«Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады».

Жолдаудан

Хабардар боларсыз, жолдаудың жаңғырығы басылмай жатып, әскери борышын өтеп жүрген, жасы жиырмаға толмаған жас өрен қаза тапты. Өз өлімімен емес – кісі қолынан, лейтенанттың оғынан.

7 қыркүйек күні Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында оқу-жаттығу жиыны кезінде 19 жастағы сарбазға оқ тиіп, қайтыс болды. Ақтау гарнизонының баспасөз қызметі «қаруды қолдану ережесін бұзу салдарынан» қатардағы жауынгер мерт болғанын хабарлады.

Ресми ақпарат бойынша кезекші лейтенант 9 мм МТ қаруынан (Макаров тапаншасы) рұқсатсыз оқ атып, оқ мерзімді әскери қызметтегі қатардағы жауынгер Б.- ның бетіне тиген. Сарбаз қалалық госпитальға жетпей, жолда қайтыс болған. Қазір қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Кейін қаза тапқан сарбаздың әкесі бейнеүндеу жариялап, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа талап қойды. Ол кінәлілер істі жазатайым оқиға ретінде жапқалы отыр деп күдіктенеді. «Баламның бетіне тигін тапаншадан шыққан оқ байқаусызда атылған деген қорытынды беріледі. Мұны оқыс жағдай деп отыр. Офицер тапаншаны ермек қылып ойнаған. Сөйтіп ол шүріппені абайсызда басып алған. Тапанша ату үшін алдымен, оны оқтау керек, сосын сақтандырғыштан шығарылуы керек емес пе? Ол қалай бірден атылып кетеді?» дейді ашынған әке.

Ең өкініштісі, бұл оқиға биылғы Президент жолдауынан бір апта өтпей жатып болды. 2 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне армия басшылығы жауапты екенін айтып, әскердегі тәртіпті күшейтуді тапсырды. Содан бері жолдауға қолдау білдірген сарапшылар мемлекет басшысының «әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады» деген сөзін алға тартып, енді әскерде бәрі тамаша болады деп сендіруде.

Кейінгі кезде әскери борышын өтеп жүрген жас сарбаз суицид жасады, немесе соққыға жығылып қайтыс болды деген ақпаратты көп еститін болдық. Бейбіт күнде бірінен кейін бір болып жатқан қыршын өлімдер, «ботам-ай» деп боздап қалған олардың ата-анасының зары сай-сүйегіңді сырқыратады.

«Әскерде ажалы келгендер өледі…»

Әрине, қазаға қайғырып жатқан да, әр істің әділ тергелуін сұрап, шырылдап жүрген де қарапайым халық. Ал шенділер қара басының қамын, мансабын ойлап, қылмысты жасыруға, реті келсе ешкімге білдірмей, жылы жабуға тырысады. Салдарынан әскердегі заңсыздық, әлімжеттік, қылмыс тыйылмай тұр. Жақсылықов бастаған министрлік пен Айдос Сарым сияқты депутаттардың «Әскердегі қылмыстар жыл сайын азайып келеді» дегеніне ешкім сенбейді.

Қазақстанда өрт, су тасқыны сияқты адам өміріне қауіпті тілсіз жаулар қатарына жол апаты мен әскердегі өлімді қосуға болатын шығар. Елімізде жылына 2 мыңға жуық адамның тағдыры тас жолда қиылады. Әрине, әскердегі өлім мұнша көп емес, бірақ мәжіліс депутаты Айдос Сарым айтқандай, «армияда күнде бала қырылып жатқан жоқ» деп қол қусырып қарап отыратындай аз да емес.

Ресми дерек бойынша 2020-2022 жылдары елімізде 259 әскери қызметкер қаза тапқан. Атап айтқанда, 2020 жылы 78 сарбаз, 2021 жылы 96 сарбаз, 2022 жылы 85 сарбаз көз жұмды. Бұл деректі былтыр Әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев жариялаған. Ол өлімнің 36 пайызы аурудан, 24 пайызы жол апатынан, 20 пайызы өз-өзіне қол жұмсау салдарынан екенін айтады.

Қорғаныс министрлігі кейінгі 2 жылда қанша әскери қайтыс болғанын нақты айтпай отыр. Ал 2021-2024 жылдары Ұлттық ұланда 12 мерзімді әскери қызметші, 10 офицер және 34 келісімшарт бойынша әскери қызметші қайтыс болған. Олардың туыстарына жалпы 329,5 млн. теңге өтемақы беріліпті. Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде 9 мерзімді әскери қызметші, 5 офицер және 17 келісімшарт бойынша әскери қызметші қаза болған. Олардың туған-туыстарына 398. млн теңгеден аса өтемақы төленген.

Жаныңды жабырқатар осы статистикаға қарамастан Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскерде әлімжеттік бар дегенді мойындамайды. Ол тіпті сарбаз өліміне әскер кінәлі емес деп санайды. Оның ойынша, әскерде екі жігіт шекісіп, бірі көз жұмса, бұл – армияның емес, тәрбиенің мәселесі. Жақсылықов бір сөзінде армияға аман барған сарбаздың аман қайтуына кепілдік бере алмайтынын айтқан. Иә, «Өмір деген жизнь, ал өмірде бәрі болады» екен.

Жақсылықов армиядағы өлімнің 99 пайызына әскери қызметтің қатысы жоқ екенін айтады. Оның ойынша, өлімге ауру-сырқау немесе оқыс оқиға себеп болады. Бірақ әскерге сап-сау аттанып, көп ұзамай күмәнді жағдайда қайтыс болған немесе мүгедек боп оралғандардың туыстары министрдің сөзіне сенбейді. Әскер алдындағы міндетті медициналық тексеруден сау өткен жігіттер неге әскерге барғанда ауру боп шығады? Егер денсаулығы жарамсыз адамды әскерге алған болса, оған да Қорғаныс министрлігі жауапты. Бұл жерде де таяқтың бір ұшы Жақсылықовтың өзіне тиеді.

Әскери прокуратураның есебінше, 2018-2022 жылдары 86 сарбаз суицид жасап, тағы 20-сы суицид жасауға әрекеттенген. Өмірде көрер қызығы әлі алда өрімдей жастар неге жаппай өз-өзіне қол жұмсайды? Министр Жақсылықов осының себебі анықталып, мезгілсіз қазаның алдын алғаны былай тұрсын, «суицидтің әскердегі борышын өтеуге қатысы жоқ, ол адамның өз ішіндегі мәселеден» деп, далаға сөйлеп жүр. Оның өз сөзімен айтқанда, армияда «ажалы келгендер» өліп жатыр.

Жақсылықов бәрі жақсы деп, енді құтылып кете алмайтын шығар. Өйткені басқа емес, Президент мәселе көтеріп отыр. Соған қарағанда, алдағы күндері «дегенмен мәселе бар» деген кейіпте бір мәлімдеме жасап қалар. Министр мойындамаса да қазақ әскері былыққа белден батып жатқанын бәрі біледі. Жұмбақ жағдайда көз жұмған сарбаздардың ұзын-сонар тізімін жасауға болады…

Біз кейінгі кезде қоғамда резонанс тудырған бірнеше оқиғаға тоқталып, әскердегі әлімжеттік құрбаны болған сарбаздар тағдырына да тоқталмақпыз.

Алмас Шахимовтың ісі

2022 жылы тамызда Алматыдағы Ұлттық Ұланның 5571 әскери бөлімінде қызмет етіп жүрген Алмас Шахимов көз жұмды. Тергеу нәтижесінде өлімге жазатайым оқиға себеп болды деген қорытынды шыққан, яғни полигонда дауыл соғып, сарбаздың үстіне шатыр құлаған.

Марқұмның ата-анасы бұған сенбей, 2023 жылы желтоқсанда эксгумация жасатты. Өйткені тергеуде біреулер марқұмның формасын, полигондағы бейнежазба сынды дәлелдерді жойып жіберіпті. Биыл мамырда эксгумация нәтижесі шығып, қайтыс болған әскеридің қолы, тізесі және аяғынан пышақ ізі, тұншығу белгісі және 26 дене жарақаты табылды. Сондай-ақ сарбаздың бүйрегі езіліп, бас сүйегі сынғаны, арқасына темекі шоғын басқаны белгілі болған.

Марқұм сарбаздың анасы бірнеше БАҚ беттеріне шығып, мәлімдеме жасады.

– «Қазір бірнеше экспертиза дайындалды, соның нәтижесін күтіп отырмыз. Екі жылдан бері әділдік іздеп келе жатырмыз. Сол экспертизалар нәтижесі шыққасын әрі қарай не болатынын көреміз. Экспертиза шықпай ештеңе айта алмаймыз. Әскери бөлім бізге айтқан өлім себебі өтірік болып шықты. Эксгумация бойынша балам сағат 19:00- де қайтыс болған. Ал дауыл 21:00-де болған, яғни дауылға өлімнің еш қатысы жоқ. Баламды сағат 21:35-те Қонаевтағы ауруханаға апарған.

Балам әскерге барған соң 4 күннен кейін Ерболат Шаназар атты офицер оның атынан несие алыпты. Ол ешқандай заңды жауапкершілікке тартылған жоқ, несиені төлегені үшін айыптан босатылды. Егер мен біреудің атынан несие алсам, заңға тартылатыным анық. Бірақ мына офицер жазасыз қалды.

Ал менің балам қайтыс болған бөлімде тағы екі жағдай болды. Бірі – қоғам назар аударып отырған Ербаянның оқиғасы, екінші – сарбаздың жүрегіне ота жасалуы. Бірақ әскери бөлім басшысына шаң жуытпайды, бәрі оқыс оқиға немесе денсаулық жағдайы. Ербаян соққыға жығылған соң Оспанбеков сияқты бөлім басшылары жазаға тартылмақ түгілі жалақысы жоғары басқа қызметке ауысып кетті.

Тоқаевтың Жолдауынан кейін іс әділ қаралатын шығар деп үміттеніп отырмыз. Алмастың өліміне жазатайым оқиға себеп болмағаны анықталып келеді. Экспертиза нәтижесін күтіп отырмыз. Қазір екінші адвокат алғалы жатырмыз. Басқа ақпаратты тергеу бітіп, іс сотқа жеткенде ғана айта аламыз», – деді сарбаздың анасы Индира Тоғанбаева өзінің сұхбатында.

Ербаян Мұхтардың ісі

2023 жылғы қыркүйекте Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде 21 жастағы Ербаян Мұхтар жұмбақ жағдайда ес-түссіз күйде табылды. Содан бері жас сарбаз есін жиған жоқ, төсекке таңылып жатыр. Басының бір бөлігін алып тастаған. Ас-суын өзі іше алмайды, өздігімен қозғала алмайды. Жақсылықовтың «денсаулық жағдайына байланысты…» дейтін сылтауы дәл осы Ербаянға жүрмейді. Он екі мүшесі сау, кәсіпқой спортшы болып жүрген өрімдей жастың бүгінгі күйін көрген барша жұрт тіксініп отыр. Ал әскери басшылық көне әдетіне басып, сарбаз әжетханада құлап, унитазға басын ұрып алды деп ақталады.

– «Баламның бұл күйге түсуіне кінәлілер анықталған жоқ. Қазір бірінші орынға баланың денсаулығын қойып отырмыз. Іс тоқтап тұр. Бірақ жауапты органдарға, Президентке арыз жазып, істі әділ қарауды сұрадық. Бәрінен бақылауға алдық деген жауап келеді, бірақ ештеңе істеп жатқан жоқ. Бізге ешкім хабарласпады.

Жақында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова журналистерге сұхбат беріп, Ербаянның жағдайын бақылауға алғанын айтыпты. Бірақ оның нені бақылауға алғанын білмеймін. Балам алғаш құлағанда осылай айтқан, сол сөзді әлі қайталап жүр. Бірақ еш көмегі тиген жоқ. Әлназарованың сөзіне ашынып отырмын, осындай сөзді қалай айтады олар?

Кеше заңгерім министрмен сөйлесті. Әлназарова шетелге емге бара жатқанымызды біледі, соған көмек қолын соза ма дегенбіз. Бірақ олай болған жоқ, тек нейрохирургиялық орталыққа жатқызуды ұсыныпты. Мен орталыққа не деп жатқызамын? Алматыдан әкелген кезде бір ай жүгіріп, баламды жатқыза алмаған едім. Енді несін шақырып отыр? Сол үшін мұндай көмектен бас тартамыз. Шынымды айтсам, баламды мынадай жағдайға жеткізген үкіметтен еш көмек күтпеймін, сеніп тапсыра алмаймын. Енді-енді денесіне ет жинап, жақсы болып келе жатқанда олардың қолына бергім келмейді. Олар тағы не жасап тастайтынын кім білсін?!» – деп жазды сарбаздың анасы Гүлсім Қамиева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Нұржігіт Әбділпаттаның ісі

Биыл 9 маусымда Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімде борышын өтеп жүрген 19 жастағы Нұржігіт Әбділпатта ауруханаға түсті. Әскери полиция қызметкері сол күні түскі сағат 12:00 шамасында анасына хабарласып, «балаңыз ЖРВИ диагнозымен әскердегі медпункке түсті» деп хабарлаған. Анасы сол кездің өзінде ұлына әскерде әлімжеттік жасағанын болжады.

Нұржігіттің оқиғасы сәл басқаша. 20 күн комада жатып, есін жиған сарбаз болған оқиғаның бәрін өзі баяндап берді. Шенділердің ЖРВИ диагнозы деген әңгімесі бос сөз болып, оны сержант соққыға жыққаны белгілі болды.

– «Соққыға жыққан сержанттың есімі – Дастан. 6 маусым күні тамағым ауырып, өзімді жайсыз сезіне бастадым. Сол кезде сержанттың жаныма қалай келгенін байқамай қалдым. Кеудеден төмен, өкпеден ұрды. Мен еңкейіп, тыныс ала алмай қалдым. Сосын ол мені бір-екі рет тыныс жолынан ұрды. Осыдан кейін әскерде жағдайым нашарлай бастады. Жүгіргенде ең соңынан келетін болдым. Бірнеше күн дұрыс тамақтана алмадым. Ол мені жайдан-жай ұрды», – дейді сарбаз.

Ал оның туысы Тимурдың айтуынша, жұдырығы жуан сержант ұсталыпты.

– «Нұржігіттің қазіргі жағдайы жаман емес, реабилитациялық курстан өтіп жатыр. Күш көрсеткен сержант қамауға алынды, сот әлі болған жоқ. Медициналық экспертизаны күтіп жүрміз»- дейді ол.

Бұл Қазақстан армиясында болып жатқан сұмдық оқиғалардың жұртшылыққа жария болғаны ғана. Біз баста 3 жылда 259 әскери қызметкер түрлі себеппен көз жұмғанын жаздық. Оның көбінің нақты себебі анықталған жоқ. Егер әділ тергеу жүрсе, аса қатыгездікпен қаза тапқан сарбаздар ісін «жазатайым оқиға» деп жаба салатын шенділер аяқ тартар еді. Бірақ сарбаздар өліміне атүсті қарап, «ажалы келді» деп күліп жүрген Руслан Жақсылықов бұған ынталы емес. Оған әскердің амандығы емес, статистикасының мінсіздігі ғана керек шығар…

Иә, президент «мемлекетке сеніп тапсырады» дейді, ал Ербаянның анасы «Үкіметке сеніп тапсыра алмаймын» дейді…

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған