Заңға құрмет – тәртіптің бастауы, ал тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі. Жас ұрпақтың бойында заңға бағыну, өзгенің құқығын құрметтеу, жауапкершілік пен әділдік қасиеттерін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Осы мақсатта Б. Шалғынбаев атындағы №217 IT-мектеп-лицейінде жасөспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және бала тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілікті нығайту бағытында «Қауіпсіз ұрпақ: ашық диалог, ортақ шешім» тақырыбында ашық алаң ұйымдастырылды.
Іс-шараға арнайы шақырылған сала мамандары мен жасөспірімдердің ата-аналары қатысты. Атап айтқанда, Қызылорда қаласы Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі полиция капитаны Әсем Сейтқалиқызы, Дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Ерубай Асхат, Қызылорда облыстық психологиялық қолдау орталығының психологтары Бабаомарова Гүлдана Ергешбайқызы мен Өмірбекова Сандуғаш Бағдатқызы өз бағыттары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісті.
Кездесудің негізгі мақсаты – «Заң мен тәртіп» қағидатын жас ұрпақ санасына сіңіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және бала қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді бірлесе талқылау.
Ашық диалог барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, интернет алаяқтықтан сақтану, буллинг пен кибербуллингке қарсы күрес, діни сауаттылық, психологиялық қолдау, сондай-ақ ата-ана мен бала арасындағы өзара сенім мен тиімді қарым-қатынасты қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды.
Полиция өкілі жасөспірімдер арасында кездесетін құқық бұзушылықтардың салдары мен оның алдын алу жолдарына тоқталып, заң талаптарын сақтау әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті. Сонымен қатар интернет кеңістігінде кездесетін алаяқтық әрекеттерден сақтану, жеке деректерді қорғау және күмәнді ұсыныстарға сенбеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесу барысында ата-аналар да белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан тұшымды жауаптар алды. Еркін пікір алмасу алаңында бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, жасөспірімнің қауіпсіздігіне бейжай қарамау және туындаған мәселелерді бірлесе шешудің маңыздылығы талқыланды.
«Заң мен тәртіп» – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты қағидаты. Заңды білу, өз құқығы мен міндетін түсіну, өзгенің құқығын құрметтеу және әрбір әрекетке жауапкершілікпен қарау жасөспірімнің азаматтық ұстанымын қалыптастырады. Бұл бағыттағы тәрбие тек мектеп қабырғасымен шектелмей, отбасында да жүйелі жалғасуы қажет.