлық тәрбиенің бастауы отбасынан басталатынын айтса, жұмысбасты әрі өзгерістерге бейім жастағы жеткіншек баласын көбіне бақылаусыз қалдыратын ата-аналар барлық жауапкершілікті мектепке ысыруға дайын тұрады. ҚР Ата Заңының 27-бабының екінші тармағында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» делінсе, келесі тармақта «Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» деп жазылған. Бұдан біз ата-ананың бала алдында, баланың ата-ана алдында жауапкершілігі заңмен реттелгенін ұғамыз. Ал заңнан да жоғары құндылықтар бар екені тағы аян. Оны ата-бабаларымыз «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген үш-ақ ауыз сөзге топтастырған. Сондықтан ұятты болмау үшін тәртіпке бағынып, балаға қатысты тәлімтәрбиеге әр ата-ана аса мән беру қажет.

 Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған