Қызылорда облысы әкімі Мұрат Ергешбаев коммуналдық мекемелер қызметі бойынша «Алсеконың» бірыңғай төлемдеріне байланысты тұрғындардың арыз-шағымына орай жиын өткізді.

Бірден айтайын, цифрлы бір көзден төлейтін жүйе басқа қалаларда бар, газ, су, жарық, қоқыс шығару төлемдерін бір көзден төлеу елімізде енгізіліп жатыр.

Бірақ мәселе неден туындап отыр деген сұрақты нақты анықтаған дұрыс шығар, жиын да соған байланысты өткізілді деп ойлаймын.

Тағы бір бірден айтатын мәселе, мен өзім тексердім, салыстыру актісінен кейін есептегіш көрсеткішімен сәйкессіздік, немесе артық қаржы есептеу жоқ, яғни сәйкес.

Онда мәселе неден туындап отыр?

Тұрғындар сұрақтарынан бастасақ:

1. Неге басқа адрестің төлемдері маған келіп тұр?

Бұл қаладағы үйлердің адресі осы кезге шейін бір жүйеге келмеуінен және әр мекемеде әртүрлі адрес қолданылуынан. Мысалға менің өзімнің үйім СПМК 70, 13, одан кейін Баймаханов көшесі 13, одан кейін Ақирек тұйығы 6 болып өзгерді, яғни қазіргі Баймаханов 13 үйіне менің, немесе маған басқаның қарызы келуі мүмкін, себебі коммуналдық мекемелер базасында бұрынғы адрес қалып қоюы мүмкін, содан да меке­мелерде ол бөлек, «Алсекода» бөлек.

Мысалға Тасбөгетте үйлер нөмірленуі екі жағынан бірдей басталатын болса, қалаға қосылу себепті кейде такси шақырсаң Абай көшесін Тасбөгет жақтан көрсетіп тұрады, яғни қалада екі Абай, екі Мұратбаев сияқты мекенжайлар бар. Қалада да Байқоңыр көшесі екеу еді, Жүнісов көшесін әлі Көкшетау атап жүрміз. Жаңа мөлтек аудан үйлерінің нөмірленуі мен атауы өзгеруіне байланысты да осындай мәселе туады. Бұны реттеу қажеттігі жөнінде жазғанымызға да 10 жылдан асты, енді міне алдымыздан шығып отыр.

2. Былтырғыға қарағанда жарыққа төлем неге артып кеткен?

Бұл мәселе, мысалға жаздағы ыстықтан кондиционерге энергия көп жағудан болса, онда бір адамға шаққанда 70 квт-тан артық жаққан энергияға сараланған тарифтің жоғары тарифі қолданылуынан болуы мүмкін. Оны қанша жаққаныңызды, қандай тарифпен төлеп отырғаныңызды, “Алсеко” ПДФ квитанциясында барын, содан көруге болатынын көбіміз әлі білмейміз. Содан да неге төлеп жатқанымызды қайдан көре аламыз, неге квитанция жоқ деген сұрақтар туындап отыр.

3. Осы жерден, ЕҢ МАҢЫЗДЫ 3 мәселе шығып отыр, яғни цифрлы жүйе қолданудан тұрғынға бір квитанциямен төлем жасап жеңілдетеміз дегенмен, «Алсеко» тек мекеме берген есептегі қаржыны цифрлы жүйемен бір төлеммен жинап, оны мекемелерге бөліп берумен ғана айналысады, яғни «Алсеко» қарызыңызды, тарифті, көрсеткішіңізді есептемейді, оны есептеп беретін су, жарық, газ, тазалық мекемелері.

Яғни егер сіз келген сомамен, не­месе көрсеткішпен келіспеген жағдайда газ, жарық, су, тазалық сияқты 3-4 мекемеге өзіңіз барып, сандалып дәлелдеу қажет болады. Олай болса бұл цифрлы жүйенің тұрғындардың жұмысын жеңілдетуі қаншалықты деген сұрақ туады және бұл сұрақ қойылды және оны реттеу ұсынылды.

4. Жазда мекемелер бірыңғай төлем жүйесіне көшеміз деп әр үйді аралап, есептегіштердегі көрсет­кіштерді тексерген кезден салыстыру актісін жасасып, одан кейін шот келгенде оның дұрыстығын тексеріп отырсақ түсінбестік, неге артық төлеп жатырмыз деген сұрақ та тумас еді. Яғни қаңтар айынан бастап сондай түсіндірме жұмыс жасалуы керек еді.

«Алсеко» Қазақстанда Астана, Ал­маты қалалары мен бірқатар облыс­тарда да осы кезге дейін бұл жұмысты жасап келген, яғни бұндай жағдай басқа жерлерде де орын алған, сондықтан жағдайдың алдын алуы керек еді, не болмаса ертең осындай жағдай туындайды, ондай практикамызда болған, сондықтан ерте қамданайық деп мекемелермен бірлесе жұмыс бастап, ақпаратын тұрғын­дарға жеткізуге өзі де атсалысуы керек еді.

5. Бірнеше мекеменің төлемі бірге келгесін төлем сомасы өте көп сияқты көрініп отыр, оған тарифтің қымбаттағаны тағы бар.

Тағы бір жайт, есептегіш көрсеткіші түспесе бұрынғы орташа көрсеткішпен шот қойылуы мүмкін, ал мекемеден есептегіш көрсеткішін сұрайтын, жинайтын қызметкерлер ауысып кетіп отырады. Адам тұрмайтын үйден неге су, жарыққа қарыз келіп тұр деген сұрақ осыдан туындап отыруы мүмкін. Сондықтан әрбір тұрғын ауданға көрсеткіш жіберіп отыратын үнемі бір телефон нөмір болса, контролер ауысса да сол нөмір қалса дұрыс болар еді. Әйтпесе қызметкерлер екі-үш ай сайын ауысып кетсе кімге жібереріңді білмейсің. Бұл енді мекемелердің реттейтін жұмысы.

6. Төлеген ақшам қайтадан неге қарыз болып шығып тұр?

Бұл қаржының түскен, есептеуге жаңарту жасалатын күніне байланысты деген айтылды. Бірақ, мысалға Кас­пийде қаржы салсаң, не алсаң, хабар­ламасы сол бойда секунд болмай келіп тұрады. Ендеше «Алсеко» жүйесінде ондай бірден жаңарту неге жасалмаған, неге жасамайды деген де айтылды. Иә, коммуналдық төлемге Каспийден қаржың түскені көрініп тұрады, бірақ ол коммуналдық тарифтерден жаңарту жасалғасын көрінсе қаржым түспеген ба деген сенімсіздік, күмән туады. Сондықтан бұл жаңарту мәселесі де шешілуі тиіс.

7. Мысалға кей адамдар бұрын Каспиймен төлеп отырса, ақпан айынан ол шот келмеген, яғни қазір сол айлардың жиналған қаржысы бірден келеді, ал оны бірден төлеуге кейде халықтың шамасы келмей қалуы мүмкін және көп сома болғасын тағы түсінбестік болуы мүмкін.

8. Оған енді жылу маусымы бас­талғасын газ төлемі қосылады, ал ол аз қаржы емес. Қазіргі туын­даған дау ол кезде ойыншық болып қалуы мүмкін, жиында бұл да айтылды.

9. Көп адам «Алсеко» есебінде ПДФ форматта төлемнің әр сала бойынша есебі тұрғанын, жаққан квт, оның тарифі, сомасы, яғни квитан­циясы тұрғанын біле бер­мейді, мүмкін оны ашып қарау да кейбірінің қолынан келмеуі мүмкін, ол үшін ПДФ ашатын қосымша жүктеп алу қажет, ол телефонмен оңай.

10. Егер халық «Алсекоға» өтіп, қалғаны бұрынғыша төлем жасай­мыз десе тағы былық болмай ма? Өйткені шот екі жақтан да келуі мүм­кін ғой, желіде мысалға «Тазалық» та, «Алсеко» да шот жіберіп отыр, қай­сы­сына төлейміз деген сұрақтар болды.

11. Адам тұрмайтын үйге неге жарық, суға төлем келіп отыр? Бұл мәселе де әрбір абонент бойын­ша нақты есептеліп шешілуі тиіс.

Міне осы мәселелердің бәрі айтылды.

Біз бәрібір осындай бір көзден төлейтін цифрлы жүйеге өтетін сияқтымыз, өйткені ол басқа да қалаларда енгізіліп отыр.

12. Қазір “Алсеко” қызметіне тұрғындардан немесе тариф арқылы сома қосылып отырған жоқ, бірақ кейін тариф қарау кезінде ол ұсынылуы мүмкін екендігі КРЭК басшысы хабарламасында айтылды. Осы ретте ол өзге өңірлерде қаншамен қосылып отыр және әр мекемеге байланысты тарифке қосылуы мүмкін бе деген сұрақ туындайды. Оған жауап, «Алсеко» қызмет ақысы барлық мекемеге жазылған бір квитанцияға ғана алынады, яғни бұрынғы 3 мекемеге төлеген қызметке, квитанцияға ақы алынса, енді ол үшке бөлінуі керек шығар. Бұны енді антимонополия тариф қарау барысында ескеру қажет.

Енді не істемек керек?

1. Ең бастысы халық «Алсекоға» төледі ме, егер ондағы көрсеткіш есептегіштен артық болса, немесе тұрғын оған сенбей, солай деп тапса және оған нақты есептегіш көрсеткішімен дәлелі болса, КРЭККЕ, не Горсетьке, неме­се «Су жүйесі», «Тазалық «меке­месіне барып сандалып, оны ДӘЛЕЛДЕП ЖҮРМЕУІ КЕРЕК. Оны сол шот жіберген «Алсекоға» дәлелдеп, ал «Алсеконың» өзі газ, свет, су мекеме­лерімен растығын дәлелдеп, қайта есеп жасайтын жүйе жасауы тиіс. Онсыз бұл бір төлем жүйесі халықты сандалтпаса, уақытын үнемдемейді.

2. Сонымен қатар қайта есептеу мекеме абоненттерінде туындаған мәселелерді шешу үшін сол сұрақ туындаған мекемелер мен «Алсеко», соның ішінде жоғарыдағы мекенжай қателіктері, адам тұрмайтын үйдің жарығы мен суына неге төлем келіп тұр деген сияқты мәселелерді дереу бірлесіп шешуді қолға алу қажет.

Бұл жерде Қызылордада «Алсеконың» офисі жоқ, яғни жүйе толық цифрлық форматта, сондық­тан туындаған мәселелерді шапшаң шешу үшін бастапқы кезеңде чат бот сияқты мәселе шешетін ортақ орын болуы керек. Мүмкін ол жедел желі бола ма, не болғанда да реттеп жолға қоюға жұмыс жасалуы тиіс.

3. Сонымен қатар «Алсеко» қосым­ша­сын, ондағы шот тал­дауларын қалай көруге, қолдануға болатыны жөнінде халыққа түсінікті тілде жеткізілуі тиіс.

Облыс әкімі нақты осындай тапсырмалар берді.

4. Тұрғындар үйде қанша адам тіркеліп тұрған анықтамасын алып, тіркету қажет, немесе шот­тан көп, аз жағатынына қарап өзіне тиімді тарифты таң­дап алуы қажет. Міне осы мәсе­ле­лерді реттеп отыру үшін бар­лығы қатысқан, проблемалық мәселелерді жедел шешетін телеграм бот қажет.

Бұл жүйенің артықшылықтары қандай?

1. Егер жоғарыдағы мәселелер шешілсе бір төлеммен және бір жерден барлық тарифтер мен төлемдерді көріп отыруға болады.

2. Мекемелерге түсіп жатқан қаржыны бақылау, бір жерден есеп айырысу мүмкіндігі бар.

3. Мекемеде Абоненттік касса, есеп айырысу қызметтерін ұстап отыру қажеттігі жоқ.

4. Қосымшадағы тарихтан қай кезде қанша пайдаланғаныңызға қарап, көріп қаржы жоспарлау, анализ жасау мүмкіндігі бар.

“Алсеко” мен коммуналдық мекемелер, Басқармалар бірлесіп жасауы тиіс, әйтпесе тұрғындар тарапынан бұл жүйе жалпы керек пе деген сұрақ та туындауы мүм­кін.. Көбісі қазір керегі жоқ дейтіні сөзсіз, бірақ жүйе енгізіліп қойылды, цифр­лы жүйе барлық өңірлерде енгізілетін болса біз бәрібір оған көшуімізге тура келе­ді. Екіншіден біз жаққан, қолдан­ған су, жарық, жылу қарызын бәрібір төлейміз, ал егер қате шот болса оны жөндеуге болады.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған