Мемлекет басшысы басымдық беріп отырған «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың және қауіпсіз орта қалыптастырудың негізгі тетігі болып табылады. Осыған орай кешегі өткен Үкімет отырысында «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
– «Заң мен тәртіп» – қазіргі таңда ең жоғарғы конституциялық деңгейде бекітілген мемлекетіміздің негізгі қағидаттары. Президентіміз үнемі айтатындай, нағыз патриот ол – бірінші кезекте заңға бағынатын, тәртіпті сақтайтын, тазалықты бағалайтын, табиғатты аялайтын еңбекқор, білімді азамат. Сондықтан дәл осындай құндылықтарды бәріміз кеңінен насихаттауымыз, ілгерілетуіміз қажет. Тәртіп болмаса, елімізде экономикалық, әлеуметтік, саяси, басқа мақсаттарға қол жеткізу мүмкін емес», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық еткен жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты. Отырыста мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды дамыту, құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық қауіпсіздік жүйесін цифрландыру және құқықбұзушылықтың алдын алу бағыттары сөз болды.
Осы негізде Үкімет отырысында көтерілген маңызды мәселелерді назарға алып, одан бөлек аймақ көлемінде соңғы уақытта болған келеңсіз жәйттерге байланысты облыс әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы жиын өткізді. Онда аймақ басшысы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, профилактикалық шараларды жүйелі жүргізуді міндеттеді. Қызылорда облысында құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, білім беру ұйымдарының директорлары мен ата-аналар комитеттері төрағаларының басын біріктірген осы жиында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жауапты органдардың жұмысын жандандырып, құқықбұзушылықтың салдарымен күресуден гөрі оның алдын алуға басымдық беру қажеттігін қадап айтты. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жастар арасындағы құқықбұзушылық, жол қозғалысы ережелерінің сақталуы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударды.
Ресми мәліметке зер салсақ, соңғы төрт жылда жергілікті бюджеттен полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға 65 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінген екен. Бұл өңір тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін көрсетіліп отырған қолдау екенін әкім де атап өтті. Алайда, нақты мақсаттан гөрі, жол көлік ережесі мен ондағы айыппұлдарға басымдық беретін күштік құрылымдағыларға жергілікті тұрғындардың назы да жоқ емес.
Одан бөлек, облыс әкімі жиын барысында қажет болса, кадрлық құрамға өзгеріс енгізіп, жұмыс істемейтін жауаптылар орнын босату қажеттігін жеткізді.
Қызылорда облысының әкімі Мұрат Нәлқожаұлы:
– Жыл басынан бері 1915 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда 8,8 % төмендеген. Дегенмен статистиканың жақсаруы жұмысты босаңсытпауы тиіс. Әсіресе балалардың, жасөспірімдердің қатысуымен болатын оқиғаларға мүлде бейжай қарауға болмайды.Соңғы апталардағы оқиғалар осы бағыттағы жұмысымызды қайта қарауды талап етеді.
Әрқайсымыз жүктелген міндетімізді толық орындап, жауапты органдар өз құзыреті шегінде әрекет етіп, ортақ мақсатқа жұмылуы тиіс. Ол үшін күнделікті тәртіп, жауапкершілік, өзара үйлесім мен нақты нәтиже керек.
Тұрғындар өзінің қауіпсіздігіне сенімді болып, балаларының амандығына алаңдамауы қажет. Біздің мақсатымыз – есеп үшін жұмыс істеу емес, халықтың тыныштығын қамтамасыз ету. Осы міндетті бәріміз бірдей түсініп, жауапкершілікпен атқаруға тиіспіз», – деді.
Осы орайда, басқосуда сөз алған Қызылорда облысының әкімі М.Нәлқожаұлы облыстық Полиция департаментінің бастығы Серік Жүрсінбайұлына қарата ең алдымен адам өмірі қымбат, оның ішінде баланың өмірі мың есе бағалы екенін айтты.
– Серік Жүрсінбайұлы, сізге қатаң ескерту! Мәселелерді қолға алыңыз! Қызмет талап етіңіз! Болмайды бұл! Бір айдың ішінде төрт оқиға. Өткенде көтерілді, айтылды, нәтиже жоқ! Жұмыс істемейтіндер болса, орнын босатсын! Әрбірінің лауазымы емес,бізге ең бірінші, адам өмірі қымбат, оның ішінде баланың өмірі мың есе бағалы! Ең басты мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қоғамдық тәртіпті сақтау, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету күнделікті бақылауда болуы тиіс.

Сондай-ақ, Мұрат Ергешбаев облыстық білім басқармасы басшысы Асқарбек Есжановқа қарата облыс көлеміндегі білім ошақтарындағы қауіпсіздік шараларына зер салу қажеттігін тапсырды.
Асқарбек Темірбекұлы, өзіңіздің тәрбие жұмысына жауапты орынбасарыңыз Ізімбетов Әзизбек Жәнібекұлына сөгіс жариялауға, № 222 орта мектептің директоры Бағдат Тынысбайұлы, № 271 орта мектептің директоры Шынар Байділдаеваның жұмыстарына қатысты арнайы тексеру жүргізіп, қызметке сәйкестігі қаралсын!, – деп жиын барысында басқарма басшысына сөзден іске көшетін мамандарға басымдық беру керектігін жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша қала және аудан әкімдеріне құқық қорғау органдарымен бірлесіп, профилактикалық жұмыстарды жандандыру және рейдтік іс-шараларды тұрақты негізде өткізу міндеттелді. Одан бөлек, қаладағы жастар көп шоғырланатын орындарда, ойын-сауық нысандарында және құқықбұзушылық қаупі жоғары аумақтарда қауіпсіздік шаралары күшейтілмек. Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп, проблемалық аумақтарда жаяу патрульдеуді ұйымдастырып және учаскелік полиция инспекторларының тұрғындармен байланысы нығаяды.
Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерде және мектептен тыс ортада буллинг пен өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына да басымдық берілмек. Бұл ретте тәуекел тобындағы балалармен және олардың ата-аналарымен жеке жұмыс жүргізуге, полиция, білім беру ұйымдары, психологтар мен әлеуметтік қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіруге зер салынады.
Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларды дер кезінде анықтау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жауапты органдардың жұмысына талдау жүргізіледі.