Бала кезімізде әжеміздің тәрбиесін көріп өстік. Олардың өсиет сөздері мен елге қатысты баға берген астарлы сөздерін көп естіп, есте сақтап, есейгенде сол сөздердің терең мағынасын аңғарып, даналықпен айтылған көне сөздердің салмағын байқап қаламыз. Сондай сөздерінің есімде жатталып қалғанының бірі «Үлкен дау кіші дауға ұласып кетпесін», – дегені.

Жақында бір інішек бір ауылдан хабарласып, үйінде ағайынды жинап, қайтыс болған әкесі мен туыстарына құран оқытатынын айтып, соған өзіңіз келсеңіз деп шақырды. Келісімімді беріп ерте барған соң ауылдағы тағы бір ініме хабарлассам, ол ағасының үйінде жүргенін, әкесінің дүниеден озғанына 30 жыл болып ағайынды жинап, ас беріп жатқанын айтып, сол үйге де соғып құран оқып кетуімді сұрады. Кіріп шығайын деп барып, ағайындармен амандасып, хал сұрасып тұрғанымызда үй иесі ауылда кімнің үйіне келгенімді сұрады. Арнайылап кімнің үйіне келгенімді айтуым сол екен бірден жақтырмай, қабағы тырысып қалды. Кейінірек білсем мен барған үй қарсы топтың мүшесі екен.Осы уақытқа дейін ауылдың шаруашылыққа, егіндік жерге таласын, ауылдың шаруашылық басшылығына таласын әлеуметтік желіден, ағайындардан естіп, кейбір бір туған ағайындар екі жақ болып бір-бірімен қатысудан қалғанын сырттай естісем де, көріп білмеген едім. Абай атамыздың: «Дүниелік бірлік, береке бермейді, сен бай болсаң, ертең сенен де бай біреу шығады, рухани бірлік болмай тірлік болмайды», – деген асыл сөзі есіме түсіп, бұлардың дүниелік таласына екі ортаға мені араластырғысы келетіні көңіліме қонбады.

Әжемнің «Үлкен дау кіші дауға ұласып кетпесін»,- деген сөзі, егерде дау бітпей, сол дауды басқа қатысы жоқ ағайынға айтып,  даудың шешілуін емес, оның көбеюіне жақтас іздеп тарата берсе, ол дау майда­ланып дұшпандығын қоздырып бітпей­тін, шешімін таппайтын дауға айналатынын өте кеш түсініп жатамыз.

Бұрын айрандай ұйыған, ақсақал­дары ақылды ауылдан парасаты бөлек, бір кемел, елдің бірлігіне шақыратын адамы болмағанына іштей өкініш мазалай бастады. Бұл дауға енді балаларын араластырып, даудыңжалғасын тауып беріп отырғандардан Құдай сақтаса деймін.

Абай атамыз: «Адам баласы жақсылықтан да, жамандықтан да жалығады», – дегендей,  елдің болашағын талан-таражға салып, берекесіздікке апарғандар да жалығып, бірлікке қарай бет бұрса деген тілегім бар.

Жақсы адам көпшіл, жаман адам кекшіл болатын себебі халықтың, елдің мақсатын елді көгертемін деген басшылық қызметті мойнына алған азаматтар жеке мақсатқа теңестіріп, таяз пайымдаудан туындап отыр деп есептеймін. Елдің аманатын арқалаудың үлкен салмағы барын сезінген адам жауапкершіліктен қашпайтыны анық.

Қазақта Құдай ортақ, әруақ ортақ дейді, сол еске алып жатқан ата-баба, әкелері әруағы елі мен ағайынның алаауыздығын, берекесіз дүниесін қаламасына сенімдімін.

Мына бес күндік дүниеде Абай атамыз: «Татулықтан артық ештеме таппады» – дегендей, бір-екі жылдығын емес, елдің мәңгілік бірлігін ойлап, ауызбірлігі мен берекесін келтірер бір сенімді кемел, іскер азамат ел ішінен шығып, елдің бірлігі мен тірлігін көгертеді деген үміттемін…

          Маратбек Нұржанов

«Ақиқат нұры» қоғамдық бірлестінің төрағасы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған