Биыл Ата заңымыздың қабылданғанына – 30 жыл.
Осы аралықта Конституциямызға бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Ата заңымызда жарияланған заң үстемдігі, құқықтар мен бостандықтардың мүлтіксіз сақталу қағидаттары, әлеуметтік кепілдіктер мен жалпы адамзатқа ортақ жоғары құндылықтар әрбір азаматтың жанына жақын әрі түсінікті. Қазіргі кезеңдегі қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың конституциялық нормалары – бүкіл Қазақстан халқы үшін сенімді болашақты қамтамасыз ететін дәйекті даму мен жаңғыру үдерістерінің негізі.
Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізгі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші конституциясы. Алдыңғы конституция 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған болатын.
Конституция бойынша Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жариялайды, оның ең қымбат қазынасы-адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Қазақстан президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет.
Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық, ол билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдарға беру арқылы жүзеге асырады. Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы біздің бостандығымыздың негізі.
Д.Сағынбай
Қызылорда қаласы №2 сотының жетекші маманы