Брифинг барысында журналистер облыс әкімінен “Қайсар” футбол клубының ойыншылары екі айдан бері жалақы алмағаны жөнінде ақпарат тарағанын айта келе, әкімнен клубтағы жалақы мәселесі қашан шешілетінін және қанша қарызы бар екенін сұрады.
Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев:
– “Қайсар” футбол клубының қарызы – 2019-2020 жылдан бері келе жатқан қарыздар. Ол қарыздар жыл сайын ретімен төленіп келе жатыр. Қазір “Қайсар” клубы сенімгерлік басқаруға берілді. Сол азаматқа барлық қарызды жабу жөнінде талап қойдық. Ойыншылармен де үнемі кездесіп тұрамын. Олармен ондай әңгімелер болған жоқ. Өйткені кейбір қарыздар – әлі де тексеруді қажет ететін қарыздар. Оған қатысты қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Оның барлығы жалақы қарызы емес. Жалақы қарызы түгелімен шешілді деп те айтуға болады. Мысалы, жарыстарды ұйымдастыру барысында қонақүй қызметтері үшін белгілі бір компаниямен келісімшарт жасалған. Алайда сол компанияларға уақытында төлем жүргізілмеген. Енді ана компания міндетті түрде шетелдің қонақүйі болғасын төлейді ғой, бірақ ол жаққа қандай қаражат төледі, ал бізден қандай қаражат талап етіп отыр, артық талап етіп отыр ма, ол жерде сұрақтар көп. Қарыз көлемі толық анықталған жағдайда оны клубты сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер жауып береді…