Қызылорда облысы әкімі Нұрлы­бек Нәлі­баевтың қатысуымен «Қызыл­орданың аста­налық кезеңі: тарих пен тағылым» атты республикалық ғы­лыми-тәжірибелік конфе­рен­ция өтті.

Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депу­таттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Қайрат Тастекеев, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Қазақстанның Еңбек Ері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик, Ұлттық құрылтай мүшесі Асқар Жұмаділдаев, өнертанушы, Қазақ­стан Суретшілер, Кинема­тографистер одағының мүшесі Сәуле Қожықова, мемлекет және қоғам қайраткері Болат­бек Қуандықов, Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­ситеті «Қазақстан тарихы» кафед­расының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, академик Берекет Кәрібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, дра­матург Сұлтанәлі Балғабаев, саяси ғылым­дар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір, Анкара Хаджи Байрам Вели универ­ситетінің профессоры, филология ғылым­дары­ның докторы Хулия Касапоглу Ченгел, атал­ған университет докторанты Фулия Акман, жазушы, публицист, ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еура­зия ұлттық университетінің қауымдас­тырылған профес­соры, филология ғылым­дарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер, Абай облысынан келген делегация және аймақтың зиялы қауым өкілдері, қала, аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары, саяси партия төрағалары мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессорлары қатысты.

Аймақ басшысы Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына, «Қазақ» атауы­ның қайта­рылғанына 100 жыл толу мерей­тойымен құттықтап, өңір бүгінгі мерекеге то­лайым табыстармен, жарқын жетістіктермен жеткенін айтты.

Түркістан мен Қазақстан Республикаларының ішкі мүмкіншіліктерін сан қырынан талдап-таразылаған мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанов астананы Орынбордан қазақтың қалың ортасына көшіруді қызу қолдады. Себебі, “мемлекет астанасының жұртшылығына сүйеніп істемесе, бас хүкіметтің ісі оңбайды”, – деп түйген қайраткерді қазақтың бас қаласының орыс ішінде орнауы қанағаттандырмады. Бұл жайында баспасөз бетінде дүркін-дүркін мәселе көтерді. Жаңа астана туралы ойларын ол “Ақжол” газетінде жарияланған “Кешіктірмей келісу керек” (1924, 517), “Іс жүзінде орындау керек” (1924, 514), “Қазақтың кіндігі қай қала болсын” (1925, 530) т.б. мақалаларында бүкпесіз білдірді.

“Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, жұртшылығына жуық болуы керек, – деп жазды С.Қожанов “Ақжолдың” 1924 жылғы 17 желтоқсандағы санында. – Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына орда болуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын”.

«Қызылорда» кітабынан

Жиында Ақмешіттің астана болған кезеңі, «Қазақ» атауының қайтарылуы, қала атының «Қызылорда» болып өзгеруі, басқа да маңызды тарихи шешімдер қабылдаудағы ұлт зиялыларының еңбегі және Қызылордада болған тарихи оқиғалар туралы Сәуле Қожықова, Наурызбай Байқа­дамов, Берекет Кәрібаев, Бейбіт Қойшыбаев, Хулия Касапоглу Ченгел, Қайырбек Кемең­гер, Болатбек Қуандықов баяндама жасады. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев облыстық мемлекеттік архивте сақталған ұлт зиялыларының қолтаңбасы қалған құжаттар туралы айтты.

Облыс әкімі барша сырбойылықтар аты­нан Алаш арысы, ағартушы-ғалым, жер­лесіміз, «Қызылорда» атауын ұсынған Қоңыр­қожа Қожықовтың немересі Сәуле Құлахметқызына ата-баба дәстүріне сай шапан жауып, құрмет көрсетті.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған