▪️2022 жылы Қызылорда қаласының 70 жастағы тұрғыны К.-ның үйі 19 млн теңгеге жасалған сатып алу-сату шарты негізінде басқа адамның атына рәсімделген.

▪️Алайда әйел үйін сатуды мүлдем жоспарламағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, ұлы қарызға ақша алған, ал үй сол қарызды қамтамасыз ету үшін кепілге қойылған.

▪️Жасының ұлғаюына, сондай-ақ есту және көру қабілетінің нашарлауына байланысты К. нотариуста тұрғын үйді сату туралы емес, оны кепілге қою туралы құжаттарға қол қойып жатырмын деп ойлаған.

▪️Ол үш жарым жыл бойы өз үйінде тұрып, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеп келген және тұрғын үйдің заң жүзінде басқа адамның атына рәсімделгенін білмеген.

▪️Үйді сатып алушы К.-ны және оның отбасы мүшелерін тұрғын үйден шығару туралы талап арызбен сотқа жүгінген.

▪️Өз кезегінде К. үйді сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы қарсы талап қойған.

▪️Сот сатып алу-сату шартының іс жүзінде қарызды қамтамасыз ету құралы ретінде пайдаланылғанын анықтады. Сонымен қатар сот тұрғын үйді әдеттегі сату жағдайына сәйкес келмейтін бірқатар мән-жайларға назар аударды.

▪️Атап айтқанда, сатып алушы үш жарым жылдан астам уақыт бойы үйге талап қоймаған, оны пайдаланбаған және тіпті үйге келмеген. Осы уақыттың барлығында әйел отбасы мүшелерімен бірге даулы үйде тұрып, оны күтіп-ұстау шығындарын өзі көтерген.

▪️Сот сондай-ақ 19 млн теңгенің әйелдің ұлына сатып алушының әкесі тарапынан қарыз ретінде берілгенін анықтады. Дәл осы қарызды қамтамасыз ету мақсатында даулы мәміле рәсімделген. Сонымен қатар 2023–2024 жылдары «сатып алушыға» 4 млн теңге қайтарылған.

▪️Іс материалдарын зерделей келе, сот К.-ның өз үйін іс жүзінде басқаға беруге ниеті болмаған деген қорытындыға келді. Ал сатып алу-сату шарты тұрғын үйді нақты сату мақсатында емес, қарыз қаражатын қайтаруды қамтамасыз ету үшін жасалған.

▪️Нәтижесінде Қызылорда қаласының соты сатып алу-сату шартын жарамсыз деп танып, қарт әйелдің тұрғын үй құқығын қалпына келтірді.

▪️Сонымен қатар мәмілені рәсімдеу кезінде анықталған бұзушылықтарға байланысты сот Әділет департаментінің басшысының атына жеке ұйғарым шығарды. Ведомствоға жекеше нотариустың әрекеттеріне құқықтық баға беріп, анықталған кемшіліктерді жою тапсырылды.

▪️Апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттар бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Материалдарды пайдалану, дәйексөз келтіру немесе қайта жариялау кезінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми дереккөзіне міндетті түрде сілтеме жасау қажет.

#заңжәнетәртіп

https://t.me/kzlsud

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған