Халықаралық ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп, құбылып, тұрақсыздық белең алғанын көріп, біліп отырсыздар. Бұл жағдай жаһандық экономикаға орасан зардабын тигізіп жатыр. Халықаралық валюта қоры мен Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырлы агенттіктерінің болжамы бойынша алдағы екі жылда әлем қауымдастығы, соның ішінде жекелеген мемлекеттер экономикалық жоспарларын жүзеге асыру кезінде едәуір қиындыққа тап болуы мүмкін.
Бірақ еңсені түсіріп, үрейге бой алдыруға болмайды. Үкімет елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін барынша белсенді және ширақ жұмыс істеуге тиіс. Инфляцияны тежеп, оны мейлінше төмен деңгейге жеткізген жөн, сондай-ақ экономиканың қарқынын төмендетпей, керісінше, оның көрсеткіштерін ұлғайту қажет.
Бәріңізге белгілі, ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алады. Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Себебі, бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз. Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінен ықшамдалды