Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев экологиялық мәселелерді талқылауға Сыр еліне жұмыс сапарымен кел­ген Парламент Мәжілісінің депутат­тары Еділ Жаңбыршин, Мархабат Жайымбетовпен және «Хуанрань Медикал» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, «Майжике Инвестмент менеджмент» компаниясының басқарма төрағасы Лю Бо, аталған компанияның тең төрағасы Юй Шимао, «Иньцзян Эко-пром» компаниясының басқарма төрағасы Е Вэйумен кездесті.

Басқосуға жауапты салалардың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшы­лары, халықаралық сарапшылар мен шетелдік компаниялардың өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы өңірдің инвести­циялық әлеуетіне, атқарылған жұмыс­тарға тоқталды.

– «Екі Мемлекет басшыларының сарабдал саясаты нәтижесінде қазақ-қытай қарым-қатынасында сенімді экономикалық серіктестік пен табысты мәдени-гуманитарлық байланыстар қалыптасты.

Қытай Халық Республикасы – Қызылорда облысының ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Өңірімізде қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалар мен сирек кездесетін жер элементтерінің қорлары бар. Еліміздің ваннадий қорының 66%,-ы мырыштың 16%,-ы қорғасынның 11% және уранның 15%-ы Қызылорда облысында орналасқан.

Аймағымыздағы әлеуеті зор 61 инвестициялық жобаның тизерлерін қарастырып, медициналық өнімдер шығаратын өндіріс орнын ашуға шақы­рамын. Сондай-ақ, Қызылорданың құрылыс саласындағы инвестициялық әлеуетін ескеріп, ламинат шығаруға қызығушылық танытудамыз. Облыс әкімдігі қажетті техникалық шарттарды алуға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», – деді Н. Нәлібаев.

Басқосуда қоршаған ортаны қалпына келтіру, суды тазарту, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу және қайталама шикізат негізінде құрылыс материалдарын өндіру бағытындағы жұмыстар да талқыланды.

Еділ Жаңбыршин қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін және жүйелі бақылауды талап ететінін атап өтті.

Қытайлық компаниялардың өкіл­дері сөз сөйлеп, қазақстандық кәсіпорын­дарда инновациялық шешімдерді ен­гізуге, қолданыстағы өндірістерді жаң­ғыртуға және экологиялық таза техно­логияларға негізделген жаңа өндіріс­терді құруға дайын екендіктерін білдірді.

Айта кетейік, 5-6 қыркүйекте Пар­ламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Қызылорда облысы әкімдігімен бірлесіп, жұмыс кеңесін өткізді. Іс-шараның мақсаты – экологиялық заңнаманың жекелеген нормаларының орындалу барысын зерделеу, оны жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу. Кеңесте Қызылорда облысындағы өзекті экологиялық мәселелер қаралды.

Мәжіліс депутаттары мен шетелдік қонақтар өнеркәсіптік нысандарды, «Өндіріс» индустриялық аймағын, құрылысы қарқын алған газтурбиналық электр станциясын аралап көрді.

* * *

Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин, Мар­хабат Жайымбетов, Қытай Халық Республикасының «Майжике Инвест­мент Менеджмент», «Хуанрань Меди­кал», «Иньцзян Эко-Пром» компа­ния­ларының өкілдері аймақтың инвести­циялық мүмкіндіктерімен танысты.

Облыс орталығындағы әлеуметтік нысандардың, өндіріс орындарының жұмысын көріп, олардың даму қарқынына оң баға берді.

Кездесу қорытындысында шетелдік қонақтар бұған дейін қалыптасқан өзара сенім мен бірлескен жұмыстың нәтижесін ерекше атап өтіп, Қызылорда облысы әкімдігі мен «Майжике Инвестмент Менеджмент» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Тараптар өңірде импортты ал­мастыруға бағытталған ірі инвес­тициялық жобаларды іске асыруға уағдаласты. Жоспарланған ынтымақ­тастық бірқатар стратегиялық саланы қамтиды. Атап айтқанда экологиялық жобалар, құрылыс индустриясына қажетті материалдар шығару және медицина.

Жаңа бастамалар Қызылорда облы­сының инвестициялық тартым­дылығын арттырып қана қоймай, өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, экологиялық жағдайды жақсартуға және медициналық қызметтің сапасын арттыруға елеулі үлес қосады деп күтілуде.

Делегация мүшелеріне аймақтың инвестициялық әлеуетіне бағытталған ауыл шаруашылығы, химия және тау-кен, тамақ, жеңіл өнеркәсіптерді қамтитын, жалпы құны 2,2 млрд. АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобалардың тизерлері ұсынылды.

Сонымен қатар Үкімет қолдауымен биыл Қызылорда қаласында құрылған «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Арнайы экономикалық аймақ­та инвестициялық жобаларды орна­ластырудың артықшылықтары, мемле­кет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары, салық жеңілдіктері мен басқа да преференциялар кеңінен таныстырылды.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған