Энергетикалық сусындар көптеген қазақстандықтардың күнделікті өмірінің үйреншікті бөлігіне айналды. Оларды мектеп оқушылары, студенттер, жүргізушілер, кеңсе қызметкерлері және басқа да мамандық иелері шаршау, ұйқының қанбауы мен жоғары жұмыс жүктемесін еңсеру мақсатында тұтынады. Алайда қысқа уақытқа сергектік сыйлайтын бұл сусындардың артында адам денсаулығына төндіретін қауіптер жасырын болуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселе қоғам мен мемлекеттің назарын аударуды талап етеді.

«Әкелер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстан аумағында энергетикалық сусындарды өндіруге, коммерциялық мақсатта импорттауға, көтерме және бөлшек саудада сатуға, соның ішінде интернет арқылы сатуға және жеткізуге толық тыйым салу туралы бастама көтерді.

Қоғамдық бірлестік өкілдерінің пікірінше, қолданыстағы шектеулер мәселені толық шешпейді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған тұлғаларға сатуға тыйым салынды, ал 2026 жылдан бастап бұл өнімдерге акциз салығы енгізілді. Бұл шаралар нарықты реттеу бағытындағы белгілі бір қадамдар болғанымен, энергетикалық сусындардың ересек тұтынушылардың денсаулығына ықтимал кері әсерін жоймайды.

«Бізді энергетикалық сусындарды тұрақты тұтынудың ұзақ мерзімді салдары қатты алаңдатады. Әңгіме бедеулікке, қатерлі ісікке, жас жаста инфарктке шалдығу қаупіне және өмір сүру ұзақтығының қысқаруына қатысты болып отыр», – делінген «Әкелер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Күзембай Бекдайыр Нығметұлының бейнеүндеуінде.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған