Қызылордадағы Өнер орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен InnoFest Qyzylorda 2025 инновациялық идеялар фестивалінің ашылу рәсімі өтті. Оған ІТ, медиа және киноиндустрия саласында жетістікке жеткен танымал азаматтар мен жастар қатысты.

Фестивальдің негізгі мақсаты – аймақ дамуына қажетті инновациялық идеяларды қолдау, ІТ бағытына қызығушы жастардың жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік беру және жаңа есімдерді анықтау.

Рәсімде облыс әкімі аппаратының басшысы Әділхан Мұхамедияров қатысушыларды фестивальдің ашылуымен құттықтады.

– “Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бізге жасанды интеллект технологиясын дамытатын, оны күнделікті өмірге енгізе алатын мамандардың жаңа буыны қажет. Жастар ІТ саласын, стартап мәдениетін, жасанды интеллект пен Big Data технологиясын меңгерсе, Қазақстанның болашағы мықты болады» деп, алдағы үш жылда еліміздің цифрлы мемлекетке айналуы керектігін атап өтті. Қызылорда экожүйесі дамыған, цифрлы мүмкіндіктері бар жаңа заманның жаңғырған қаласы ретінде жасанды интеллект жобаларын батыл енгізетін аймақтардың бірі болуы керек. Бұл бағытта цифрлық технологияларды дамытуға әрдайым қолдау көрсетіліп келеді.

Шын мәнінде, InnoFest – мүмкіндіктер алаңы. Бүгін де араларыңыздан жасанды интеллектті жаңа деңгейге көтеретін, қазақстандық нейрожүйе жасайтын жас ғалымдар мен инноваторлар шығады деп сенеміз. Сондықтан өз идеяларыңызды нақты өнімге айналдырудан қорықпаңыздар! Біз сіздерді әрдайым қолдаймыз! Қатысушыларға сәттілік тілеймін!”, – деді Әділхан Мерекеұлы.

InnoFest 2025 фестивалі аясында өткен «Кино&Видео» секциясы қатысушылардың креативті ойы мен режиссерлік қабілетін шыңдауға мүмкіндік берді. Биыл бұл бағытқа 100-ден астам жас режиссер мен видеоөнер мамандары қатысты.

Қатысушылардың жұмыстарын еліміздің кино және медиа саласында танымал кәсіби мамандар бағалады. Олардың қатарында Өңірлік Коммуникациялар Қызметінің директоры Гүлнұр Бүркітбаева, актер, режиссер, тележүргізуші Дәурен Серғазин, блогер әрі сценарист Азамат Тұрсынбай, ПТК компаниясының СЕО маманы, әрі продюсер Ғани Әбдиев бар.

Бағалау комиссиясы жастардың тың идеялары мен шығармашылық көзқарасына жоғары баға беріп, кино саласындағы жаңа бағыттардың қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

Фестиваль аясында қатысушылар өз туындыларын көпшілік назарына ұсынып, тәжірибе алмасу мен кәсіби байланыс орнатуға зор мүмкіндік алды.

Қызылорда қаласында инновация мен шығармашылықты ұштастырған «InnoFest 2025» жастар фестивалі өз мәресіне жетті.

Биылғы фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен – Астана, Алматы, Жезқазған, Түркістан, Шымкент және Ақтау қалаларынан, сондай-ақ Қызылорда облысынан 1600-ге жуық қатысушы тіркеліп, өз жобаларын ұсынды.

Жастар үш бағыт бойынша бақ сынады:

Жасанды интеллект (AI) – 72 жоба

Бағдарламалық жасақтама (Software Development) – 71 жоба

Кино & Видео – 95 жоба

Қатысушылар саны мен қызығушылық бойынша ең белсенді бағыт – Кино & Видео секциясы болды.

Фестиваль қорытындысы бойынша үздік жобалар 5,4 млн. теңге жүлде қоры аясында марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар талантты жастарға Astana IT University, Халықаралық IT университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Болашақ университеті және Ашық университетінің гранттары табысталды.

Бас жүлде иегерлері:

• Software Development – Extrnos жобасы

• AI – Сұрыптаушы қоқыс жәшігі жобасы

• Кино & Видео – Фрилансер жобасы

Арнайы номинациялар бойынша ең жас қатысушы, үздік рилс және үздік видеообзор иегерлері де марапатталды.

InnoFest 2025 – жастардың инновациялық ойлау қабілетін, шығармашылық бастамасын және технологиялық сауаттылығын дамытатын маңызды алаңға айналды.

Фестиваль биыл да Қызылорданың жаңашылдыққа ұмтылған, мүмкіндіктерге бай аймақ екенін айқын көрсетті.

“Innofest 2025” – жастардың инновациялық ойлау қабілетін дамытып, ІТ, медиа және кино саласы бойынша 24 сағат ішінде идеядан прототипке дейін жоба жасауды мақсат етеді. Биыл байқауға 1 600-ге жуық жас ниет білдіріп, 250-ге жуық команда қатысты. Нәтижесінде, 9 жоба үздік деп танылды.

Қызылорда облысы әкімі аппаратының “Ақпараттық техноло­гиялар орталығы” КММ директоры Қанат Қараев:

– Фестивальге аймақ жастарынан бөлек Астана, Алматы, Жезқазған, Түркістан, Шымкент, Ақтау қалаларынан қатысушылар келді. Қатысушылар цифрлы сабақ жоспары, телефон алаяқтары, смарт туризм, сөйлейтін әліппе сынды көптеген жобалар ұсынды. Биыл фестивальде ІТ, медиа және киноиндустрия саласында жетістікке жеткен спикерлер шақырылып, олар жастармен шеберлік сағаттар өткізіп, идеяларды бірлесе талқылады.

Байқауда үздік деп танылған 9 жобаға жалпы жүлде қоры

5 400 000 млн. теңгені құрайтын қаржылай сыйақылар үлестірілді. Әр жеңімпаз командаға І-ші орын 1 000 000 теңге II-ші орын 500 000 теңге, ІІІ-ші орын 300 000 теңгенің қаржылай сертификаттары табысталды.

Kyzylorda Hub жетекшісі Жанарыс Түбекбаев:

– Фестивальдің негізгі мақсаты – аймақ дамуына қажетті жаңа инновациялық идеяларды қолдау, ІТ бағытына қызығушы жастардың жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік беру және жаңа есімдерді шығару. Дәл қазір біздің нарыққа креативті индустрияны қалыптастыратын азаматтар өте керек. Оның ішінде ІТ саласы ерекше маңызға ие. Жасанды интеллект бағытына деген сұраныс бар кезде біз үшін білікті де білімді жастардың жаңа жобалары әркез өзекті. Біздің жастар жасанды интеллект саласындағы жаңашылдықтарды меңгеріп, Кореяда білімін жетілдіруге мүмкіндік алады.

Айта кетсек, биыл фестиваль 5-ші рет өткізілді. 5 жыл ішінде ІТ бағытында өткізілген Inno.Fest, Smart City Kyzylorda Hackathon, Pecha Kucha, мастер-класстар секілді шараларға 10 мыңға жуық қатысушы тіркеліп, өз жобаларын ұсынды.

“Innofest 2025” жеңімпазы Нұрислам Айбекұлы:

– Мен Extrnos атты жоба жасадым. Бұл ұялы телефондарға арналған қауіпсіз жүйе. Жобаны жасауға 7 ай уақытымды жұмсадым. Ол андройд пен iOS-қа қарағанда мықты әрі қауіпсіз.

“Innofest 2025” жеңімпазы Диас Тасболат:

– Менің жобамның тақырыбы – сұрыптаушы қоқыс жәшігі. Жалпы менің экология саласында жүргеніме 6 жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында табиғатымызды жақсарту, қорғау мақсатында бірнеше жобаларға қатыстым. Сондай бір жобалардың бірінде ақпарат жинау үшін Белкөл кентіндегі қоқыстарды өңдейтін фабрикаға барған болатынмын. Сол кезде адамдар қоқысты қолмен сұрыптай­тынын көріп, дамыған заманға сай оны арнайы құрыл­ғылар­дың неге жасамасқа деген ой келді.

Осылайша, сол құрылғыны жасап шығардым.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған