Мәһір – тақырыбы соңғы кезде қоғамның негізгі мә­селелердің біріне айналған тәрізді. Әсіресе әлеуметтік желілерде «Мәһрге не сұрайсың?», «Мәһрге қымбат дүние сұрапты», «Мәһрге қымбат көлік сұраған қыздың жігіті тастап кетіпті», «Мәһрге үй сұрапты» деген тағы басқа сұрапыл жаңалықтар толып жүр. Осыдан әлеуметтік желіде түрлі дүниелерді сұрап, арзан атақ қуған жас отбасылар жетерлік екенін түсінесің.

Еліміздің үлкендер жағы кезінде мәһр дегеннің не екенін тіпті білмегенін айтып, бүгінгі күні жастар арасында жиі талқыланып жүргені рас дейді. Ата-әжелеріміз кезінде некелерін қидырғанда мәһр сыйының бар екенін тіпті білмегенін айтса, жастар болашақ күйеуінен мәһрге қандай сыйлық сұрау керектігін ойланып әлек болып жүр дейді. Ал біреулері діннің атына сын айтып, «елімізді дін жайлағалы бәрі өзгерді», «мәһр сұрауы арабтың дәстүрі» деп мәһр туралы қате мәлімет беріп дәстүрлі дінімізді қаралады.

Сондықтан, ғаламторды шулатып жүрген мәһр мәселесі діни тұрғыда міндеттелген мәселе болған соң, оны әркім өзінше тәпсірлеу, топшылау дұрыс бола қоймас. Бұл өз кезегінде басқа тыңдаушылар мен оқырмандарды қате түсінікке итермелейді. Мәһір туралы Қызылорда қалалық орталық «Нұр» мешітінің бас имамы Сүлейменов Берікпен қысқаша сұхбат құрған болатынбыз.

Әңгімемізді жалпы мәһір дегеніміз не? Сол туралы айтсақ…

Мәһір – әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Алла Тағала Қасиетті Құран кітапта Ниса сүресінің 21-аятында «Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін шын көңілден тарту етіңдер», – деп бұйырады. Шариғат бойынша мәһір беру – уәжіп. Бірақ, ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһір берілмесе де қиылған неке дұрыс болып саналады.

Мәһірдің мөлшері мен берілу ережесі қалай?

Неке қию барысында мәһір сыйлығы белгіленбей қалса мәһір мисл беріледі. Мәһір мисл деген көпшілікке беріліп жатқан мәһір мөлшері. Ханафи мазһабы бойынша, мәһірдің ең аз мөлшері – 10 дирхам. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Он дирхамнан азы мәһір емес», – деген. Сахабалар өмір сүрген араб халифаты заманында 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған. Мәһірдің құны аталмыш мөлшерден төмен белгіленген жағдайда, оны 10 дирхамға толтыру керек. Ол ақшалай немесе заттай берілуі мүмкін. Мәһір берілу тұрғысында екіге бөлінеді: біріншісі тез берілетін мәһір, яғни күйеу жігіт қалыңдыққа мәһірді кешіктірмей алып беруі. Екіншісі кешігіп берілетін мәһір, оны күйеу жігіт жағдайы жетіп, тағайындалған мәһірді алып беретін уақытқа дейін күту.

Мәһір мен қалың малдың айырмашылығы қандай?

Мәһір – тұрмысқа шыққан қыздың ақысы. Әкесі немесе атасы қыздың атынан мәһірді қабылдай алады, бірақ оны өздері иелене алмайды. Мәһірді иелену тек қыздың өзіне ғана тиесілі. Ал егер қыз өз ризашылығымен берсе, ата-анасының оны алуына рұқсат. Қалың мал қыздың ата-анасына беріледі. Қалың мал ретіндегі ақшаға ата-анасы қыздың жасауын, яки қажетті заттарын алуға қолданса, оны мәһір деп қарауға болады. Алайда қалың малды қыздың әкесі алып, өз жеке қажеттіліктері үшін қолданса, мәһірге саналмайды.

Жас жұбайлардың некесін қиып жүрсіз. Бүгінде мәһірге не сұрайды, қымбат зат сұрағандар болды ма?

Қазіргі таңда көпшілік қыздар қымбат заттар сұрамайды, көбісі алтын комплект сұрайды. Маған адал болса сол жеткілікті дейтін қыздар да бар. Әлеуметтік желідегі қымбат мәһір сұрап жатқан қыздар саусақпен санаулы ғана деп айтуға болады. Неке қию барысында бірнеше мәрте ғана қымбат сыйлық сұраған қыздарды көрдік. Оларға күйенің жағдайына қарап сұрағаны абзал екендігін айтып насихат жасап тұрамыз.

Әңгімеңізге рақмет!

Сонымен қорытындылай келе айтарымыз біз қалайық, қаламайық, қазіргі жастар мешітте некелері қиылғанда мәһір сұрап, өз қалауларын ашық білдіруде. Қымбат мәһір сұрайтын қалыңдықтардың дені пәтер, қымбат көлік, бағалы әшекей, соңғы шыққан айфон сұраса, енді біреулері мүмкіндікті пайдаланып шетелге саяхаттауға жұбайларын көндіріп алады. Дұрыс та шығар. Жастарға бәрі де жарасады дейді. Алайда біздің ойымыз Баршын мен Құртқаның сіңлісі болатын, Домалақ ананың ізін жалғайтын бүгінгінің келіндері сыйлық деп сыйларын кетіріп, шектен шығып шаңырақтарын шайқап алмаса екен деген тілек қана. Ұлттың қамын жер ұятты ұрпақтың саналы ер мен салиқалы анадан туатынын әсте естен шығармайық…

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған