Мәдениет және Ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша волонтерлер су тасқынынан зардап шеккендерге 1 713 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинаған.
Олар Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Атырау, Абай облыстарында эвакуация пункттерінде зардап шеккендерге көмек көрсетіп, жағада бөгеттерді күшейтіп, гуманитарлық көмек жинау пункттерінде де белсенді жұмыс істеуде.
Зардап шеккен елді мекендерге көмек көрсету мақсатында «Күшіміз бірлікте» акциясы жалғасуда. Жастар ресурстық орталықтарының қолдауымен гуманитарлық көмекті қабылдап алу үшін 20 волонтерлық фронт-кеңсе құрылған.
Бүгінгі таңда зардап шеккендерге волонтерлер көмегімен жиналған 1713 тонна гуманитарлық көмектің өңірлерге 1320,4 тоннасы жеткізілген. Тасқынға қарсы күреске барлығы 29 мыңнан астам волонтер жұмылдырылған.
Бірақ шығынды өндіру үшін де дәлел ретінде ауыл халқы суға ісінген төрт түлік өлікселерін қалай сақтарын білмейді. Тасқынға қатысты құрылған комиссия шығын өндіруді өлексеге қарап бағаламайтын болдық деп отыр. Сол себепті арам қатқан мал-мүлік өртеледі.
Ойыл ауданына қарасты Қаратал ауылының тұрғындары қарғын су келерде қорадағы ұсақ малды шығарып үлгермеген. Буаз сиыр мен бұзаулаған мүйізді ірі қара да ауыл ішінде қалыпты. Қазір енді өлекселері теңкиіп әр жерде жатыр. Суда қалған төрт түліктің іші ісіп, күлімсі иіс. Бір қызығы бір ауылға тексеруге келгендер өлекселерді сақтап қоюды тапсырыпты. Одан бөлек ағыспен кеткен мал шығыны қалай өндірілетіні де беймәлім.
Берсиев ауыл округінің Қараталындағылар тек төрт түліктің арқасында күн көріп отыр. Мал басын көбейту үшін несие алғандары да жетерлік. Шығынымызды еселеп алмасақ та, қорадағы ірі қарамыз бен қой-ешкімізді түгендеп берсе дейді.
Ал енді бір ауылдарда арнайы комиссия төрт түліктің шығынын ветеринарлардың тізімі бойынша түгендейміз деген. Яғни ағыспен кеткен малдың өлексесін іздеудің қажеті жоқ. Сондықтан ауыл ішіндегі өлекселерді дереу өртеуге тапсырма беріпті.
Ресми орынның мәліметі бойынша су тасқыны басталғалы бері сел басқан аймақтарда 69 елді мекенге әлі де көлік қатынай алмайды.
Су тасқыны басталғалы бері 96 мыңнан астам адам құтқарылған, оның 31 мыңнан астамы бала.
2823 адам ұшақпен құтқарылған, оның 865-і бала.
Уақытша пункттерге 7605 адам, оның ішінде 3474 бала орналастырылған. 82559 мал қауіпсіздік жерге шығарылған. Зардап шеккен өңірлерге 167935 келі гуманитарлық көмек жеткізілген. 8,5 млн астам текше метр еріген қар суы сорылды. 2 750 тұрғын үй мен 1 816 аула аумағынан су бұрылды.
Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына 24 295 адам, 2 655 бірлік техника, 469 су сору техникасы және 139 жүзу құралы, 10 әуе кемесі жұмылдырылды.
«10 сәуір таңертеңгі сағат 10:00-дегі жағдай бойынша Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 444 жеке тұрғын үй, 339 аула аумағы су астында қалған. Су шайған 105 автожол, оның ішінде 8 көпір мен 97 жол төсемі бақылауда тұр. 69 елді мекен көлік қатынасынсыз қалған».