Banner

Демалыс күндері Қызылорда облысында «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Саналы ұрпақ» жобасы аясында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді профилактикалық рейд ұйымдастырылды.

Іс-шараға Қызылорда облысы Полиция департаментінің, облыстық білім басқармасының, балалардың құқықтарын қорғау басқармасының және облыстық прокуратураның қызметкерлері қатысып, тұрғындар арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Рейд барысында бала қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды. Ата-аналарға балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу, судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау, жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмау және олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, бірлескен топтар ойын-сауық орындары мен компьютерлік клубтарды аралап, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру деректерін анықтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында бақылау жұмыстарын жүргізді.

Профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 132-бабының 2-бөлігі бойынша 3 дерек, ал 442-бабы бойынша 101 кәмелетке толмағанның құқық бұзушылық жасағаны анықталды. Олардың заңды өкілдеріне әкімшілік хаттамалар рәсімделді.

Сондай-ақ ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша балаларды тәрбиелеу, олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған 5 ата-анаға (заңды өкілге) қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Құрметті ата-аналар!

Баланың қауіпсіздігі – ең алдымен отбасының жауапкершілігі. Балаларыңыздың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың қайда жүргенін үнемі бақылауда ұстауды, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға ерекше көңіл бөлуді сұраймыз.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған