Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

– «Мемлекет басшысы «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек» деген еді.

Бүгінде елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша назар аударылып, бұқаралық спортты дамыту стратегиялық басым бағыттың біріне айналды. Облыста бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындар үлесі 38 пайызға, яғни, 328 597 адамға жетті. Халықты бұқаралық спортпен шұғылдануға ынталандыру үшін талапқа сай келетін спорт нысандарының қолжетімді болуы маңызды. Облыс орталығында 7 мың орынға арналған Орталық стадион және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Үстел теннисі орталығының құрылысын да бастамақпыз. Аудандарда 2,6 млрд. теңгеге 11 дене шынықтыру кешені салынуда, бүгінде 6-уы тапсырылды, қалғаны жақын күндері пайдалануға беріледі. Соның бірі – бүгінгі денешынықтыру-сауықтыру кешені. Осы кешен болашақ чемпиондардың үлкен спортқа жасаған қадамына алғашқы баспалдақ болсын!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Рәсімде қазақ күресінен Әлем чемпионы, «Сыр барысы» Нұрым Сәлімгереев жерлестерін құттықтап, Тасбөгет кентінің ардақты ақсақалы, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Төлеш Әлиев бата берді. Сондай-ақ, құрылысты салуға атсалысқан мердігер мекеменің қызметкерлері және кенттің дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Айта кетейік, жаңа нысан құрылысына облыстық бюджеттен 514,5 млн. теңге бөлінді, 100 орынға лайықталған кешенді «Интегрострой» ЖШС салды.

Биыл облыс спортшылары әлемдік ареналарда жоғары табыстарға қол жеткізіп, Тәуелсіз еліміздің мәртебесін асқақтатты. Жыл басынан бері ел чемпионаттары мен кубоктарында мыңнан аса медаль (1158, 376 алтын, 358 күміс, 424 қола), Әлем және Азия чемпионаттарында 245 медаль (94 алтын, 71 күміс, 80 қола) алды. Қытайдың Хуанчжоу қаласында өткен XIX Жазғы Азия ойындарында 6 спортшы, IV Жазғы Пара Азия ойындарында 3 спортшы сәтті өнер көрсетіп, жүлдемен оралды. Будапештте каратэден өткен Әлем чемпионатында Мөлдір Жаңбырбай Әлем чемпионы, самбодан жасөспірімдер арасында Нұржан Тумырзаев жеңімпаз атанды.

Пайдаланылуға берілген Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелері қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысына 268,1 млн. теңге жұмсалған. Ұзындығы 55 метр аспалы көпірді «Гүлнұр МК» ЖШС салды. Сондай-ақ Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бас көше жолының «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізімен қосылатын тұсында жаңа көлік айрығы пайдалануға берілді.

Айта кету керек, бұл жобаның құны – 5,7 млрд. теңге, сол жағалауды көлік ағыны еселеп өскен халықаралық маңызы бар автокөлік трассасымен қауіпсіз және үздіксіз байланыстыру үшін салынған.

Облыс әкімінің орынбасары Данияр Жаналинов нысандардың ашылу рәсіміне қатысып, қала тұрғындарын құттықтады.

* * *

Жалағаш ауданына жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудан орталығындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің ашылу рәсіміне қатысып, тұрғындарды құттықтады.

Ашылу рәсімінде еңбек ардагері Қабылбек Нұрмағанбетов жерлестерін құттықтап, бата берді. Сондай-ақ мердігер мекеме өкілдері мен аудан дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.

* * *

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, Мырзабай ахун ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты.

Рәсімде Денсаулық сақтау саласының үздігі Абдулла Шүленбаев тұрғындарды құттықтап, ақ батасын берді. Сондай-ақ, мердігер мекеме өкілдері мен ауыл азаматтары марапатқа ие болды.

Амбулатория құрылысын «Бақ-Береке» ЖШС салды. Ғимарат ішінде тіркеу орны, аптекалық бекет, қабылдау, оқшаулау, физиотерапиялық емдеу, егу бөлмелері, лаборатория, архив, күндізгі емдеу стационары, жалпы тәжірибелік дәрігердің кабинеті бар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасалған.

* * *

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңіріне арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев және Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетовпен Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барып, Нағи Ілиясов ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты. Бұл – Президент тапсырмасымен қолға алынған “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында Сыр өңірінде салынған 27 медициналық нысанның алғашқысы.

Айта кетейік, амбулатория құрылысы осы жылдың мамыр айында басталған. Ғимараттың жалпы ауданы – 860 шаршы метр.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған