Қазалы ауданындағы Әлсейіт көпірі мен Бекарыстан би ауылы арасындағы жолды жөндеу жұмыстары басталды.
Биыл жыл соңына дейін Қазалы ауданы бойынша жақсы және қанағат тандырарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 92 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Осыған сәйкес бүгінде аудан аумағындағы жоспарланған жол жөндеу жұмыстарының бірқатары басталып кетті. Соның бірі – Әлсейіт көпірі мен Бекарыстан би елді мекенінің аралығындағы 6,5 шақырымды құрайтын жолға күрделі жөндеу жұмыстары.
Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет елді мекенге арнайы барып, аудандық маңыздағы жол құрылысы жұмыстарын көрді. Сондай-ақ мердігер мекеме «Қазалы Жолшы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жауапты өкілімен кездесіп, жолдың бекітілген стандартқа сай сапалы болуын қадағалауды қатаң ескертті. Сонымен қатар, жол құрылысы өз мерзімінде аяқталу керектігін айтып, тиісті сала басшысына жол сапасын күнделікті бақылауды тапсырды.
Аудан әкімдігі ресми парақшасынан