Алаштың ардақтысы М.Шоқай өзінің саналы өмірін тек қазақ халқының ғана емес. Орта Азиядағы түркі халықтарының тұтастығы мен азаттығына, басқа да бодан халықтардың бостандығына арнаған саяси қайраткер, тұңғыш қазақ эмигранты. ХХ-шы ғасыр басында тарих сахнасында аз ғана уақыт өмір сүрген тәуелсіз “Түркістан” мұхтариятының алғашқы басшысы. Оның өмірін, күрескерлік жолын зерттеу ХХ-ғасырдың 40-50 жылдары Түркияда бастау алады. Эмиграцияда бірге болған жолдастары Тахир Шағатай, Абдулақап Оқтай т.б. Оның саяси, публицистикалық және әдеби мұраларын жинақтауды қолға алған Түркиядағы қазақ ғалымы Абдулақап Қара Мұстафа Шоқай туралы іргелі зерттеу жүргізіп, нәтижесінде докторлық диссертация қорғады. Тарихшы ғалымдар М.Қойгелді, К.Нұрпейісовтер Алаш қозғалысы аясында еңбектер жазса, Д.Қыдырәлі эмиграциялық кезеңді зерттеді. Тарих ғылымының докторы, профессор Көшім Есмағанбетов М.Шоқай мұрасын әлемнің бірнеше мемлекеттерінің архивтерінен жинап, 12-томдық кітап құрастырды. “Әлем таныған тұлға” атты монография шығарды. Әлі де зерттеу еңбектері жазылуда. Бірақ Мұстафаның бабалары жайлы айтылмайды. 2010-шы жылы желтоқсан айында Мұстафаның 120 жылдығына орай өткізілген конференцияда түбегейлі зерттелу керек делінген еді. Айтылған жерде қалды. Күні бүгінге дейін орындалмады. Өзімнің әжелерім датқалар әулетінен шыққандықтан Мұстафаға туыстық жағынан алыс емеспін. Бабалар танымына қатысты әжелерімнен естігенім бар. Әрі ғалымдардың еңбектерінен қысқаша құлағдар етсем…
Белгілі ғалым Ә.Қоңыратбаев “Керуен” атты кітабында Сырдарияның шығыс жақ беті, Қоқан бекінісінен басталып Шиеліге дейінгі жер Торғай датқа Қуатбайұлының (1792-1872) иелігінде болды. Сырдарияның батыс жақ беті “Аламесек” тұсынан Шиеліге дейінгі жер Тұрсынбай датқа Бүркітбайұлының (1788-1863) иелігінде, ал Шиеліден Түркістанға дейінгі жерлер Тұрғанбай датқа Сіргебайұлының (1794-1850) иелігінде болғанын жазып қалдырған.
Осыған жалғастыра шашау шығармай тұжырымдап жазылған еңбек ғұлама ғалым Ә.Марғұландікі. Торғай датқаның бір әйелінен тарайтын Қалыш, Әліш. Қалыштан Боқтыбай, Әліштен Шоқтыбай тарайды. Халық оларды Қалмұхаммед, Әлмұхаммед, Боқмұхаммед, Шоқмұхаммед деп атаған деген.
Үлкен әжем Тұрсынбай датқа баласы Әлмәмбет әулетінен шыққан Орынбекқызы Зейнеш (1876-1976) жүз жасаған. Менің өз әжем Торғай датқа баласы Қалыш (Кәреней) қызы Бибісара (1888-1973) әжемнің әкесін Кареней деп халық қойған, лақап есімімен атайды екен. Үлкен әжем маған сенің әжеңнің әкесі Каренейдің кім болғанын білесің ба? Атағы жер жарған би болған деді. Сол заманда халық санасына сақталып қалған тарихи тұлға болғанын аңғаруға болады. Тарихи деректерде 1867 1868 1917 аралығында “жаңа низам” (Дала ережесі) енгенде осыған байланысты ІІ-ші Александрдің Түркістан өлкесінің билігі Каренейге берілсін деген бұйрығы бар. Әжелеріміздің айтқаны расталып тұр. Үлкен Түркістан өлкесінің рухани көсемі болып тұр. Сондықтан ел мен жердің өткен шежіресіне байыппен қарауымыз керек.
Түркістан өлкесін басқару кеңсесі Гродеков болысынан басқарылды. Бұл біздің өлкеміздің санатына енеді. Теміржол бойындағы 14-ші бекет (Сарышығанақ) негізгі атауы “Сарықұм”. Бұл жердің тарихы басқаларға құпия болғанмен, маған құпия емес. Менің балалық шағым өткен жер. Сонымен Гродеков деген кім?
Ол Түркістан өлкесінің генерал губернеторы Фон-кауманский қайтыс болғаннан соң оның орнына жіберілген патша үкіметінің ең сенімді де, тәжірибелі, саясат ісіне жетік генерал. Гродеков Николай Иванович (1843 1913) есіміне байланыстыра Сырдария облысы “Гродеков болысы” деп қойылған. Орналасқан орны 14-ші бекет казармасынан 15-ші бекет Керкелмеске қарай шамамен 500 метрдей тас жолмен, теміржолдың ортасында бұзылған ғимараттың орны болатын.
Ақын Мағжан Жұмабаевтың “Түркістан” деген өлеңінің тамырына бойлап оқысаң және талдасаң бар тарихымыз сайрап жатыр.
Түркістан – екі дүние есігі ғой
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің тәңір берген несібі ғой.
Ертеде Түркістанды Тұран деген
Тұранда ер түрігім туып өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы
Басынан көп тамаша күндер кешкен.
“Түркістан”, “Тұран” атауы бір ұғым. Тұран (парсыша), түрік елі, түрік жұрты, немесе түрік өлкесі мағынасын білдіреді. Мағжан ақын алты алаштың тарихына көз жібере былай тебіренген:
Көп түрік енші алысып тарасқанда Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!
Айтса айтқандай. Орта Азиядағы түрік халықтары Қазан төңкерісінен кейін бас қосып, Түркістан Республикасын құрды. Бірақ Мәскеудегі орталыққа бұл бағыт ұнамады. Түрік халықтарының басын бір жерге біріктірмей ыдыратып ұстау саясатын ұстанды.
1920-шы жылдың ортасына таман “Түркістан” атауы “Орта Азия” болып өзгертіліп, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Азербайжан деп ұлт, ұлысқа өз алдына мемлекет болып бөлініп шықты. Осы жылдың 26 тамызында шекара шебі де анықталып, 1925-ші жылғы сәуірдегі еліміз астанасы Қызылорда болған тарихи съезде С.Қожанов арнайы ұсыныс енгізіп, халқымыздың төл аты өзіне қайтарылды.
“Киргиз республикасы” “Қазақ республикасы”, “Қырғыз халқы” “Қазақ халқы” аталатын болды. Ал тұтас Қазақстанның тұңғыш астанасы Ақмешіт Қызылорда атанды. Қыпшақ даласы Түркінің кенжесі болып, қара шаңыраққа иелік етіп келеді.
Түркістан тұлғаларының жерленген жері 14-ші бекеттен Ақтоған елді мекеніне баратын жолдың бойындағы ескі қорымда. Әжем маған менің үрім бұтағымның бәрі осы қорымда жерленген деп айтатын. 1965-ші жылы маған көрсетіп табыстаған, ол кезде кішкентай бала болатынмын. Есімде қалғаны, Шоқай биде қам кесектен салынған күмбез болды. Сол кезде басында ақ жалау ілулі тұрды. Кіре беріс есігінің аузында жапсырыла өрілген тас болды. Өзінің әкесі Қалыш та кесектен салынған төрт құлақ болды. Қасында қисайып жатқан араб әрпімен жазылған құлыптасты байқап қалдым. Бабасы Торғай датқаның жерленген жерін де көрсетті. Айналасында ештеңе жоқ. Осы жерде құранын оқып, сұрап жатса көрсетерсің деді.
Қорымға ешкім тимейді деп ойлап жүрген едім. Бұл жерлер жеке кәсіпкерлердің қолында. Өкінішке қарай Ақтоған жағынан канал қазылып, қорымның айналасына картоп, қауын егілгенде қорым суға батқан. Адам танымастай өзгеріске ұшыраған. Десек те қорымға қатысты өзімнің жеке пікірімді білдіре кетейін. Бұрынғы қорымның қасымен өтетін ескі жолды қалпына келтіріп, топырақ астында жатқан құлыптасқа кешенді зерттеу жүргізілсе оң болар еді. Біріншіден құлыптаста қайтыс болған адамның аты-жөні, қай жылы туғаны, неше жаста қайтыс болғандығы, қай ру, тас қойған кімдер екендігі көрсетіледі. Бұл таптырмас мағлұмат болар еді. Екіншіден күндердің күнінде Мұстафаның жат жерде жатқан сүйегін әкесінің жанына қоятын болып жатса, бабаларының жатқан жері, құлыптас арқылы анықталып, әзір болып тұрар еді.
М.Шоқай Түркістан азаттығын әлемге көтеріп оны халықаралық қоғамдық қозғалысқа айналдырды және теориясын жасады. 2021-ші жылы Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы деп тану туралы шешім қабылданды.
“Сыр Алаштың” анасы деп бекер айтпаса керек. Біртұтас Түркістанның бір кездері болып өткен тарихы, өлкемізден шығуы облыс халқының үлкен мақтанышы. Ұлы жолдың бойына орналасқан киелі жерге ортақ ескерткіш қойылады ма, жоқ па білмеймін. Бірақ халық өз жүрегінен оған ескерткіш орнататынына кәміл сенемін.
Н.Қартабаев